Ошия пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Солтүстік Исраилде туып-өскен Ошия пайғамбар Жаратқан Иенің хабарын осы патшалықтың халқына шамамен б.з.д. 750-710 жж. жеткізді.
Құдай Тағала өз халқының ауыр күнәларын оларға қарсы Ассур әскерін жіберіп жазаламақ болды. Мұны алдын ала бейнелеп білдірту үшін Құдай Ошияға Гомер есімді жеңіл жүрісті әйелге үйленуге бұйырды. Бұл жайт Исраил халқының Жаратқан Иеге және Оның Келісіміне қандай опасыз болғанын суреттеді. Олар жалған тәңірлерге құлшылық етіп, көптеген басқа да жексұрын қылмыстар жасап келді. Ошияның балаларына беруге тиісті есімдері де Құдайдың таңдап алған халқына риза еместігін білдірді.
Алайда Жаратқан Ие өз халқының жер аударылуына жол бергенмен, оларға әлі де мейірімділігі мен жарылқауын көрсетуге дайын болатын. Егер халық күнәларынан бас тартса, Хақ Тағала оларды кешіруге және Өзінің рухани балалары ретінде қайтадан қабылдауға даяр еді.
Ошия пайғамбардың жазбасы Алла Тағаланың адамзатқа арналған сүйіспеншілігі мен мейірімінің керемет көрінісі. Біздің Өзінен кері бұрылғанымызға қарамастан, Ол бізді жомарттықпен қайтуға шақырады. Кейінірек Петір және Пауыл елшілер Ошия пайғамбардың жазбасынан үзінділер келтіре отыра, Хақ Тағаланың барлық халықтарды Құтқарушымыз Иса Мәсіх арқылы теріс жолдарынан Өзіне қайтып келуге қалайша шақырғанын көрсетті.