Еврейлерге арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Алғашқыда бұл хат Мәсіхтің ізгі жолына түскен, грекше сөйлейтін исраилдіктерге арналған болатын. Олар бұрынырақ ұстанған яһуди дініне қайтадан бет бұрып, Иерусалим ғибадатханасындағы діни қызметке сүйене бастаған еді. Осы ғибадатхана б.з. 70 ж. қиратылғандықтан, хаттың сол уақыттан бұрын жазылғандығы анық. Хат иесінің есімі берілмеген. Жазбаның мазмұны мен мәнерінен оның Пауыл елшінің серігі Тімотемен байланысып тұрғаны және қауымдар арасында абыройлы уағыздаушы болғаны анық көрініп тұр (13:18-19,22-23). Сондықтан бірнеше ғұлама хатты Пауыл елшінің қызметтесі Барнаба немесе Аполлос жазып қалдырған деп тұжырымдады (Елш 4:36; 13:1-4; 18:24-28; Қор1 1:12; 3:4-6).
Хат иесі Құдайдың Киелі Рухының жетелеуімен Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларының Септуагинта атты ежелгі грекше аудармасынан көптеген үзінділер келтіріп, Иса Мәсіхтің періштелерден, ежелгі пайғамбарлардан және леуілік діни қызметкерлерден әлдеқайда мәртебелі екенін көрсетеді. Көне Келісімге сай шалынған құрбандықтардың күші уақытша, ал Мәсіхтің құрбандық өлімінің игілікті нәтижелері мәңгілік. Ол Өзіне сенгендерге көктегі киелі үйге, яғни Құдайдың алдына, апаратын жолды ашып берді. Бұған дейінгі табыну рәсімдері жеткіліксіз, тек жоба сияқты ғана еді. Ал Мәсіх олардың кемелді түпнұсқасын алып келді.
Содан хат иесі оқырмандарды Мәсіхке нық сенуге, тіпті қуғын-сүргінге ұшыраған күнде де мойымауға жігерлендіреді. Оларға ежелде Исраил халқының Мысырдан жаңадан құтқарылған буынының иен далада Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендеріне бола қалай жазаланғанын ескертеді. Ол, сондай-ақ, Құдайға адал болған «сенімнің батырларын» да естеріне салады. Осы заманғы сенушілер де сол рухани батырлардай Иемізге толықтай бағышталып, күнделікті өмірлерінде таза жүрулері керек.
Сонымен осы жазба — Көне және Жаңа Келісімдердің салыстырмасы. Ол Құдайдың рақымын әкелуші ретінде Мәсіхтің қандай ұлы да теңдесі жоқ Тұлға екенін күні бүгінгі оқырманның да көз алдында керемет анық та тартымды етіп суреттейді.