Еврейлерге хат 4
Құдайдың тыныштық сыйлайтын ел туралы уәдесі
1
Құдайдың шынайы тыныштық сыйлайтын елге кіргізу жайлы уәдесі әлі де күшінде. Сол себепті бірде-біреуіңнің осы мүмкіндікті жіберіп алмауларың үшін сақ болайық!
2
Ата-бабаларымыз сияқты біз де Құдайдың сыйлайтын тыныштығы туралы уәдесін естідік. Олар бұл хабарды сеніммен қабылдамай, тек естіп қана қоя салғандықтан, оның пайдасын көрмеді.
3
Ал сенімімізді Мәсіхке артқан біздер уәде етілген тыныштықты иемденеміз.
Рас, Тәңір Ие былай деген болатын: «Қаһарланып ант еттім сондықтан: Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!» Ал Тәңір Иенің өз жұмысы әлемді жаратып болған кезде-ақ тамамдалған еді ғой.
4
Киелі жазбалардың бір жерінде жаратылыстың жетінші күні туралы былай делінген: «Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, демалды».
5
Алайда Құдай (жоғарыда келтірілген аяттарда) былай деген: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған елге кірмейді олар енді ешқашан!»
6
Демек, ежелде Ізгі хабарды естіген ата-бабаларымыз Құдайға бағынбағандықтан сол тыныштыққа кіре алмады. Ал өзге кейбіреулер үшін кіру мүмкіндігі әлі де сақтаулы.
7
Сол себепті Құдай кейін басқа бір күнді белгіледі, ол күн — «бүгін». Көп уақыт өткен соң Ол бұл туралы Дәуіт пайғамбар арқылы былай деді: «Бүгін сендер Оның даусын естігенде, қасарыстырмаңдар енді жүректеріңді!»
8
Егер кезінде Ешуа пайғамбар халықты Құдай дайындап қойған шынайы тыныштыққа жеткізген болса, онда кейінірек тыныштық сыйланатын басқа бір күн туралы сөз болмас та еді.
9
Мұның бәрі осылай болғандықтан, Құдайдың Өзі жетінші күні демалып тыныққаны сияқты, Оның халқы үшін де шынайы тыныштыққа жету мүмкіндігі әлі де бар.
10
Құдайдың жарату жұмысын тамамдаған соң тынығып демалғанындай, Оның дайындап қойған шынайы тыныштығына ие болған әркім де өз бетімен еңбектенуін доғарып, тынығады.
11
Сондықтан ешқайсымыз ата-бабаларымыз сияқты бағынбаушылыққа бола сол тыныштықтан құр қалмау үшін оны иемденуге жан сала ұмтылайық!
12
Себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір! Құдайдың сөзі бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткен іспетті, жүрегіміздің түкпіріндегі ой-ниетімізді де әшкерелеп, бағалайды.
13
Құдайдан жасырын жатқан ешбір жан иесі жоқ, Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Құдайдың алдында есеп беруге тиіспіз.
Мәңгілік адал Бас діни қызметкер
14
Сонымен сенімімізді берік ұстанып, оны тапжылмастан мойындайық. Көкке көтеріліп кеткен зор мәртебелі Бас діни қызметкеріміз — Құдайдың рухани Ұлы Иса бар.
15
Ол бізге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсінбейтін діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты әр түрлі сынақтан өтіп көрді, бірақ ешқашан күнә жасаған жоқ.
16
Ендеше рақымы мол Құдайдың тағына нық сеніммен жақындап, өтініштерімізді білдірейік. Осылай көмекке мұқтаж кездерімізде Оның мейірімділігі мен рақымына ие боламыз.