Жаратылыстың баст. 44
Ағаларының Жүсіпке істеген арамдықтарын еске алуы
1
Кейін Жүсіп үй басқарушысына мынадай тапсырма берді: «Жігіттердің қаптарын көтере алғандарынша астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген ақшасын қабының аузына сал!
2
Ал кенжелерінің қабының аузына ақшасымен бірге менің күміс тостағанымды да салып қой!» Үй басқарушысы Жүсіптің айтқанын орындады.
3
Ертеңіне жарық түсе ағайындылар есектеріне астық артып алып, жолға шықты.
4
Олар қаладан ұзап шықпай жатып, Жүсіп үй басқарушысына былай деп бұйырды:
— Тұр, аналардың артынан қу! Қуып жеткен кезде оларға мынаны айт: «Неге сендер жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарып,
5
күміс тостағанды ұрлап кеттіңдер? Бұдан қожайыным ішеді ғой. Мұны ол жаман ырымға жорып отыр. Сендер зұлымдық жасадыңдар!»
6
Үй басқарушысы оларды қуып жетіп, осы сөздерді айтып берді.
7
Олар оған жауап қайтарып:
— Мырзамыз мұндай сөздерді неге айтады? Алдыңыздағы құлдарыңыз ондай қылықты істеуден мүлдем аулақ жүреміз!
8
Біз тіпті қаптың ішінен тапқан ақшаны да Қанахан елінен сізге қайтып алып келдік қой. Қалай біз қожайыныңыздың үйінен күміс не алтынды ұрламақпыз?
9
Күміс тостаған қайсымыздан табылса, сол өлім құшсын, ал біз бәріміз қожайынымыздың құлына айналайық, — деді.
10
Үй басқарушысы сонда:
— Жарайды, айтқандарың болсын! Тостаған кімнен табылса, сол менің құлым болады! Ал қалғандарың бос боласыңдар, — деп шешті.
11
Олар тездетіп қаптарын жерге түсірді де, әркім өз қабының аузын ашты.
12
Үй басқарушысы үлкенінен бастап кішісіне дейін бәрінің қаптарын тінтіп шықты. Сонда тостаған Буняминнің қабынан табылды.
13
Қатты қапаланған олар көйлектерінің өңірін айыра жыртты. Есектеріне жүктерін артып, қалаға қайта оралды.
14
Яһуда бауырларымен Жүсіптің сарайына келіп жеткенде ол әлі сонда еді. Жігіттер оның алдына жығылып табынды.
15
Жүсіп оларға:
— Сендер не істедіңдер? Мен сияқты адамның осындай жайттарды сөз жоқ болжай алатынын білмеп пе едіңдер? — деп тіл қатты.
16
Яһуда:
— Тақсыр иемізге не айта аламыз? Енді біз не дейміз, кінәсіз екенімізді қалайша дәлелдейміз? Құдай кінәмізді әшкереледі. Біз де, тостаған алған адам да бұдан былай тақсыр иеміздің құлдары боламыз, — деп жауап берді.
17
Жүсіп:
— Мен олай істеуден аулақпын! Тостаған кімнен табылса, сол ғана менің құлым болады. Ал қалғандарың тыныштықпен әкелеріңе жүре беріңдер! — деп шешті.
Яһуданың інісі үшін өз бас бостандығын қиюы
18
Сонда Яһуда тұрып, Жүсіпке былай деді:
— Уа, тақсыр ием, маған бір ауыз сөз айтуға рұқсат етсеңіз екен. Сіз перғауынға пара-пар болсаңыз да, осы пендеңіздің сөйлеп тұрғанына ашулана көрмеңіз.
19
Тақсыр ием, сіз: «Әкелерің немесе інілерің бар ма?» деп сұраған едіңіз ғой.
20
Сонда біз иемізге: «Әкеміз бар, ол кәрі. Оның қартайған шағында туған кенже баласы бар. Соның бірге туған ағасы өлді, енді бұл — шешесінен қалған жалғыз ұл. Сондықтан әкеміз оны қатты жақсы көреді» деп жауап бердік.
21
Сонда сіз осы құлдарыңызға: «Оны көргім келеді, маған алып келіңдер!» деп әмір еттіңіз.
22
Ием, біз өзіңізге: «Жас жігіт әкесін жалғыз қалдырып кете алмайды. Егер ол қасынан кетсе, әкесі өліп қалады» дедік.
23
Ал сіз: «Кенже інілерің сендерге еріп келмесе, менің көзіме қайтадан көрінбеңдер!» деп бұйырдыңыз.
24
Содан біз сіздің құлыңыз — өз әкемізге қайта оралғанда оған тақсыр иеміздің бұйырғандарын жеткіздік.
25
Кейінірек әкеміз бізге: «Тағы да барып, аздап астық сатып алып келіңдер!» дегенде
26
біз: «Олай бара алмаймыз. Егер кенже ініміз бірге жүрсе, барамыз. Онсыз сол адамның көзіне көріне алмаймыз» дедік.
27
Сонда әкеміз бізге былай деді: «Сендер әйелім Рахиланың маған екі-ақ ұл туып бергенін білесіңдер.
28
Олардың біреуі қасымнан кетіп, жоқ болды. Жыртқыш аң жарып тастаған шығар деймін, өйткені күні бүгінге дейін оны қайтып көрген емеспін.
29
Енді сендер менен тағы мына ұлымды алып кетіп, ол да жолшыбай пәлеге ұшыраса, онда мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалынан бұрын көрге тығатын боласыңдар!»
30
Сондықтан егер мен сіздің құлыңыз — өз әкеме қайта оралғанда қасымда оның жанындай жақсы көретін баласы жоқ болып шықса,
31
онда ол мұны көріп, сол жерде өлер еді. Осылай біз ақ шашты әкемізді қайғыға батырып, ажалынан бұрын көрге кіргізер едік.
32
Уа, тақсыр ием, мен жас жігіттің қауіпсіздігіне басыммен жауап беремін деп әкеме уәде беріп: «Егер мен оны сізге қайта алып келмесем, онда сіздің алдыңызда өмір бойы кінәлі болып өтейін» деген болатынмын.
33
Сондықтан бұл жігіттің орнына мені құлдыққа алып қалып, оны ағаларымен бірге жібере көріңіз!
34
Жас жігіт қасымда болмаса, не бетіммен әкеме барамын? Әкемнің басына түскен бақытсыздығын көрмесем екен! — деп жалынды Яһуда.