Аббақұқ 1
Кіріспе
1
Мұнда Аббақұқ пайғамбардың Құдайдан алған аянындағы ауыр хабар берілген.
Пайғамбардың Яһуда еліндегі әділетсіздік туралы шағымы
2
— Уа, Жаратқан Ие, қашанғы мен көмек сұрап, Сен құлақ салмай қала бересің? «Барлық жерде зорлық!» деп қанша шағымдансам да, Сен құтқармайсың.
3
Неге мені әділетсіздікке қарауға, зұлымдықты көруге мәжбүрлейсің? Күн сайын көретінім құрып-күйреу мен зорлық-зомбылық, айналам ұрыс-керіс пен дау-жанжал.
4
Сондықтан да Таурат заңы күшінен айырылған, әділ үкімдер еш орындалмайды. Зұлымдар адал жанды қоршап алып, қыспақтайды, осылай әділ сот бұрмаланады.
Жаратқан Иенің жауабы
5
— Халықтарға көз тастап, назар аударыңдар! Таңғалып, таңдай қағыңдар! Себебі көздеріңнің тірісінде Мен бір істі жүзеге асырмақпын. Оны біреу алдын ала айтып берсе де, сендер сенбес едіңдер:
6
Мен бабылдықтарды — сол бір қатыгез де қарқынды халықты қолдап, көтеремін. Олар жердің шалғайларына дейін аттанып, өзгелердің қоныстарын тартып алады.
7
Бабылдықтар — қорқынышты да айбынды халық, заңдары мен билігі өздерінен ғана туындайды.
8
Аттары қабыланнан жүйрік, кешқұрым жортып жүретін қасқырдан айбарлы. Атты әскері құйғыта шабады, салт аттылары алыстан зулап келіп, олжасына тап берген бүркітке ұқсайды.
9
Барлығы тонауға аттанып, шөл даладан соққан дауылдай алға басып, тұтқындарын құмдай жинайды.
10
Олар патшаларды мазақтап, әміршілерді күлкі етеді; қамалды қалаларды келекелеп, қабырғасына қарай үймек үйіп, қаланы басып алады.
11
Содан олар жел сияқты соғып өтеді. Бұлар кінәлі адамдар, олар өз күш-қуаттарына құдайдай табынады.
Пайғамбардың жазаны тартқызбақ бабылдықтар туралы шағымы
12
— Уа, Жаратқан Ие, Сен мәңгі тірі, киелі Құдайым емессің бе? Бізді өлімге қимағаның ғой? О, Ием, Сен бізді соттауға Бабыл халқын тағайындағансың, уа, жартастай Қорғанымыз, бізді жазалауға дәл соларды белгілеп қойғансың!
13
Ал Сенің көздерің зұлымдыққа қарауға тым пәк, озбырлыққа қарап тұра алмайсың. Ендеше неге сол опасыздарға жол бересің? Осы зұлым жау өзінен әділірек басқаларды жалмап жеп жатқанда, Сен неге үндемейсің?
14
Осылайша адамдарды теңіздегі балық сияқты қыласың, әрі әміршісі жоқ, бауырымен жорғалаушы жәндіктер іспетті етесің!
15
Содан Бабыл біздің бәрімізді қармағымен ұстап, ауына түсіреді, торымен жағаға тартып шығарып, соған қуанып мәз болады.
16
Сондықтан Бабыл ауына құрбандық шалып, торына табынып хош иісті зат түтетеді. Өйткені солар арқылы олжаға кенеліп, майлы тамаққа тойынады.
17
Сонда қалай, Бабыл өз торына тыным бермей халықтарды аяусыз құрта берсін бе?!