Жаратылыстың баст. 27
Жақыптың әкесінің тұңғыш ұлына арнаған батасына ие болуы
1
Ысқақ қартайып, көзі көрмей қалған еді. Бірде ол тұңғыш ұлы Есауды шақырып алып:
— Ұлым! — деді.
— Иә, тыңдап тұрмын. — деп жауап қатты ол.
2
Ысқақ:
— Мен қартайдым, қай күні өлерімді білмеймін.
3
Сен садақ пен қорамсағыңды алып, маған даладан бір аң аулап әкел.
4
Соның етінен мен сүйсініп жейтіндей дәмді тағам пісіріп, алып кел. Оны жеп, өлмей тұрғанда саған батамды беретін болайын, — деді.
5
Ысқақ ұлымен сөйлескен кезде, Рабиға да құлақ түріп тыңдап тұрды. Есау аң аулап әкелу үшін далаға шығып кеткеннен кейін,
6
Рабиға Жақыпқа былай деп кеңес берді:
— Тыңда, мен әкеңнің ағаң Есауға:
7
«Маған бір аң аулап әкеліп, дәмді етіп тамақ пісіріп бер. Мен оны жеп, өлмей тұрғанда саған Жаратқан Иенің алдында батамды берейін» дегенін естідім.
8
Ұлым, саған айтатын ақылыма мұқият құлақ сал:
9
қораға барып, маған екі қоңды лақты алып кел. Олардан дәмдеп, әкең сүйсініп жейтін тағам дайындаймын.
10
Соны әкеңе апар, ол жесін. Осылай ол өлер алдында батасын саған беретін болады! —
11
Бірақ Жақып шешесіне:
— Ағамның денесін қалың түк басқан, ал менде жоқ.
12
Әкем мені сипаласа ше, онда оның алдында өтірікші болып, одан бата орнына қарғыс алармын, — деді.
13
Сонда шешесі:
— Саған деген қарғысты өз мойныма аламын. Сен айтқанымды істеп, маған екі лақты әкеп бер, — деп жауап қатты.
14
Жақып лақтарды алып келіп, шешесіне берді. Ол солардан ұлдың әкесі сүйсініп жейтіндей дәмді тамақ әзірледі.
15
Содан кейін Рабиға үлкен ұлы Есаудың өз үйінде жатқан ең сәнді киімдерін алып, оларды кенжесі Жақыпқа кигізді,
16
әрі сойылған лақтардың терісімен оның түксіз мойны мен екі білегін жапты.
17
Жақыптың қолына өзі әзірлеген дәмді тамағы мен пісірген нанын ұстатты.
18
Сонда Жақып әкесіне кіріп:
— Әке! — деді. Ысқақ:
— Иә, ұлым, сен кімсің? — деп сұрады.
19
— Мен тұңғышыңыз Есаумын. Маған айтқаныңызды орындадым. Басыңызды көтеріп, мен аулап әкелген аңның етін жеп, маған батаңызды беріңіз. —
20
Ысқақ:
— Ұлым, қалайша оны тез тауып алдың? — деп сұрағанда, Жақып:
— Сіздің сиынатын Құдайыңыз — Жаратқан Ие оны маған кездестірді, — деп жауап қайтарды.
21
Сонда Ысқақ:
— Ұлым, маған жақындашы. Сен шынымен ұлым Есаусың ба, жоқ па, соны білу үшін сені сипалап көрейін, — деді.
22
Жақып қасына келген соң әкесі оны сипалап тұрып:
— Даусы Жақыптікі, ал қолдары Есаудікі, — деп шүбәсін білдірді.
23
Жақыптың қолдарынан ағасының қолдарындағыдай түкті сезгеннен кейін Ысқақ Жақыпты танымай қалды. Оған батасын бермек болды,
24
бірақ ол тағы бір рет:
— Сен шынымен ұлым Есаумысың? — деп сұрады. Жақып:
— Иә, солмын, — деп жауап берді.
25
Сонда әкесі:
— Ұлым, аңнан әзірленген тамағыңды бер. Мен жейін де, саған батамды берейін, — деді.
Жақып әкесіне тамақты ұсынды, ол жеді; кейін шарап әкеліп, ол оны да ішті.
26
Содан соң Ысқақ:
— Ұлым, маған жақын келіп, мені сүй, — деді.
