Ошия 10
Халық бөтен елге жер аударылмақ
1
Исраил жемісін беретін жайқалған жүзім бұтасына ұқсайды. Ал жемісі көбейген сайын халық құрбандық үстелдерін көптеп салады. Ел өркендеген сайын, халық жалған тәңірлерге арналған киелі бағаналарды өрнектеп әшекейлеп отыр.
2
Бұлардың кінәсі — екіжүзділігі. Жаратқан Ие олардың құрбандық үстелдерін қиратып, киелі бағаналарын талқандамақ.
3
Содан соң Исраил халқы: «Біз Жаратқан Иені құрметтемеген едік, содан біздің патшамыз жоқ. Бірақ патшамыз болған күнде де, ол біз үшін не істей алар еді?» — дейтін болады.
4
Ал олардың айтатыны жай сөздер ғана, келісім жасағанда беретін анттары құр өтірік. Сондықтан оларға тағылатын айып өңделіп жыртылған жерде қаулап өсетін арам шөп сияқты болмақ.
5
Самарияның тұрғындары Бет-Әбенде орналасқан жас бұқа мүсіні туралы уайымдайтын болады. Бүкіл халық оны жоқтап қайғырып, осы жалған тәңірдің діни қызметкерлері оның бұрынғы салтанатын ойлап еңіреп жылайтын болады. Себебі сол мүсін де жау еліне әкетіледі.
6
Мүсін Ассурдың ұлы патшасына арналған алым-салық ретінде оның еліне жіберіледі. Ефрем халқы масқара болып, бүкіл Исраил елі өзінің ағаш тәңірлері үшін ұялатын болады.
7
Самария жойылады, оның патшасы су бетінде жүзіп жүрген бұтақша іспетті ғайып болады.
8
Исраилдің күнәға батқан жері — Бет-Әбендегі табыну орындары қиратылмақ. Осы биіктеу жерлердегі құрбандық үстелдерінде тікенді бұта мен ошаған қаулап өсетін болады. Сол кезде адамдар тауларға: «Бізді басып, жасырып тастаңдар!» әрі төбелерге: «Үстімізге құлап түсіңдер!» — деп жалынатын болады.
9
«Уа, Исраил! Сен Гибеяда азғындыққа батқан кезіңнен бастап күнә жасап келесің! Қазір де дәл сол қалыптасың. Гибеяда зұлымдық жасаған сол адамдарды соғыс баудай түсірді емес пе?
10
Мен қалаған кезімде осы халықты жазалаймын. Халық көптеп жасаған ауыр күнәлары үшін шынжырлармен байланып жер аударылады. Сонда барша халықтар оларға қарсы жиналатын болады.
11
Ефрем — астық басуға үйретілген, сол жұмысты ұнататын жас сиыр сияқты. Ал енді Мен Ефремнің күшті мойнына мойынтұрық салып, оны жер айдауға жұмсаймын. Яһуда да жер жыртатын болады, Жақыптың күллі ұрпақтары бұдан кейін егістікті малалайды.
12
Өз өмірлеріңдегі «тың жерлеріңді жыртыңдар, әділдіктің дәнін себіңдер»! Солай берік мейірімнің «жемісін» жинап аласыңдар. Себебі осы кез — Маған, Жаратқан Иелеріңе, бет бұрып, мойынсұнатын уақыт! Сонда Мен сендерге келіп, кешірім беріп, ақталуды жаңбырдай жаудырамын.
13
Ал сендер зұлымдықты «септіңдер», одан «шыққан өнім» — әділетсіздік, ал «жеген жемістерің» — өтіріктеріңнің нәтижесі болды. Өз күш-қуаттарыңа, әскери күштеріңнің молдығына сенім арттыңдар.
14
Сол себепті халқыңа бір зор апат төніп, барлық қамалдарың қиратылады. Бұл, Салман Бет-Арбелді қиратқан шайқас күніндей болады. Сонда аналар балаларымен бірге ұрылып өлтірілген еді.
15
Орасан зор зұлымдығың үшін саған да дәл осы нәрсе істелінеді, уа, Бетел қаласы!