Жаратылыстың баст.  30
1
Рахила өзі Жақыпқа бала туып бермегендіктен әпкесіне қызғана қарап, күйеуіне:
— Маған бала берші, әйтпесе өлемін! — деді.
2
Жақып оған:
— Саған бала тууды бұйыртпаған Құдай мен емеспін ғой! — деп қатты ашуланды.
3
Ал Рахила:
— Мынау күңім Балха, сонымен жақындас. Ол мен үшін бала туып берсін, соның арқасында мен де балалы болайын, — деп,
4
Балханы Жақыпқа қосты. Онымен бірге болған соң,
5
күңнің аяғы ауырлап, ұл туды.
6
Сонда Рахила: «Құдай құқығымды қорғап, төрелік етті. Ол өтінішіме құлақ асып, маған ұл сыйлады», — деді де, баланы Дан («Төреші») деп атады.
7
Бұдан кейін Рахиланың күңі Жақыпқа тағы бір ұлды туып берді.
8
Сонда Рахила: «Мен әпкеммен жүргізген зор тартысымда оны жеңіп шығудамын», — деп, оған Нафталим («Тартысым») деген есім берді.
9
Лия өзінің тумай қалғанын көрген соң, күңі Зилпаны Жақыпқа қосты.
10
Зилпа да Жақыпқа ұл туып берді.
11
Сонда Лия: «Бұл не деген бақыт!» — деді де, оны Ғад («Бақыт») деп атады.
12
Кейін Лияның күңі Зилпа Жақыпқа екінші ұлын туды.
13
Сонда Лия: «Мен қандай қуанышқа кенелдім! Барлық әйелдер мені қуанышты деп атайтын болады», — деп, балаға Ашир («Қуанышты») деген ат қойды.
14
Рубен егін орағы кезінде даладан махаббат алмасы
а
деген жемістер тауып алып, шешесі Лияға алып келді. Сонда Рахила Лиядан:
— Ұлыңның махаббат алмасынан берші, — деп сұрады. Ал Лия:
15
— Сен күйеуімді тартып алғаның аз болғандай, енді баламның махаббат алмаларын да алғың келе ме? — деп бермей қойды. Ал Рахила:
— Егер маған ұлыңның әкелген жемістерін берсең, онда Жақып бүгін түнде сенімен болсын, — деді.
16
Жақып кешке даладан келгенде, Лия оның алдынан шығып: «Бүгін түнде менімен бірге болсаңыз екен. Соны ұлымның әкелген махаббат алмаларына сатып алдым», — деді. Содан ол түнді Лиямен өткізді.
17
Құдай Лияның тілегін қабылдап, ол екіқабат болып, Жақыпқа бесінші ұлды туды.
18
Сонда Лия: «Мен күңімді күйеуіме бергенім үшін Құдай маған есесін қайтарып, осы баламды сыйлады», — деп, ұлын Исашар (яғни «Есе»)
ә
деп атады.
19
Кейінірек Лия тағы да бала көтеріп, Жақыпқа алтыншы ұлын туып берді.
20
Сонда ол: «Құдай маған құнды сыйлық тартты. Енді күйеуім мені сыйлап, бірге қалатын болады, өйткені оған алты ұл тауып бердім», — деп, оның есімін Забулон («Сый»)
б
деп қойды.
21
Мұнан соң Лия бір қыз туып, оны Дина («Төрелік») деп атады.
22
Ақырында Құдай Рахиланы мейірімділікпен есіне түсіріп, тілегіне құлақ асып, оған да ана болу бақытын сыйлады.
23
Рахила ұл туып: «Құдай мені масқаралықтан құтқарды», — деді.
24
Баласына Жүсіп («Қоса берсін») деген ат қойып: «Жаратқан Ие маған тағы бір ұлды қоса берсін!» — деді.
Жақыптың айламен үлкен байлыққа кенелуі
25
Рахиладан Жүсіп дүниеге келгеннен кейін Жақып Лабанға тіл қатып:
— Маған өз жеріме, туған еліме қайта оралуыма рұқсат етіңіз.
26
