Еврейлерге хат  8
Жаңа Келісімнің негізін салған Бас діни қызметкеріміз
1
Айтып жатқандарымыздың ең бастысы мынау: көкте біздің Бас діни қызметкеріміз бар; Ол тағына жайғасқан Ұлылық Иесінің
а
оң жағындағы құрметті орнында отыр.
2
Сол жерде Ол адам баласы емес, Жаратқан Иенің Өзі көкте тұрғызған шынайы киелі үйде қызметін атқарып жүр.
ә
3
Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тарту мен құрбандық жасау үшін тағайындалады. Сол сияқты біздің Бас діни қызметкеріміздің де Құдайға ұсынатын құрбандығы болуға тиіс еді.
4
Егер Ол жер бетінде қалса, діни қызметкер бола алмас та еді. Себебі Таурат заңы бойынша ғибадатханада құрбандық жасайтын арнайы діни қызметкерлер бар.
5
Бұлардың құлшылық етуі көктегі рухани қызметке ұқсағанмен, онымен бірдей емес.
б
Мұса киелі шатырды дайындауға кіріскенде Құдай оған: «Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!»
в
— деп ескертті ғой.
6
Ал Исаға жер бетіндегі діни қызметкерлердің міндетінен анағұрлым жоғары қызмет тапсырылды. Сол сияқты Ол Құдай мен адамдардың арасындағы бұрынғысынан гөрі жақсы Келісімге жол ашты.
г
Бұл Құдайдың ерекше игілікті уәделеріне негізделген.
7
Егер бұрынғы Келісім ешбір кемшіліксіз болған болса, онда өзгесін жасаудың керегі болмас та еді.
8
Алайда (Еремия пайғамбар) халқының айыбын әшкерелегенде былай деген:
«Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар, Мен Исраилдің және Яһуданың үрім-бұтақтарымен Жаңа Келісім жасайтын уақыт келеді.
9
Бұл Келісім Мен олардың ата-бабаларын қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда солармен жасаған Келісіміммен бірдей болмайды. Өйткені олар сол Келісіміме адал болмағандықтан ықыласымнан айырылды, — дейді Жаратқан Ие. —
10
Қайта, Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне «жазып» та қоямын.
ғ
Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады, — дейді Жаратқан Ие.
11
Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: «Жаратқан Иені жақыннан танып біл!» деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады.
12
Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмаймын».
д
13
Осылай Құдай «Жаңа Келісім» дегенде бұрынғысының ескіргендігін білдірді. Ал ескіріп, көнерген нәрсе көп ұзамай күшінен айырылып, жойылмақ.

а  Яғни Құдай Әкенің (1:3; Мар 14:62; 16:19; Елш 2:34-36).

ә  Исраилдіктер айдалада тұрғызған киелі шатыр және Иерусалимде салған киелі үй көктегі мәңгілік киелі үйдің өткінші нұсқалары ғана болатын (9:1-2,11,24; Мыс 25:8-9; Шеж2 3-5).

б  Демек, олар көктегі киелі үйдің тек көшірмесі іспетті бұ дүниелік ғибадатханада қызмет етеді (7:27-28; 8:2; 9:23).

в  Мыс 25:40.

г  Яки: Келісімнің негізін салушы (9:15; 10:19-22; 12:24).

ғ  Немесе: Мен заңдарымды (яғни Келісімімнің ережелерін) олардың рухтарына сіңіріп, жүректеріне «жазып» та қоямын.

д  Ерм 31:31-34.