Аббақұқ пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазбада Аббақұқ пайғамбардың мінажаттары және Құдайдың жауаптары берілген. Еремия пайғамбар сияқты, Аббақұқ та б.з.д. 7-ғасырдың екінші жартысында Яһуда патшалығында өмір сүрді.
Елдегі жақсы адамдардың зорлық көріп, ал зұлымдардың табыспен өркендеп тұруы Аббақұқты қатты қинайды. Пайғамбар өзін толғантқан жайттарды Құдайға жеткізіп, соларға жауап алады. Жуырда зұлымдар Бабыл патшалығының әскері арқылы жазаланбақ. Сонда Аббақұқ оның бұлай болмауға тиіс екенін айтып, құдайсыз әрі қатыгез бабылдықтардың ең зұлым яһудилерден де бетер жаман екенін алға тартады. Жаратқан Ие пайғамбарына Бабыл халқының да ауыр қылмыстары үшін кейін жазаланатынын түсіндіреді.
Жазба соңында пайғамбар Құдайдың өзіне білдірген хабарына керемет жыр түріндегі мінажатпен жауап береді. Қиын-қыстау кезеңнен өтуге тура келсе де, Құдайға деген оның берік сенімін паш еткен осы дұға Забурдағы мадақтау жырларына ұқсайды. Ол барлық замандағы сенушілерді Жаратқан Иеге берік сенім артуға жігерлендіріп келеді.