Ошия 4
Халықтың кінәсінің әшкереленуі
1
Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар, уа, Исраил халқы! Ол осы елдің тұрғындарына қарсы дау көтермек: «Елде адалдық пен мейірімділік әрі Құдайды жақыннан тануға деген ниет жоқ.
2
Сендер қарғанып ант бергенмен алдайсыңдар, әрі кісі өлтіріп, ұрлап неке адалдығын бұзасыңдар. Халық адамгершіліктің шегінен асып кеткен, қан төгу қан төгумен ұдайы ұласқан.
3
Сол себепті бүкіл елді қайғы басып, барлық тұрғындары әлсіреп қалды. Тіпті даладағы аң, құс, балық атаулы да қырылып жатыр».
Дінбасыларға арналған ескерту
4
«Бірақ ешкім басқа біреуді айыптап, оған ұрыспасын, ей, діни қызметкерлер! Мен сендерге наразымын!
5
Сендер күндіз құлайсыңдар, қастарыңдағы жалған пайғамбарлармен бірге түнде де құлайсыңдар. Сондықтан Мен шешелеріңді (Исраил халқын) құртпақпын.
6
Осылай Менің халқым Өзімді шынайы білмегендіктен құриды. Сендер осы білімді қажетсіз деп санағандықтан, Мен де енді сендерді діни қызметкерлерім болуға қажетсіз деп санаймын. Өздерің Құдайларыңның Таурат заңын естеріңнен шығарғандарың үшін Мен де енді сендердің балаларыңды жарылқауды есімнен шығарамын.
7
Діни қызметкерлер көбейген сайын олар Маған қарсы күнә жасауларын да көбейте түседі. Мен олардың салтанаттарын масқарамен алмастырамын.
8
Халқым күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалып, Маған ұсынғанда діни қызметкерлер соларды жеп қояды. Олар тіпті халықтың зұлымдық жасағандарынан ләззат табады!
9
Сонда халықпен қалай болса, діни қызметкерлермен де солай болады. Мен олардың екеуін де жүрген жолдарына бола жазалап, істеп келген істерінің есесін қайтарамын».
Жалған тәңірлерге табынудан сақтандыру
10
«Халық тамақ жесе де, тоймайды, (жалған тәңірлердің табыну орындарында) азғындық жасаса да, балалы болмайды. Себебі олар Жаратқан Иеден бас тартты.
11
Енді азғындық, шарап пен басқа да ішімдіктер олардың ақыл-санасын құртады.
12
Менің халқым ағаш дөңбектен жасалған жалған тәңірге жүгінеді, сәуегейлікке қолданылатын сол ағаш оларға «жауабын береді» екен! Жүгенсіздіктің рухы оларды адастырып, олар өздерінің Құдайынан бас тартып, азғындыққа салынды.
13
Халқым тау-төбелердің бастарында малдарын құрбандыққа шалып, саясы ыңғайлы деп емен, терек, пісте ағаштарының түбінде жалған тәңірлерге арнап хош иісті заттарды түтетеді. Сол себепті қыздарың жезөкшелікке салынып, келіншектерің неке адалдығын бұзады!
14
Ал Мен қыздарың мен келіншектеріңді сол үшін жазаламаймын. Өйткені еркектердің өздері жай жезөкшелерге де, жалған тәңірлерге бағышталған табыну орындарындағы жезөкшелерге де барады. Осылай жақсы мен жаманды айыра білгісі келмейтін халық құриды.
15
Уа, Солтүстік Исраил, сен өзің азғындыққа салынғанмен, Яһуда халқы да сондай күнә жасамасын! Не Ғылғалға, не Бет-Әбенге барып, жалған тәңірлерге табынбаңдар, Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен ант та етпеңдер!
16
Исраил иесіне көнбейтін қыңыр сиыр сияқты болып келеді. Жуырда Жаратқан Ие халықты тоқтылар іспетті кең-байтақ далада жайылуға еркіне жібере ме?
17
Ефрем халқы жалған тәңірлерге үйір болып кетті, енді оны жайына қалдырыңдар!
18
Ішімдіктері бітсе де, олар азғындықтарын жалғастыра береді. Елдің билеушілері осындай масқара істерді қатты сүйеді.
19
Оларды құйын көтеріп алып кетпек. Сонда олар жалған тәңірлерге құрбандық шалып, ұсынғандарына ұялатын болады».