Мен жолға шығайын, әйелдерім мен балаларымды беріңіз, солар үшін қызмет еттім ғой. Сізге қаншалықты қызмет жасағанымды өзіңіз білесіз, — деді.
27
Лабан:
— Сенің маған істеген жақсылығың сол болсын, осында қал. Жаратқан Иенің мені саған бола жарылқап жүргенін байқап жүрмін.
в
28
Алуға тиісті ақыңды өзің белгілеші, мен оны төлемекпін, — деп жауап қатты.
29
Жақып оған:
— Сізге қаншалықты қызмет еткенімді, менің арқамда малыңыздың қаншама өскенін өзіңіз білесіз.
30
Мен келгенде сізде болған азғана дүние әлдеқайда көбейді. Жаратқан Ие сізді менің қолым тиген әрбір жұмыста жарылқап отырды. Ал енді, қашан мен өз үйім үшін бірдеме істей аламын, соны айтыңызшы? — деп наразылық танытты.
31
Лабан:
— Мен саған не беруім керек? — деп сұрады. Жақып:
— Маған түк бермей-ақ қойыңыз. Мына ұсынысымды қабылдасаңыз, ұсақ малдарыңызды әрі қарай баға берейін.
32
Бүгін барлық отарларыңызды аралап шығайық. Сонда әрбір теңбіл, ала қойды, қара қозыны және теңбіл, ала ешкіні маған айырып беріңіз, олар еңбек ақым болсын.
33
Келешекте сізге адалдығымды былайша дәлелдемекпін: сіз ақымды көру үшін келген кезде менің отарымдағы әрбір теңбіл, ала емес ешкі, қара емес қой ұрланған болып табылсын, — деген ұсыныс жасады.
34
Лабан:
— Жарайды, айтқаның болсын, — деп келісті.
35
Алайда сол күні Лабан (айлакерлік жасап) ұрғашысы бар, еркегі бар барлық ала, тарғыл ешкілер мен қара қозыларды өзіне айырып алып, ұлдарының қарамағына жіберді де,
36
Жақыптың қасынан үш күндік жерге қоныс аударды. Ал өзінің қалған ұсақ малдарын Жақыпқа бақтырып қойды.
37
Сонда Жақып теректің, бадам ағашының, шынардың жас шыбықтарын алып, ақ жолақтары айқын көрінетіндей етіп қабықтарын аршыды.
38
Шыбықтарды мал су ішкенде көз алдарында жату үшін науалардың ішіне салып қойды. Қойлар ала шыбықтар жатқан науаның қасына келіп,
39
бір-бірімен шағылысқанда, олардан тарғыл, қара ала қозылар туды.
40
Жақып тарғыл, қара ала қошақандарды айырып алып, өзі бағып жүрген отардың алдыңғы жағына қарай айдап отырды. Осылай ол өзіне жеке отар дайындап алып, қойларын Лабанның малына жуытпай бақты.
41
Күйлі малдар шағылысар кезде Жақып қойлар ала шыбықтарға қарап шағылыссын деп соларды науалардың ішіне салып қойып жүрді.
42
Бірақ нашар малдар шағылысқанда шыбықтарды науаға салмайтын. Осылайша Лабанның үлесіне нашар қойлар тисе, Жақып күйлі малға ие болды.
43
Осы айламен Жақып әбден байып, отар-отар ұсақ малдар, түйелер және есектерге әрі құл-қызметшілерге ие болды.

а  Ежелде мандрагора деп те аталған өсімдіктің жемістерінің (не тамырларының) бедеу әйелдердің құрсақ көтерулеріне септігін тигізеді деген сенім орныққан еді.

ә  Исашар түпнұсқадағы «Есе, ақы» деген сөзге ұқсас дыбысталады.

б  Забулон түпнұсқадағы «Қалу» және «Сый» деген сөздерге ұқсас дыбысталады.

в  Немесе: Жаратқан Ие мені саған бола жарылқап жүргендіктен байып келемін.