Жаратылыстың баст. 8
Топан судың тоқтауы
1
Құдай Нұхты және онымен бірге кемедегі барлық аңдар мен малдарға мейірімділік көрсетіп, жер бетінде жел тұрғызды. Осылай су тартыла бастады.
2
Тұңғиықтағы қайнар көздер бітеліп, «аспан қақпалары жабылып», жаңбыр басылды.
3
Жер жүзіндегі судың беті қайтып, жүз елу күн бойы су біртіндеп тартыла берді.
4
Содан жетінші айдың он жетінші күні болғанда, кеме Арарат тауларының үстіне тоқтады.
5
Су оныншы айға дейін үздіксіз азайып, оныншы айдың бірінші күні тау шыңдары көріне бастады.
6
Қырық күн өткенде Нұх кемедегі өзі жасаған терезені ашып,
7
бір қара қарғаны сыртқа ұшырып жіберді. Қарға жер бетіндегі су кепкенше келіп-кетіп ұшып жүрді.
8
Содан кейін Нұх жер бетіндегі судың азайғанын тексеру үшін бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді.
9
Бірақ көгершін қонақтауға орын таппай, кемеге қайта оралды, себебі жер бетін әлі де су басып тұрған еді. Нұх қолын сыртқа созып, көгершінді қайтадан кемеге кіргізіп алды.
10
Ол жеті күн күте тұрып, тағы да сол көгершінді кемеден ұшырып жіберді.
11
Көгершін кешке қарай оған қайтып оралғанда, жаңа көктеген зәйтүн ағашының бір жапырағын тұмсығына қыстырып ала келді! Осылайша Нұх жер бетіндегі судың қайтқанын білді.
12
Дегенмен ол тағы жеті күн күтті, содан кейін қайтадан бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді. Бұл жолы көгершін қайта оралмады.
13
Нұхтың алты жүз бір жасқа толған жылының бірінші айының бірінші күні жер бетіндегі су тартылған еді. Нұх кеменің шатырын ашып қарағанда, жер кеуіп қалыпты!
14
Екінші айдың жиырма жетінші күні жер беті мүлдем құрғақ болды.
15
Сол кезде Құдай Нұхқа былай деді:
16
«Әйелің екеуің кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келіндерің де шықсын.
17
Кемеде болған түрлі құстарды, малдарды және жер бетінде жорғалап жүргендерді сыртқа алып шық, олар жер бетін жайлап, өсіп-өніп көбейсін».
18
Сонда Нұх ұлдары, әйелі және келіндерімен бірге кемеден шықты.
19
Барлық аңдар мен малдар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылар түр-түрімен, үйірімен түгел кемеден сыртқа шықты.
Құдайдың Нұхпен жасаған Келісімі
20
Нұх Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын жасады. Содан кейін ол малдың және құстың барлық адал түрлерінен біразын алып, оларды құрбандыққа шалып, өртеп жіберді.
21
Құрбандықтардың жағымды иісі Жаратқан Иеге жеткенде, Ол іштей былай деді: «Адамның жүрегіндегі ой-ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім болса да, Мен бұдан былай еш уақытта жерді адамдарға бола қарғамаймын. Енді ешқашан да Өзім жасағандай барлық тіршілік атаулыны құртып жібермейтін боламын.
22
Бұдан былай, жер жер болып тұрған уақытта, тұқым себу мен егін ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн үздіксіз бола бермек».