Жаратылыстың баст.  31
Жақыптың үй ішімен Лабаннан қашуы
1
Сол шамада Лабанның ұлдарының: «Жақып әкеміздің жиған-тергенін иемденіп алды. Ол өз байлығын әкеміздің мал-мүлкі арқылы жасады», — деп наразыланып жүргені Жақыптың құлағына шалынды.
2
Ол, сондай-ақ, Лабанның өзіне бұрынғыдай қарамайтынын да байқады.
3
Осы кезде Жаратқан Ие Жақыпқа тіл қатып: «Ата-бабаңның еліне, өз жақындарыңа қайт! Мен саған жар боламын», — деп бұйырды.
4
Жақып Рахила мен Лияны мал жайып жүрген далаға шақыртып алып,
5
оларға былай деді:
— Мен әкелеріңнің маған бұрынғыдай қарамайтынын байқап жүрмін. Бірақ әкемнің сиынатын Құдайы маған жар болып келеді.
6
Менің бар күшіммен әкелеріңе қызмет еткенімді жақсы білесіңдер.
7
Бірақ сол кісіден көңілім қалды, ол алатын ақымды он рет өзгертті. Алайда Құдай оның маған зиян келтіруіне жол бермеді.
8
Әкелерің: «Теңбіл мал сенікі болсын», — деп еді. Сол-ақ екен, отардағы бүкіл малдар теңбіл қозыларды туды. Ол: «Шұбар малдар сенікі болсын», — деп еді, отардағы бүкіл малдар шұбар қозыларды туды.
9
Осылайша Құдай әкелеріңнің малын одан алып, маған берді.
10
Малдардың шағылысар уақыты келгенде түс көрдім. Түсімде ешкілермен шағылысып жүрген текелер теңбіл, ала немесе шұбар екен.
11
Құдайдың періштесі аян етіп: «Жақып!» — деді. Мен: «Тыңдап тұрмын», — деп жауап бердім.
12
Ол маған Құдайдың хабарын жеткізіп: «Басыңды көтеріп, қара! Ешкілермен шағылысып жүрген текелердің барлығы шұбар, теңбіл, ала. Өйткені Лабанның саған не істегенінің бәрін көріп жүрмін.
13
Мен саған Бетелде көрінген Құдаймын. Сол жерде сен үстіне май құйып Маған бағыштап ескерткіш тас тұрғызып, Өзіме мойынсұнуға уәде берген едің.
а
Енді тұрып, сапарға дайындал. Бұл жерді тастап, туған еліңе қайт!» — деді.
14
Сонда Рахила мен Лия Жақыпқа:
— Әкеміздің үйінде біздің ешқандай үлесіміз қалған жоқ қой.
15
Ол бізге бөтен адамдарға қарағандай қарады емес пе? Бізді сатып жіберіп, сол ақшаны түгелдей өзіне жаратты.
16
Шындығында әкеміздің Құдай алып қойған байлығы біздікі, балаларымыздың үлесі. Енді Құдай не айтса, соны істей көріңіз, — деп жауап берді.
17
Содан Жақып жолға жиналып, балалары мен әйелдерін түйелерге отырғызды да,
18
өзі солтүстік Месопотамияда тұрғанда тапқан барлық мал-мүлкін алып, әкесі Ысқақ тұрған Қанахан жеріне қарай жолға шықты.
19
Ал Лабан қойларын қырқып жүрген кезінде Рахила әкесінің үйіндегі мүсінделген шағын тәңір бейнелерін ұрлап алған еді.
20
Мұның үстіне Жақып өзінің көшіп кететінін айтпай, қайын атасы арамалық Лабанды алдап кетті.
21
Өзіне тиістінің бәрін ала сала қашқан ол Евфрат өзенінен өтіп, Ғилақад тауларына қарай бет алды.
Лабан мен Жақыптың келісім жасауы
22
Үш күн өткен соң Лабан Жақыптың қашып кеткені туралы естіді.
23
Ол туыстарын ертіп алып, жеті күн бойы суыт жүріп, Жақыпты Ғилақад тауларында қуып жетті.
24
Бірақ түнде Құдай Лабанға түсінде аян беріп: «Сен Жақыпқа не жақсы, не жаман сөз айтудан сақ бол!» — деп бұйырған болатын.
25
Лабан Жақыпты қуып жеткен кезде ол Ғилақад тауларында шатырларын тігіп қойған еді. Лабан да туыстарымен сол жерге шатырларын тікті.
26
Лабан Жақыпқа былай деп тіл қатты:
— Бұл не қылғаның? Мені алдап, қыздарымды соғыста қолға түскен тұтқын сияқты алып кетіпсің!
27
Неге мені алдап, түк айтпастан жасырын түрде қашып кеттің? Мен сені қуана-қуана ән-күймен думандатып
ә
шығарып салатын едім ғой.
28
Бірақ сен маған өз немерелерім мен қыздарымның беттерінен сүйгізбей алып кетіп, нағыз ақымақтық жасадың!
29
Енді менің сендерге жамандық істеуге де күшім жетуші еді. Бірақ соңғы түні әкеңнің Құдайы маған: «Сен Жақыпқа не жақсы, не жаман сөз айтудан сақ бол!» — деп аян берді.
30
Жарайды, сен әкеңнің үйін сағынған соң кетіп бара жатырсың. Алайда неліктен менің тәңірлерімді ұрлап алып кеттің? —
31
Жақып оған:
— Мен қыздарыңызды тартып әкетерсіз деп қорыққан едім.
32
