Ошия 8
Халықтың Жаратқан Иеден бас тартуы
1
«Керней тартып дабыл қағуға дайындал! Жау бүркіт сияқты Жаратқан Иенің елінің үстінде ұшып жүр. Себебі олар Менің өздерімен жасаған Келісімімнен айнып, Таурат заңымды бұзып келеді.
2
Сонда да Солтүстік Исраил Мені шақырып: «Сен біздің Құдайымызсың, Сені мойындаймыз, (көмектесе гөр)!» — деп жалбарынады.
3
Ал Солтүстік Исраил ізгі нәрседен бас тартты, енді жау оны қуатын болады.
4
Халық өзіне патшаларын тағайындады, бірақ олары Менің еркіме сай емес. Олар билеушілерін де қойды, бірақ Мен бұларын құптаған жоқпын. Өздерінің алтын-күмісінен халық жалған тәңір мүсіндерін жасап алды, әйтсе де олар құрып кетеді.
5
Жас бұқа кейпінде жасалған жалған тәңірің әбден жек көрінішті, уа, Самария елі! Мен осы халыққа қатты қаһарланып отырмын. Қашан ғана олар зұлымдықтан арылып тазарар екен?
6
Сол тәңірсымақты Исраилдің өзі бір қолөнершіге жасатып алды. Сондықтан ол Құдай емес! Иә, Самарияның жас бұқа кейпіндегі жалған тәңірі күл-парша болып сындырылады!
7
Халықтың еккені жел еді, енді жинағандары құйын болады. Шыққан егіндерінің бастары — құр қауыз. Дән бола қалған күнде де бөтен елдіктер оны жалмап кетеді.
8
Солтүстік Исраилдің елін жау жалмап кетеді. Оның халқы басқа халықтардың арасында ұнамсыз ыдыс сияқты болып қалды.
9
Себебі олар жалғыз дара қаңғырып жүретін жабайы есек сияқты Ассурға барды. Ефрем елі өзіне «ашыналарды» (яғни арқа сүйейтін одақтастарды) жалдады.
10
Олар алым-салықтарымен жат халықтарды жалдап алған болса да, Мен Ефремнің халқын бәрібір бір жерге жинап, соттаймын. Олар қуатты патшаның езгісіне түсіп, азап шеге бастайды.
11
Ефрем халқы күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар ұсынылатын үстелдерді көптеп орнатты, бірақ олары, керісінше, нағыз күнә жасайтын орындар болып кетті!
12
Мен халыққа Таурат заңымдағы ережелерді егжей-тегжейлі жазып бергенмен, олар соларды бір жат нәрсе деп санайды.
13
Халық Маған арнап малдарын құрбандыққа шалып, етін жесе де, Мен, Жаратқан Ие, соларына риза емеспін. Қайта, Мен халқымның істеген зұлымдықтарын есіме алып, оларды күнәлары үшін жазалаймын: халқым өздері бұрын құл болған Мысырға қайта оралатын болады!
14
Солтүстік Исраил өз Жаратушысын ұмытып, үлкен ғимараттар салды. Яһуда елі көптеген қалаларын қамалмен бекітті. Бірақ Мен олардың қалаларына от жіберемін. От солардағы қорғандарын өртеп жалмап қояды».