Ошия 13
Исраилдің қатаң жазалануы
1
Өткен замандарда Ефрем тіл қатқанда адамдар қалтырап оның айбатынан сескенетін. Исраилде осы рудың мерейі үстем болатын. Бірақ кейін ол жалған тәңір Бағалға табынып кінәлі болды, мұның соңы өлімге апарып соқты.
2
Ал енді олар күнәға бұрынғыдан бетер батып, өздеріне жалған тәңір мүсінін жасатып алды. Бұл мүсіндерді қолөнершілер шеберлікпен күмістен құйды. Осы жас бұқа мүсіндеріне арнап құрбандық шалғандарға: «Оларды өбіп сүйіңдер!» — дейді.
3
Сондықтан олар тез сейілетін таңғы тұман не тез кебетін шық сияқты, әрі қырманнан жел айдап ұшыратын кебек не үйдің мұржасынан шығатын түтін сияқты лезде ғайып болады.
4
Бірақ Мен сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Өзімнен басқа ештеңені Құдай деп танымаңдар! Менен өзге ешбір құтқарушы жоқ.
5
Мен сендерге иен далада, қуаңшылық жайлаған елде қамқорлық жасадым.
6
Халық жақсы жайылымға қоныстанғанда қарындары тоқ болды. Қарны тойынған кезде олар асқақтап, Мені естерінен шығарды.
7
Сондықтан Мен оларға арыстан сияқты тап беріп, қабылан сияқты жүрер жолын аңдып, шабуыл жасаймын.
8
Оларға қонжықтарынан айырылған ұрғашы аюдай бас саламын да, кеуделерін жарып тастаймын. Оларды арыстандай жалмап, жыртқыш аңдай жыртамын.
9
«Өзіңді-өзің құрттың, уа, Исраил! Сен өзіңе көмек беретін Маған қарсысың!
10
Сенің патшаң қайда екен? Ол сені күллі қалаларыңда құтқарып алсын! «Маған патша мен әміршілер бер!» деген едің. Енді сол билеушілерің қайда жүр?
11
Сол себепті Мен ашуланып тұрып, сендерге бір патшаны тағайындадым. Ал кейін қаһарланып, оны сендерден алып тастадым.
12
Ефрем халқының зұлым істері жинаулы тұр, олардың күнәларының бәрі де жазулы.
13
Халық анасы толғақ азабын тарта бастаса да, құрсақтан шыққысы келмейтін түйсіксіз сәбиге ұқсайды.
14
Мен оларды о дүниенің билігінен босатып, өлімнен құтқарып аламын ба? (Жоқ, солай істемеймін.) Өлім, қайда улы тісің? О дүние, қайда сенің жеңісің? Мен еш аяушылық көрсетпеймін».
15
Ефрем бауырлас руларының арасында жайқалып өсіп-өнетін. Ал енді Жаратқан Ие шөл даладан шығыстың аптап желін жібереді. Сонда Ефремнің бұлағы құрғап, су көзі тартылып қалады. Ефрем қазына қоймасындағы құнды заттарының барлығынан айырылады.