Жаратылыстың баст. 43
Ағайындылардың Мысырға екінші сапары
1
Елді әлі де ашаршылық қысып тұрған болатын.
2
Мысырдан әкелінген астық таусылғанда, Жақып ұлдарына:
— Тағы да барып, біраз астық сатып алыңдар! — деп бұйырды.
3
Ал Яһуда әкесіне былай деп жауап қатты:
— Әлгі адам: «Қастарыңда інілерің болмаса, көзіме көрінбеңдер!» деп бізге мықтап ескертті.
4
Сіз інімізді бірге жіберсеңіз, астық әкелуге барамыз.
5
Ал оны жібермесеңіз, бара алмаймыз. Өйткені ол адам бізге: «Қастарыңда інілерің болмаса, көзіме көрінбеңдер!» деп тыйым салған еді ғой. —
6
Сонда әкесі:
— Неліктен сендер сол адамға: «Тағы бір ініміз бар» деп айтып маған зұлымдық жасадыңдар? — деп ренішін білдірді.
7
Олар:
— Сол адам өзіміз және туысқандарымыз туралы: «Әкелерің тірі ме, тағы бір інілерің бар ма?» деп егжей-тегжейлі сұрады ғой. Біз тек оның сұрақтарына жауап бердік. Оның: «Інілеріңді алып келіңдер» дейтінін қайдан білейік? — деп түсіндірді.
— Сіз де, біз де, балаларымыз да аштан өлмеуіміз үшін ұлды менімен бірге жіберіңіз.
9
Мен жас жігіттің қауіпсіздігіне басыммен жауап беремін, оны менің қолымнан қайтарып алатын боласыз. Егер мен ұлыңызды қайтып әкеле алмай, көзіңізге көрінетін болсам, онда мен сіздің алдыңызда өмір бойы кінәлі болып өтейін.
10
Уақытты осылайша соза бермегенде біз Мысыр жаққа ендігі екі рет барып келген болар едік, — деп өтінді.
11
Ақырында Исраил ұлдарына тіл қатып былай деп шешті:
— Егер қажет болса, мейлі, былай істеңдер: елде шығатын ең жақсы өнімдерден сәлемдеме жасап, сол адамға аздап май дәрі, бал, иісмай жасайтын шайыр, хош иісті мүр және жаңғақ, бадам дәндерін апарып беріңдер!
12
Сонымен қатар астық үшін төленетін күмісті де екі есе көп етіп алыңдар! Қаптарыңның аузында қайтып әкелген ақшаны қайтарып берулерің керек. Мүмкін, олар қателескен шығар.
13
Кенже інілеріңді ертіп алып, әлгі адамға тағы да барыңдар.
14
Құдіреті шексіз Құдай оны мейірімділікке кенелтіп, бауырларың Шимон мен Буняминді қайтарып бергізсін. Ал егер маған баласыз қалу бұйырылса, солай-ақ болсын, — деп қосты.
Жүсіптің аға-інілеріне қонақасы беруі
15
Жақыптың ұлдары әзірленген сәлемдемелерді, екі есе күмісті және Буняминді қоса алып, Мысырға барып, Жүсіптің алдына келді.
16
Ол ағаларының қасынан Буняминді көріп, үй басқарушысына: «Мына адамдарды менің үйіме алып бар! Мал сойғызып, тамақ әзірлет! Бұл кісілер бүгін менімен бірге түстенсін», — деп тапсырды.
17
Үй басқарушысы айтқанды екі етпей, оларды Жүсіптің сарайына апарды.
18
Олар бұған зәрелері ұша қорқып: «Бізді өткен жолғы қаптарымызға қайтадан салып жіберілген ақшалардың кесірінен осында алып бара жатыр. Сол үшін де әлгі адам бізге тиісіп күш көрсетіп, есектерімізді тартып алып, өзімізді құлдарына айналдырмақшы», — деп шошынды.
19
Олар Жүсіптің үй басқарушысына барып, оған сарайдың кіре берісінде тіл қатып былай деді:
20
— Мырза, бізге құлақ сала көріңіз. Өткен жолы да астық алу үшін келіп кеткенбіз.
21
Түнгі аялдамаға тоқтап, қаптарымызды ашып қарасақ, міне қызық, әрқайсымыздың төлеген күллі күмісіміз қаптың аузында жатыр екен! Соны өз қолымызбен қайтадан әкеліп отырмыз.
22
Енді тағы да астық сатып алу үшін қосымша ақша алып келдік. Ал сол күні ақшамызды қаптарымыздың аузына кімнің салып қойғанын мүлде білмейміз.
23
Үй басқарушысы оларға:
— Қорықпаңдар, жандарың тыныштықта болсын! Өздерің және әкелерің сиынатын Құдай қаптарыңа қазына-байлық сыйлапты. Сендердің ақшаларың қолыма түсті ғой, — деді де, оларға Шимонды алып келді.
24
Үй басқарушысы жігіттерді Жүсіптің сарайына кіргізіп, аяқтарын жуатын су әкелдіріп, есектеріне жем бергізді.
25
Жігіттер Жүсіптің түсте келуіне сәлемдемелерін даярлап қойды, себебі өздерінің сол жерде онымен бірге түстенетіндері туралы естіген болатын.
26
Ақырында Жүсіп үйге келді. Олар қолдарындағы сыйлықтарын алып келіп, оның алдында жерге дейін иіліп тағзым етті.
27
Жүсіп олармен амандасып:
— Кәрі әкелеріңнің халі қалай? Маған ол туралы айтып едіңдер ғой. Оның көзі тірі ме? — деп сұрады.
28
Олар:
— Құрметті тақсыр ие, әкеміздің халі жақсы, тірі, — деп жауап берді де, ізет көрсете тағы да иіліп тағзым етті.
29
Жүсіп жан-жағына қарағанда, өзінің шешесінен туған інісі Буняминді көріп:
— Сендердің маған айтқан кенже інілерің осы ма? Құдай саған рақымын түсірсін, балам! — деді.
30
Туған інісін көргенде, Жүсіптің оған деген сүйіспеншілігі лап етті. Оның басқа ештеңе айтуға шамасы келмей, сол жерден шыға жөнелді. Көзіне жас толып кеткен ол өз бөлмесіне барып, жылап алды.
31
Сонан соң өзін-өзі қолға алып, бетін жуып, сыртқа шықты да, қызметшілеріне тамақ әкелуге бұйырды.
32
Қызметшілер Жүсіпке, ағаларына және бірге тамақтанатын мысырлықтарға бөлек-бөлек дастарқан жайды. Себебі мысырлықтар көшпенділермен бірге тамақтанбайтын. Олар бірге ішсек, арамданып қалармыз деп сенетін.
33
Ағайындылар жас мөлшеріне қарай үлкенінен бастап кішісіне дейін Жүсіпке қарама-қарсы отырғызылды. Олар бұған қатты таңғалды.
34
Жүсіптің дастарқанынан олардың алдына тамақ таратылған кезде Буняминнің табағына басқаларға қарағанда бес есе артық тамақ түсті. Олар Жүсіппен бірге тойғандарынша ішіп-жеп, көңілді отырды.