Жаратылыстың баст. 25
Ыбырайымның өмірінің соңғы жылдары және қайтыс болуы
1
Ыбырайым тағы да үйленіп, Кетура есімді әйел алған болатын.
2
Одан Ыбырайымның Зимран, Жоқшан, Медан, Мадиян, Ишбақ, Шуах деген ұлдары дүниеге келді.
3
Жоқшаннан Сәба мен Дедан туды. Деданнан кезінде ашурлықтар, летуштіктер және леумдіктер тарады.
4
Мадиянның ұлдарының аттары мыналар: Ефа, Ефер, Ханох, Абида, Елдаға. Бұлардың барлығы да Кетурадан тараған ұрпақтар болатын.
5
Алайда Ыбырайым жинаған бар дүние-мүлкін Сарадан туған Ысқаққа мұра етіп қалдырды.
6
Өзінің көзі тірісінде ол кәнизактарынан туған ұлдарына енші беріп, оларды шығыс жаққа, өз ұлы Ысқақтың маңынан алшақтау жерге, жіберді.
7
Ыбырайым барлығы жүз жетпіс бес жыл жасады.
8
Ол мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды.
9-10
Ысқақ пен Ысмағұл әкелерінің мәйітін Мамренің қасында, хеттік Сохар ұлы Ефронның егістігінде орналасқан Махпела үңгіріне апарып, марқұм әйелі Сараның қасына қойды. Бұл жер танабы мен үңгірді Ыбырайым кезінде хеттіктерден сатып алған болатын.
11
Ыбырайым өлгеннен кейін Құдай оның ұлы Ысқақты да жарылқап жүрді. Ол «Қамқоршым — тірі Құдай» деген құдықтың маңайында өмір сүріп жатты.
Ысмағұлдың ұрпақтары
12
Ыбырайымның Сараның мысырлық күңі Ажардан туған ұлы Ысмағұлдың үрім-бұтағының шежіресі мынау:
13
Ысмағұлдың ұлдарынан тараған ұрпақтар рет-ретімен былай аталады: Ысмағұлдың тұңғышы Набайот, одан кейін Қидар, Адбел, Мипсам,
14
Мишма, Дума, Масса,
15
Хадад, Тема, Етур, Нафиш, Кедмах туды.
16
Бұлар Ысмағұлдың он екі ұлынан тарап, жартылай көшпенді, жартылай отырықшы болып, мекендеген жеріне қарай бөлінген рулардың он екі көсемі болды.
17
Ысмағұл барлығы жүз отыз жеті жыл өмір сүріп, ата-бабаларының қасына аттанды.
18
Оның ұрпақтары Мысырдың шығысындағы Шурдан Ассур еліндегі Хауилаға қарай созылған аралықты мекендеп, барлық бауырлас тайпалармен жауласып өмір сүрді.
Ысқақтың ұлдары Есау мен Жақып
19
Ыбырайымның ұлы Ысқақтың үрім-бұтағының шежіресі мынау: Ыбырайымнан Ысқақ туды.
20
Ысқақ қырық жасында солтүстік Месопотамияда тұратын арамалық Бетуелдің қызы, Лабанның қарындасы Рабиғаға үйленді.
21
Әйелі бала көтермегендіктен, Ысқақ ол үшін Жаратқан Иеге жалына сиынды. Оның тілегін Иеміз қабыл алып, күндердің күнінде Рабиға жүкті болды.
22
Оның құрсағындағы екі нәресте бір-бірімен тебісетін. Сонда ол: «Менде не үшін бұлай?» — деп ойлап, осыны білмекші болып Жаратқан Иеге жүгінді.
23
Иеміздің жауабы мынау болды:
«Сенің ішіңде екі тайпа жатыр,
Құрсағыңнан екі ұлт тарамақ.
Біреуі екіншісінен күштірек болып,
Ағасы інісінің қызметшісі болмақ».
24
Босанатын уақыты келіп, Рабиға егіз ұл тапты.
25
Бірінші туған баланың денесін киім іспетті қалың қызыл түк басып кеткендіктен, оған Есау (яғни «Түкті») деп ат қойды.
26
Одан соң оның сыңары көрінді, ол бір қолымен Есауды өкшесінен ұстап алыпты. Оны Жақып (яғни «Өкшеден ұстаушы, Алдамшы») деп атады. Егіз ұлды болғанда, Ысқақ алпыста еді.
27
Балалар ер жетті. Есау дала кезіп жүретін білікті аңшы болса, Жақып шатыр маңайында тыныш жүретін жігіт еді.
28
Ысқақ баласы аулаған аңның етін ұнатқандықтан, Есауды жақсы көретін. Ал Жақып Рабиғаның сүйікті ұлы болды.
29
Бір күні Жақып тамақ пісіріп жатқанда, Есау шаршап, қарны ашып даладан келді.
30
Ол Жақыпқа:
— Маған тезірек мына бір қызғылт түсті көжеңнен берші, мен ашпын, — деді. Сондықтан ол кейін Едом (яғни «Қызыл») деп аталды.
31
Жақып:
— Онда қазір маған өзіңнің тұңғыштық жолыңды сат, — деп қолқа салды.
32
Есау:
— Аштықтан өлейін деп тұрғанымда, маған тұңғыш боп туғандығымның керегі қанша? — деді.
33
Жақып:
— Алдымен маған ант бер, — деп талап етті. Есау ант беріп, өзінің тұңғыштық жолын Жақыпқа сатып жіберді.
34
Сонда Жақып оған нан және қызыл жасымықтан пісірген көжені ұсынды. Есау ішіп-жеп болған соң жөніне кетті. Осылайша ол тұңғыштық жолына немқұрайды қарап, одан бас тартты.