Ал тәңір мүсіндеріңізді кімнен тапсаңыз, сол адам тірі қалмасын. Туыстардың алдында тінту жүргізіңіз, бізден сізге қарасты бір нәрсе тауып ала қояр ма екенсіз. Егер бір нәрсе тапсаңыз, алыңыз, — деді. Рахиланың мүсінделген тәңірлерді ұрлап алғанын Жақып білмейтін.
33
Сонда Лабан Жақыптың, Лияның және екі күңнің шатырларына кіріп, түк таппай, соңында Рахиланың шатырына кірді.
34
Рахила болса, сол шағын тәңір мүсіндерін алып, түйесінің қомының астына тығып, өзі қомның үстіне отырып алған еді. Сондықтан Лабан бүкіл шатырдың ішін ақтарса да, түк таппады.
35
Рахила әкесіне сылтауратып: «Мырзам, ашулана көрмеңіз, мен алдыңызда тұра алмай отырмын. Қазір менің әйелдерге тән ауыратын кезеңім», — деді. Содан Лабан қанша іздегенімен, мүсіндерін таба алмады.
36
Сонда Жақып ашуланып, Лабанмен айтысып былай деді:
— Осылай қуып келетіндей, мен не бүлдіріппін, қандай күнәм бар?
37
Сіз менің бүкіл үй ішімді тінтіп шықтыңыз, сонда өзімдікі деген бір зат таптыңыз ба? Сондай зат тапсаңыз, оны өзіңіздің де, менің де туыстарымыздың алдында көрсетіңізші! Екеуімізге төрелігін солар айтсын.
38
Мен қасыңызда жиырма жыл бойы болдым. Сіздің қой-ешкілеріңіз ешқашан қозы не лақ тастаған емес. Мен ешқашан бір тоқтыңызды да сойып жеп көрген емеспін.
39
Сізге ешқашан жыртқыш аңдар талап тастаған қойларды әкелген емеспін. Қайта, олардың орнын өзім толтыруға тиісті болдым. Малдар мейлі күндіз, мейлі түнде ұрлансын, сіз оларды маған төлеттірдіңіз.
40
Күндіз ыстықта, түнде суықта жүріп, ұйқы көрмедім.
41
Осылайша үйіңізде жиырма жыл жүрдім, он төрт жыл бойы қыздарыңыз үшін, алты жыл малдарыңыз үшін қызмет істедім. Ал өзіңіз менің жалақымды он рет өзгерттіңіз.
42
Егер атамның Құдайы, яғни Ыбырайым сиынатын Құдай — «Ысқақтың үрейлі Қорғаушысы» маған жар болмағанда, сіз мені құр қол қоя берер едіңіз. Бірақ Құдай мүшкіл халіме, ауыр еңбегіме назар аударып, өткен түнде менің пайдама үкім кесті. —
43
Ал Лабанның жауабы мынау болды:
— Әйелдер менің қыздарым, балалар да менікі, малдар да менің малым. Сен көріп тұрғанның бәрі менікі! Алайда мына қыздарым мен олардың туған балалары үшін енді не істей аламын?
44
Кел, сен екеуіміз арамызда айғақ ретінде жүретін келісім жасайық.
45
Сонда Жақып бір үлкен тасты алып, ескерткіш ретінде орнатып,
46
туыстарына: «Біраз тас жинаңдар!» — деді. Олар тастарды жинап, төбе етіп үйіп, соның басында отырып, тамақ ішті.
47
Лабан бұл төбені Егар-Сахадута деп атап, ал Жақып оған Ғилақад деген ат берді.
б
48
Лабан: «Бұл тас төбе бүгін екеуіміздің арамыздағы айғақ», — деді. Сондықтан ол Ғилақад («Айғақ төбесі») деп аталды.
49
Ол төбенің Миспа («Қарауыл мұнарасы») деген аты да бар. Өйткені Лабан: «Біз бір-бірімізден көз жазып қалғанымызда, Жаратқан Ие үстімізден қарауыл болып тұрсын.
50
Егер сен қыздарыма нашар қарап, олардың үстінен басқа әйелдер алсаң, екеуіміздің арамызда ешқандай төреші тұрмаса да, айғақ ретінде Құдайдың тұратыны есіңде болсын, — деген еді.
51
Лабан Жақыпқа тағы былай деді: — Міне, төбе, міне, екеуіміздің арамызда мен орнатқан тас ескерткіш.
52
Арам оймен осы төбе мен ескерткіштен әрі өтіп не мен саған қарай бармаймын, не сен маған қарай келме! Соның куәсі ретінде мына тас төбе де, тас ескерткіш те тұратын болсын.
53
Ыбырайым мен Нахор және олардың әкелері мойынсұнған Құдай екеуіміздің арамызда төрелік етсін».
Сонда Жақып әкесі Ысқақ «Үрейлі Қорғаушым» деп сиынған Құдайдың атын атап, ант берді.
54
Содан кейін тау басында құрбандыққа қой шалып, туыстарын асқа шақырды. Олар тамақ ішіп, сол тауда түнеп шықты.
55
Таңертең ерте Лабан орнынан тұрып, немерелері мен қыздарының беттерінен сүйіп, оларға батасын берді. Осылай ол өз мекеніне қайтып кетті.

а  28:18-22.

ә  Яки: қуана-қуана әндетіп, даңғыра мен жетіген тартқызып (4:21; Мыс 15:20).

б  Егар-Сахадута көне арамейше, ал Ғилақад көне еврейше «Айғақ төбесі» дегенді білдіреді.