Жаратылыстың баст. 47
Жақыптың перғауынға батасын беруі
1
Жүсіп перғауынға барып, былай деп мәлімдеді: «Әкем мен бауырларым ірілі-ұсақты малдарымен, бар дүние-мүлкімен Қанахан елінен көшіп келді. Қазір олар Гөшен аймағында».
2
Жүсіп ертіп апарған бес бауырын перғауынға таныстырды.
3
Патша оның бауырларынан:
— Мамандықтарың қандай? — деп сұрады. Олар:
— Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыз сияқты ұсақ мал бағушылармыз.
4
Бұл жерге жат жұрттық болып тұруға келіп жатырмыз. Қанаханда аштық қатты үдеп кеткендіктен малдарымызға жайылатын өріс қалмады. Сол себепті Гөшенде тұрып қалуымызға рұқсат бере көріңіз, — деп жауап берді.
5
Перғауын Жүсіпке былай деп бұйырды:
— Әкең, бауырларың саған келіп жатыр.
6
Мысыр елі сендер үшін ашық. Әкең мен бауырларыңды елдің ең жақсы жеріне қоныстандыр: олар Гөшен аймағын мекендесін! Араларында кәсібіне ерекше ұқыпты адамдардың бар екенін білсең, соларды менің малдарымның үстінен қарайтын аға бақташылар етіп тағайында!
7
Мұнан соң Жүсіп әкесін ертіп келіп, перғауынға таныстырды. Жақып онымен амандасқан соң,
8
перғауын:
— Сіз нешедесіз? — деп сұрады.
9
Ол:
— Мен жүз отыз жыл жат жұрттық болып өмір сүріп келемін. Өмірімнің жылдары әрі аз, әрі азапқа толы болды. Олар аталарымның бөтен елде көшіп-қонып жүріп жасаған жылдарынан әлдеқайда аз, — деп жауап қатты.
10
Содан Жақып перғауынға батасын беріп, қасынан шығып кетті.
11
Сонымен Жүсіп әкесі мен аға-інілерін Мысырға қоныстандырып, перғауын айтқан Рамсес қаласының төңірегіндегі ең жақсы жерді олардың меншігі етіп пайдалануға берді.
12
Жүсіп әкесін, бауырларын, әкесінің үй ішін түгелімен әр отбасының қажетіне қарай астықпен де қамтамасыз етті.
Жұт жылдары Жүсіптің Мысырды басқаруы
13
Барлық елде астық қалмады. Жұттың өте қатты болғаны сондай, Мысыр мен Қанахан елдері аштықтан құрып кете жаздады.
14
Содан олардың тұрғындары астық сатып алу үшін қолындағы бар ақшаларын Жүсіпке өткізді. Ол бұл қаржыларды жинап, перғауынның сарайына апарды.
15
Мысыр мен Қанахандағы жұрттың ақшасы сарқылғанда, мысырлықтар түгелдей Жүсіпке келіп:
— Бізге астық бере көріңіз. Біз неге сіздің көз алдыңызда аштан қырылмақпыз? Ал ақшамыз таусылды, — деп өтінді.
16
Жүсіп оларға:
— Ақшаларың таусылса, малдарыңды әкеліңдер. Мен оларды астыққа айырбастап беремін, — деді.
17
Сонда олар малдарын айдап келіп, Жүсіп оларға жылқыларының, ірілі-ұсақты малдары мен есектерінің орнына астық берді. Сол жылы оларды барлық малдарының есебінен астықпен қамтамасыз етті.
18
Олар Жүсіпке келесі жылы да келіп, былай деп өтініш жасады:
— Уа, тақсыр, біз ақшамыздың біткенін ғана емес, сонымен қатар малымыздың да иеміздікі болғанын ашық мойындаймыз. Бізде иемізге ұсынатын жеке басымыз бен жерімізден басқа түк те қалмады.
19
Неге сіздің көз алдыңызда өзіміз де, жеріміз де құрып кетуге тиіспіз? Бізді және егіндіктерімізді астыққа сатып алыңыз, осылай перғауынның меншігіне айналамыз. Бізді өлмей, тірі жүрсін, жеріміз қаңырап бос қалмасын десеңіз, тұқым бере көріңіз.
20
Содан Жүсіп Мысырдың бүкіл егіндік жерін перғауынға сатып алды. Аштық қысқан мысырлықтардың әрқайсысы егіндігін сатып, жер перғауынның меншігіне көшті.
21
Осылай Жүсіп Мысырдың о шеті мен бұ шетіндегі халқын түгел құлға айналдырды.
22
Жүсіп тек діни қызметкерлердің жерлерін ғана сатып алмады. Олар перғауыннан үздіксіз алып тұрған жалақыларымен күнелткендіктен, жерлерін сатуға мәжбүр болмады.
— Сонымен мен бүгін өздеріңді, сондай-ақ егістік жерлеріңді де перғауын үшін сатып алдым. Енді сендерге жерге себетін тұқым үлестіремін.
24
Бұдан былай сендер түскен өнімнің бестен бірін перғауынға салық ретінде беруге тиіссіңдер. Қалған төрт бөлігі себілетін тұқым әрі отбасыларыңның жейтін тамағы ретінде өздеріңде қалсын, — деп жариялады.
25
Сонда халық:
— Сіз өмірімізді сақтап қалдыңыз. Бізге қожайынымыздың рақымы түссе екен дейміз. Енді перғауынның басыбайлы қызметшілері боламыз, — деп мақұлдады.
26
Осылайша Жүсіп мысырлықтар үшін жинаған өнімдерінің бестен бірін перғауынға беруді заңға айналдырды. Бұл заң күні бүгінге дейін күшінде. Тек діни қызметкерлердің жерлері ғана перғауынның меншігіне кірмей қалды.
Жақыптың соңғы аманаты
27
Исраилдіктер Мысырдағы Гөшен аймағына көшіп келіп, орнығып алған соң, өсіп-өніп, қатты көбейді.
28
Жақып Мысыр елінде он жеті жыл тұрып, жасы жүз қырық жетіге жетті.
29
Ажалы жақындағанда ол баласы Жүсіпті шақыртып алып, оған былай деді:
— Маған жақсылық жасағың келсе, қолыңды жамбасымның астына қойып тұрып мынадай уәде бер: сен менің сүйегімді Мысырда қалдырмайсың. Маған деген сүйіспеншілігің мен адалдығыңның белгісі сол болсын.
30
Мен ата-бабаларымның қасына аттанғаннан кейін сүйегімді Мысырдан әкетіп, олар жатқан қабірге апарып қоярсың! — Жүсіп:
— Айтқаныңызды орындаймын, — деп сөз берді.
31
Жақып:
— Маған антыңды бер! — деген соң Жүсіп оған ант берді. Сонда Исраил таяғының басына сүйеніп тұрып Құдайға ғибадат етті.