Ошия 2
1
Сол кезде аға-інілеріңді «Өз-халқым», апа-қарындастарыңды «Рақым-көрген» деп атайсыңдар.
Опасыз әйел — опасыз халықтың бейнесі
2
«Шешелеріңнің кінәсін әшкерелеп, оған ескертіңдер! Себебі ол енді Менің әйелім емес, Мен де оның күйеуі емеспін. Ол жеңіл жүрістінің бояуын бетінен сүртіп тастап, кеуделерін ашық көрсететін киімдерін шешіп, әдепті киінсін.
3
Әйтпесе Мен оны анадан жаңа туғандай етіп шешіндіремін де, иен даладай, қураған жердей қылып, шөлден қаталатып өлтіремін.
4
Оның жеңіл жүрістен туған балаларына да рақым көрсетпеймін.
5
Өйткені оларды туған шешелері неке адалдығын бұзып өте ұят қылық жасады. Ол: «Наным мен суымды, жүнім мен зығырымды, зәйтүн майым мен сусынымды беретін — өзімнің ашыналарым. Солардың соңынан жүрейінші!» дейтін еді.
Опасыздықтың жазасы
6
Сондықтан Мен оның жүретін соқпақтарын тікенді бұталармен жауып бөгеймін. Жүретін жол таба алмасын деп оған қарсы дуал да тұрғызамын.
7
Ол ашыналарының соңына түсіп қуса да, жете алмайды, оларды іздесе де, таба алмайды. Сонда ол: «Мен бұрынғы Күйеуіме қайта оралайын. Сол кезде маған қазіргіден жақсы болған еді ғой!» деп ұйғарады.
8
Ал оған бидай, жүзім шырыны мен зәйтүн майын беріп, мол саф алтын мен күмісті жаудырған Мен екенімді мойындамады. Қайта, өзі соларды жалған тәңір Бағалға сый-тарту етті.
9
Сол себепті Мен мерзімінде пісетін өнімім мен мезгілінде дайын болатын жүзім шырынымды, әрі оның жалаңаш тәнін жабатын жүнім мен зығырымды сол опасыздан алып қоямын.
10
Сонда оны ашыналарының дәл көз алдында жалаңаштап абыройын төгемін, Менің қолымнан оны ешкім құтқарып ала алмайды.
11
Осылайша халықтың сауық-сайрандарын, жылдық мейрамдарын, айдың бірінші күнгі мейрамдарын және демалыс күндерін, яғни оның жиналып бас қосатын барлық мерекелерін доғарамын.
12
Халықтың: «Мынау менің ашыналарым берген сыйлықтар» дейтін жүзім бұталары мен інжір ағаштарын құртып, қалың тоғайға айналдырамын. Сонда жабайы аңдар олардың жемістерін жеп қояды.
13
Оның Бағалдың мүсіндеріне арнап хош иісті зат түтеткен, сырғалары мен алқаларын тағып жасанып, ашыналарына ерген, ал Өзімді ұмытқан күндеріне бола енді осы халыққа назар аударып, оны жазалаймын». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Жаратқан Иенің халқын қайтадан Өзіне шақыруы
14
«Ал енді Мен оны еліктіріп, айдалаға алып шығып, жүрегіне жылы сөз айтамын.
15
Мен оған жүзімдіктерін қайтарып беремін. «Ахор (яғни Пәле) аңғары» ол үшін «Үмітке апаратын қақпа» іспетті болады. Сол жерде ол жастық шағындағыдай, Мысырдан шыққан кезіндегідей, ән-жыр шырқайтын болады».
16
Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Сол күні сен Мені «Бағалым менің» деп емес, «Күйеуім менің» деп атайтын боласың.
17
Мен Бағал есімді жалған тәңірлердің аттарын халықтың аузынан алып тастап, олар соларды енді қайтып естеріне алмайтын болады.
18
Сол күні Мен даладағы жабайы аңдармен, әуедегі құстармен және жерде жорғалайтын хайуандармен халқыма нұқсан келтірмеулері жайлы келісім жасаймын. Мен соғыс, садақ, семсер атаулыны елден аластатып, жоқ қыламын. Сонда халқым ұйқыға алаңсыз жататын болады.
19
(Уа, халқым,) Мен сені Өзіме мәңгілікке атастырамын. Мен әділдік пен әділет, берік сүйіспеншілік пен рақымдылық танытып, сені Өзіме айттырамын.
20
Иә, сені Өзіме сенімділікпен әйелім етемін. Сонда сен Мені, Жаратқан Иені, мойындайтын боласың.
21
Сол күні Мен мінажаттарыңа жауап беремін, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Мен аспанға жауап беремін (де, бұлттар жіберемін), әрі аспан жерге жауап береді (де, жаңбыр жаудырады).
22
Жер бидай, жүзім бұтасы және зәйтүн ағаштарына жауап береді де, шөлдерін қандырады, ал олар «Ізрел!» («Құдай сеуіп отырғызады») деп жауап береді.
23
Сол кезде Мен халықты Өзім үшін елге сеуіп отырғызып, «Рақым-көрмегенге» рақым көрсетіп, «Халқым-еместі» енді «Өз-халқым» деп атаймын. Ал халық Маған: «Менің Құдайымсың!» дейтін болады!»