Хаққай пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Жаратқан Ие Яһуда халқына мықты жаулары Бабыл әскерінен жеңіліп, басқа елге жер аударылуға үкім шығарған болатын. Ал Оның өз пайғамбарлары арқылы жариялағанындай, жетпіс жылдан кейін парсы патшасы Кир халыққа еліне қайтуға және Жаратқан Иенің киелі үйін қайтадан салуға рұқсат берген жарлық шығарды. Исраилдіктердің алғашқы үлкен тобы б.з.д. 538 ж. Жохақым патшаның немересі Зоробабел әкімнің басшылығымен қайтып келді. Көп кешікпей олар қираған киелі үйді қайтадан сала бастады. Екі жылдан кейін халық үлкен қуанышпен оның іргетасын қалап қойды (Езр 3:8-10). Дегенмен кейбір көршілес ұлттар мұны қызғаныштан көре алмай, оларды парсы патшасына өсектеп шағымданып, ол құрылысты тоқтатуға бұйырды.
Б.з.д. 522 ж. Дарий І патша яһудилерге Құдайдың киелі үйін қайтадан салуға рұқсат етті, алайда халық соған ынта таныта қойған жоқ. Олар осы ұлы құрылысқа қаражат жеткіліксіз деп ойлады. Сондықтан б.з.д. 520 ж. Жаратқан Иенің пайғамбарлары Хаққай мен Зәкәрия халықты жұмысқа жұмыла кірісуге жігерлендіріп, Хақ Тағалаға мойынсұнбау жоқшылыққа бастайды деп ескертті. Егер халық Жаратқан Иеге қызмет етуді өз өмірлерінде ең басты артықшылық деп есептеп, солай істесе, онда Ол берген уәдесіне сай соларды жарылқайды. Құдай Тағала, сондай-ақ, оларға Киелі Рухының өздерімен бірге қалмақшы екенін әрі Өзінің киелі үйді ұлы салтанатқа кенелтпекші екенін де жариялады.