Жаратылыстың баст. 45
Жүсіптің бауырларына өзінің құпиясын ашуы
1
Сонда Жүсіп айналасында тұрған қызметшілерінің алдында өзін ұстай алмай, оларға: «Бәрің де кетіңдер қасымнан!» — деп айқайлап жіберді. Жүсіп бауырларына өзінің кім екенін айтқанда қасында бөтен ешкім де қалмады.
2
Оның дауыстап жылағаны соншалықты, соны сырттағы мысырлықтар да естіп, бұл туралы хабар перғауынның сарайына да жетті.
3
Жүсіп бауырларына қарап:
— Мен Жүсіппін ғой! Әкем шынында да әлі күнге дейін тірі ме? — деп сұрады. Бірақ олар оның алдында қатты абыржып қалғандықтан жауап бере алмады.
4
Жүсіп оларға: — Маған жақындаңдар! — деп, олар қасына келгенде мынаны айтты: — Мен сендер Мысырға сатып жіберген Жүсіппін!
5
Ал енді, ештеңені уайымдамаңдар, мені осында сатып жібердік деп өздеріңді кінәламаңдар! Өйткені Құдайдың Өзі мені осы жерге өмірлеріңді сақтап қалу үшін сендерден бұрын жіберді.
6
Елді аштық жайлағалы екі жыл өтті, енді келесі бес жыл бойы да жер өңделіп, астық егілмейді.
7
Ұрпақтарыңның жер бетіндегі өмірін жалғастыру үшін сендерді ұлы іспен құтқарып, аман-есен қалдыру үшін Құдай мені мұнда өздеріңнен бұрын жіберді.
8
Осылайша сендер емес, Құдай мені бұл жерге жіберді! Ол мені перғауынға әке іспетті бас кеңесші қылып тағайындап, сарайына қожайын, бүкіл Мысыр еліне билеуші етіп қойды.
9
Енді сендер тезірек әкеме жетіп, оған мына сөздерімді жеткізіңдер: «Ұлыңыз Жүсіп сізге былай деп сәлем жолдайды: Құдай мені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп қойды. Көп кешікпей көшіп келіп,
10
Гөшен аймағына қоныстаныңыз. Сонда балаларыңыз, немерелеріңіз, ірілі-ұсақты малдарыңыз және бар дүние-мүлкіңізбен бірге менің қасымда тұрыңыз.
11
Сізге сол жерде қарайласпақпын, өйткені аштық әлі де бес жылға созылады. Егер олай етпесеңіз өзіңіз, үй ішіңіз және барлық адамдарыңыз жоқшылыққа ұшырайсыздар».
12
Міне, өздерің де, інім Бунямин де өз көздеріңмен көріп тұрсыңдар: сендермен сөйлесіп тұрған мен Жүсіппін!
13
Әкеме мені мұнда қалай қадірлейтіні және өздерің көріп, білген басқа нәрселер туралы да айтып беріңдер! Тезірек барып, әкемді осында жеткізіңдер! — деді де,
14
бірге туған інісі Буняминді мойнынан құшақтап егіле жылады, ол да құшақтап жылай берді.
15
Жүсіп барлық ағаларының да беттерінен сүйіп, құшақтап жылады. Бұдан кейін ағалары онымен сөйлесе бастады.
16
Жүсіптің бауырлары келіпті деген хабар сарайға жеткенде, перғауын мен оның нөкерлері бұған қуанып қалды.
17
Патша Жүсіпке:
— Сен бауырларыңа мынаны айт: «Есектеріңе астық артып алып, Қанахан еліне тартыңдар.
18
Сонан соң әкелерің мен отбасыларыңды алып, маған келіңдер. Сендерге жердің өнімін жеу үшін Мысыр елінің ең жақсы бөлігін беремін».
19
Оларға міндетті түрде тағы да былай де: «Әйелдеріңе, балаларыңа арнап Мысырдан күймелер ала кетіп, әкелеріңді өз жұртымен осы жерге көшіріп әкеліңдер.
20
Ол жақтағы дүние-мүліктеріңді ойлап уайымдамаңдар, өйткені Мысырдың ең жақсысы сендердікі болады», — деді.
21
Исраилдің ұлдары бұл айтылғандармен келісті. Перғауынның бұйрығы бойынша Жүсіп оларға күймелер және жол азық берді.
22
Әрқайсысына бір-бірден шапан жауып, Буняминге үш жүз мысқал күміс және бес әдемі шапан сыйлады.
23
Ал әкесіне арнап он есекке артып, Мысырдың ең жақсы заттарын, тағы он ұрғашы есекке тиеп, астық, нан, жол азық жіберді.
24
Жүсіп ағаларымен қоштасып, сапарға шығарып салды. Кетерінде оларға: «Жолда бір-біріңмен ұрсыспаңдар!» — деп ескертті.
25
Олар Мысырдан шығып, Қанахан еліне әкелері Жақыпқа келгенде,
26
оған: «Жүсіп тірі екен! Ол — бүкіл Мысырдың әміршісі!» — деген хабарды жеткізді. Ал ұлдарының айтқандарына сенетіндей Жақыптың жүрегі бүлк етпеді.
27
Олардан Жүсіптің сөздерінің бәрін естіп, оның жіберген күймелерін көргеннен кейін ғана Жақып (Исраил) рухтанып:
28
«Көзім жетті: ұлым Жүсіп әлі тірі екен. Мен сонда барып, оны өлмей тұрғанымда көріп қалайын!» — деп шешті.