27
Жақып әкесінің қасына барып, оны сүйгенде, Ысқақ оның киген киімдерінен Есаудың иісін сезді. Содан ол ұлына батасын беріп былай деді:
«Ұлымның иісі Жаратқан Ие
Жарылқаған даланың иісіндей.
28
Айырмасын Құдай сені аспан шығынан,
Әрі топырақтың құнарлылығынан,
Ағыл-тегіл астық пен жүзім шырынынан!
29
Саған ұлттар қызмет жасай берсін,
Һәм халықтар бас иетін болсын!
Сен билейтін бол бауырларыңды,
Саған бағынсын анаңның ұлдары!
Сені қарғайтындарды қарғыс атсын,
Ал батасын беретіндер жарылқансын!»
30
Ысқақ батасын аяқтап, Жақып әкесінен шығып бара жатқан кезде, ағасы Есау аң аулаудан қайтып келді.
31
Ол да дәмді тамақ пісіріп, әкесіне апарды да, оған былай деп тіл қатты:
— Әке, басыңызды көтеріп, батаңызды беру үшін мен әзірлеген тамақтан ішіңіз.
32
Сонда әкесі одан:
— Сен кімсің? — деп сұрады. Ұлы оған:
— Мен тұңғыш ұлыңыз Есаумын ғой, — деп жауап берді.
33
Сонда Ысқақ қатты дірілдеп шошып кетіп:
— Аң аулап, маған жаңа ғана тамақ әзірлеп, әкелген адам кім болды екен? Мен сол тамақты сен келер алдында ғана жеп, оны әкелген адамға батамды беріп қойдым. Енді батам сол күйінде қалады, — деді.
34
Есау әкесінің сөзін естігенде әбден күйініп, қатты айқайлап жіберіп:
— Әке! Маған да батаңызды берсеңіз етті! — деп жалбарынды.
35
Ал әкесі:
— Інің қулықпен келіп, саған тиесілі батаны иемденіп кетті, — деп бас тартты.
36
Сонда Есау:
— Оның аты Жақып қой, ол мені екі рет алдап үлгерді. Алдымен ол менен тұңғыштық жолымды алдап алды, енді маған тиісті батаны да иемденіп кетті! — деді де, әкесінен:
— Сіз маған деген ешқандай бата қалдырған жоқсыз ба? — деп сұрады.
37
Ысқақ:
— Мен оны саған билеуші етіп, барлық бауырларының бәрін өзіне қызметші қылып бердім. Оны мол астық пен жүзім шырынымен қамтамасыз еттім. Ұлым, мен енді сен үшін не істей аламын? — деп жауап берді.
38
— Әке, сізде бар болғаны бір-ақ бата ма еді? Маған да батаңызды бере көріңіз! — деп, Есау дауыстап жылады.
39
Соңында Ысқақ оған бата беріп былай деді:
«Құнарлы топырақ пен аспан шығынан
Сен алшақтау мекендейтін боласың.
40
Семсеріңе сүйене өмір сүресің,
Әрі бауырыңа мойынсұнып жүресің.
Бірақ жұлқынып қарсы шыққан уақытың
Жеткенде мойныңдағы езгісінен оның
Босап, құтылып кететін боласың».
Жақыптың нағашы ағасына қашып баруы
41
Есау сол кезден бастап Жақыпты әкесінен алдап алған батасы үшін жек көрді. Ол өз-өзіне: «Көп ұзамай әкем дүние салып, жоқтау айтатын уақыт келер. Содан кейін Жақыптың көзін құртамын», — деді.
42
Үлкен ұлының бұл сөздері Рабиғаның құлағына шалынды. Сонда ол кенжесін шақырып алып: «Ағаң Есау кек алып сені өлтірмекші.
43
Сондықтан айтқанымды тыңда: тез жолға жиналып, Харандағы туған ағам Лабанға қашып кет.
44
Ағаң Есаудың ашуы басылғанша сол жерде біраз қала тұр.
45
Кейінірек ол сенің өзіне істегеніңді ұмытып, ашуы қайтқаннан кейін біреуді жіберіп, сені шақыртып аламын. Мен бір күнде екі ұлымнан бірдей айырылып қалар жайым жоқ!» — деді.
46
Содан соң Рабиға Ысқаққа: «Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр. Егер Жақып та мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар?» — деді.