Еврейлерге хат 7
Мәліксадықтың діни қызметі
1
Сол Мәліксадық Салим қаласының патшасы және Алла Тағаланың діни қызметкері болатын. Ыбырайым бірнеше патшаны жеңіп, шайқастан қайтып келе жатқанда, Мәліксадық оған жолығып, батасын берді.
2
Сонда Ыбырайым қолындағы бар мал-мүліктің оннан бір бөлігін (құдайы сый-тарту етіп) оған қалдырып кетті. Мәліксадық есімінің мәнісі «Әділдік патшасы» болса, «Салимнің патшасы» — «Амандық пен тыныштық патшасы» дегенді білдіреді.
3
Мәліксадықтың әке-шешесі, шыққан тегі және өмір сүрген уақытының бас-аяғы туралы ешбір мәлімет берілмеген. Сол жағынан ол мәңгі бақи діни қызметкер болып қалатын Құдайдың рухани Ұлына ұқсайды.
4
Мәліксадықтың мәртебесінің қандай жоғары екенін ойлап көріңдер: тіптен түп атамыз Ыбырайым түскен олжасының оннан бір бөлігін оған берді.
5
(Ыбырайымның шөбересі) Леуінің тұқымынан шыққан діни қызметкерлер Құдайдың өсиетіне сай өз ағайындары — Исраил халқының жалпы түсімінің оннан бір бөлігін алып отырады. Бұлардың да Ыбырайымнан тарағандықтарына қарамастан, леуіліктер олардан әлгі бөлікті жинайды.
6
Ал Мәліксадық Леуі руынан шықпаса да, Құдайдың уәдесін алған Ыбырайымның түсімінің оннан бір бөлігін иемденіп, оған батасын берді.
7
Бата алғаннан бата бергеннің дәрежесі, сөзсіз, жоғары.
8
Оннан бір бөлігін жинайтын леуілік діни қызметкерлер күндердің күнінде өлетін пенделер ғана, ал Мәліксадықтың тірі екендігі туралы мәлімет берілген.
9
Ыбырайымның Мәліксадыққа қолындағысының оннан бір бөлігін беруі арқылы кейінірек халықтан түсімінің оннан бір бөлігін жинайтын Леуі руы туралы да: «олар Мәліксадыққа сол құдайы сый-тартуды берді» деп айтуға болады.
10
Себебі Леуі руы Мәліксадықпен кездескен атасы Ыбырайымнан тарағандықтан, соның істегендерінің нәтижесі бұларға да қонды. (Сондықтан да Мәліксадықтың діни қызметкер ретіндегі дәрежесі Леуі руынан шыққандардан әлдеқайда жоғары.)
Мәсіхтің Бас діни қызметкерлігі
11
Таурат заңы Исраил халқына леуіліктердің діни қызметінің негізінде тапсырылды. Егер осылардың қызметі көзделген мақсатқа қол жеткізген болса, онда Мәліксадық іспетті басқа діни қызметкердің тағайындалуының қажеті болмай, (Леуінің ұрпағы) Һароннан тараған діни қызметкерлер де жетіп жатқан болар еді. Алайда олардың қызметі жеткіліксіз болды.
12
Ал діни қызметте өзгерістер болса, онда Таурат заңының да өзгертілуі керек.
13
Сол секілді, осы айтылғандарға қатысы бар Мәсіхтің Өзі бірде-бір діни қызметкер шықпаған басқа рудан еді:
14
Иеміздің Яһуда руынан шыққандығы белгілі. Сол рудың діни қызметі туралы Мұса пайғамбар еш нәрсе айтпаған болатын.
15
(Ал леуіліктердің діни қызметі адамдарды рухани мақсатына жеткізе алмай келді.) Бұл жайт Мәліксадық іспетті басқа бір Діни қызметкердің тағайындалуы арқылы бұрынғыдан бетер анық болып тұр.
16
Ол — адам ретінде Таурат заңында жазылған шығу тегіне қатысты ережеге сай болғандықтан емес, бойында сарқылмас құдіретті өмір болғандықтан Діни қызметкер.
17
Себебі Забурда Ол туралы «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!» деген куәлік берілген.
18
Сонымен бұрынғы заң күшсіз, пайдасыз болғандықтан, оның ережелері істен шықты.
19
Мұса арқылы берілген сол заң еш нәрсені де кемелділікке жеткізе алған жоқ. Ал қазір бұрынғыдан гөрі жақсы үмітіміз бар: сол бойынша біз шынымен Құдай алдына барып, Оған сиына аламыз!
20
Сонымен қатар, Құдай Мәсіхтің діни қызметкерлігін тіпті антпен бекітті.
21
Леуілік діни қызметкерлерге Ол ант берген жоқ, ал Мәсіх діни қызметкер болып тағайындалғанда Құдай Оған ант берді. Бұл туралы былай делінген: «Жаратқан Ие былай деп ант берген еді, Онысын ешқашан да өзгертпейді: Сен діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!»
22
Құдай осы антты бергендіктен, Иса — бұрынғыдан гөрі жақсы Жаңа Келісімнің кепілі.
23
Тағы бір айырмашылық бар: Көне Келісімнің тұсында бір-бірінің орнын басқан көптеген діни қызметкерлер болды. Барлығы да ажалы жеткенде қызметінде қала алмады.
24
Ал Иса мәңгі бақи жасайтындықтан, Оның діни қызметі де өткінші емес.
25
Сол себептен Ол Өзі арқылы Құдайға сиынғандардың бәрін толықтай құтқара алады. Иса мәңгі өмір сүріп, олар үшін өтініш жасайды.
26
Бізге дәл сондай Бас діни қызметкер қажет: қасиетті де кінәратсыз, кіршіксіз таза Ол, күнәкарлардан аластатылып, аспаннан да жоғары, Құдайдың қасына, көтерілді.
27
Иса бұрынғы бас діни қызметкерлер сияқты күнде алдымен өз күнәларының құнын өтеу үшін, сонан соң халықтың күнәлары үшін құрбандық шалуға тиісті емес. Ол айқышта өлгенде Өзін біржола құрбан етіп күнәлардың құнын өтеді.
28
Таурат заңы бойынша пенделік кемшіліктері бар адамдар бас діни қызметке тағайындалады. Ал сол заңнан кейін Құдайдың өз антымен бекітілген сөзі бас діни қызметке Өзінің рухани Ұлын тағайындады. Ол мәңгілік еш кемшіліксіз кемелді болады.