Жаратылыстың баст. 42
Жүсіптің ағаларының Мысырға алғашқы сапары
1
Сол кезде Жүсіптің әкесі Жақып Мысырда астықтың бар екенін естіп, ұлдарына: «Неге бір-біріңе қарап отырсыңдар?
2
Мысырда нан бар деп естідім. Аштан өліп қалмауымыз үшін сол жаққа барып, астық сатып алыңдар!» — деп тапсырды.
3
Осылай Жүсіптің он ағасы азық алып келуге Мысырға қарай бет алды.
4
Ал Жақып Жүсіптің бірге туған інісі Буняминді жолда бір пәлеге ұшырап қалар деп қауіптеніп, ағаларымен бірге жібермей қойды.
5
Сонымен Жақыптың он ұлы Мысырға жетті. Олармен бірге азық сатып алу үшін басқа адамдар да келген еді. Өйткені аштық Қанахан елін де қамтыған болатын.
6
Ал Жүсіп Мысырдың әміршісі болып, бүкіл халыққа астық сатуды басқаратын. Сондықтан ағалары оның алдына келіп, жерге дейін иіліп тағзым етті.
7
Жүсіп оларды көрісімен-ақ танығанмен, бөтен адамның сыңайын танытып, олармен қатал сөйлесті:
— Сендер қайдан келдіңдер?
— Біз астық сатып алу үшін Қанахан елінен келдік, — деді олар.
8
Жүсіп ағаларын таныса да, олар оны таныған жоқ.
9
Баяғыда олар туралы көрген түстері есіне түскен Жүсіп:
— Сендер тыңшысыңдар! Біздің шекараның әлсіз жерлерін іздеп табу үшін келдіңдер! — деп дүрсе қоя берді. Олар:
10
— Жо-жоқ, уа, тақсыр иеміз. Алдыңыздағы құлдарыңыз осында тек астық сатып алу үшін ғана келдік.
11
Біз барлығымыз бір адамның ұлдарымыз, тыңшы емес, адал адамдармыз, — деді.
12
— Жоқ, сендер елге қай тұсынан шабуылдауға болатынын біліп алу үшін келдіңдер!
13
— Тақсыр ие, біз он екі ағайынды болғанбыз. Қанаханда тұратын бір адамның ұлдарымыз. Ең кішіміз әкеміздің қасында қалды, ал бір бауырымыз қайтыс болған. —
14
Жүсіп оларға:
— Шынында да сендер дәл мен айтқандай тыңшысыңдар!
15
Перғауынның атымен ант етемін, енді сендер сыналмақсыңдар! Үйде қалған ең кіші інілерің де келмейінше бұл жерден ешқайда кетпейсіңдер.
16
Кенже бауырларыңды алып келуге араларыңнан біреуіңді жіберіңдер, ал басқаларың қамауға алынасыңдар. Осылайша сөздерің шын ба, жоқ па, соны тексереміз. Егер өтірік болып шықса, онда тыңшы екендерің айдай анық болады, — деді.
17
Содан оларды үш күнге қаматып қойды.
18
Үшінші күні Жүсіп оларға тіл қатып:
— Мен Құдайды қастерлейтін адаммын. Енді мынаны істеңдер, сонда аман қаласыңдар:
19
егер расында адал болсаңдар, бауырларыңның біреуін түрмеде қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар.
20
Ал кейін кенже інілеріңді әкелуге тиістісіңдер! Сонда сөздеріңнің шындығына көзім жетіп, сендер ажалдан құтыласыңдар, — деді. Олар солай істеуге келісті.
21
Ағайындылар бір-біріне: «Шынында біз бұл жазаға ініміз Жүсіпке бола ұшырап отырмыз. Оның жапа шегіп, жан даусымен бізге жалынғанын көрсек те, құлақ салмадық. Сондықтан да осы бақытсыздық басымызға төніп тұр», — десті.
22
Рубен інілеріне: «Балаға тиісіп күнәға батпаңдар деп сендерге айтпап па едім? Алайда мені тыңдамадыңдар. Енді міне, оның төгілген қаны үшін есеп беретін уақыт жетті», — деді.
23
Олар осы айтқандарын Жүсіптің түсініп қойғанын білген жоқ, себебі ол ағаларымен тілмаш арқылы сөйлескен болатын.
24
Жүсіп бұрылып кетіп, көзіне жас алды. Содан ол қастарына қайта оралып, олармен тағы да сөйлесті. Кейін ағайындылардың ішінен Шимонды тұтқындатып, олардың көзінше байлатты.
25
Қызметшілеріне ағайындылардың қаптарын астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген күмістерін қаптың аузына салуға, жол азығын да беруге бұйырды. Барлығы да Жүсіп айтқандай іске асты.
26
Ағалары қаптарын есектеріне артып, жолға шықты.
27
Олар түнеуге аялдаған кезде біреуі есегіне жем беру үшін қабының аузын ашып, төлеген күмісінің сонда жатқанын көрді.
28
Таңғалған ол бауырларына: «Ақшам өзіме қайтарылыпты! Ол, міне, қаптың бетінде жатыр!» — деді. Бәрінің жүректері суылдап, бір-біріне үрейлене қарап: «Құдай бізге не істеді?» — десті.
29
Қанаханға, әкелері Жақыпқа қайтып келген соң, олар оған көрген-білгендерін түгелдей баяндап берді:
30
— Сол елдің әміршісі бізге еліне кірген тыңшылар ретінде қарап, өте қатал сөйлесті.
31
Біз оған: «Тыңшы емес, адал адамдармыз!
32
Бір кісінің балалары, он екі ағайындымыз. Бір бауырымыздан айырылғанбыз, ал кенжеміз әкеміздің қасында Қанаханда қалды», — дедік.
33
Бірақ сол кісі — елдің әміршісі бізге: «Мен сендердің адал екендіктеріңе былай көз жеткіземін: бауырларыңның біреуін қасымда қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар.
34
Алайда маған кенже інілеріңді әкелуге тиіссіңдер! Содан сендердің тыңшы емес, адал адам екендіктеріңе көз жеткізіп, осында қалдырған бауырларыңды қайтарып беремін. Сонда бұл елде еркін жүре алатын боласыңдар», — деп бұйырды.
35
Бұдан кейін ағайындылар қаптарын босатып жатып, әрқайсысы төлеген күмістерін тауып алды. Мұны көргенде өздері де, әкелері де зәрелері ұшып қорқып кетті.
36
Жақып:
— Сендер мені балаларымсыз қалдырып отырсыңдар: Жүсіптен айырылдым, Шимоннан да айырылдым, енді Буняминді де алып кетпексіңдер! Апаттың бәрі басыма төніп тұр! — деп қапаланды.
37
Сонда Рубен әкесіне:
— Егер мен Буняминді қайтарып әкелмесем, онда менің екі ұлымның көзін құртуыңызға болады. Маған сеніңіз, оны қайтып алып келемін, — деді.
38
Бірақ Жақып былай деп шешті:
— Ол ұлым сендермен бірге бармайды! Ағасы өлген соң Рахиладан туған ұлдардан жалғыз сол қалды. Жолшыбай бір пәлеге ұшыраса, сендер мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалымнан бұрын көрге тығасыңдар!