Жаратылыстың баст. 2
1
Осылайша аспан мен жер және олардың рет-ретімен орналасқан барлық бөлшектері толықтай жаратылды.
2
Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, сол күні жұмыс жасамай демалды.
3
Жетінші күнге Құдай оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Себебі Ол бұл күні Өзінің жарату жұмысының бәрін бітірген соң тынықты.
Адам ата мен Хауа ананың пейіш бағындағы тамаша өмірі
4
Аспан мен жердің жаратылғаннан кейінгі тарихы мынау:
Құдай Ие жер мен аспанды жаратқан кезде
5
жер бетінде әлі де даланың бұталары мен өсімдіктері көктеп, өспеген болатын. Себебі Құдай Ие жерге жаңбыр жауғызбаған еді; оны өңдейтін адам да жоқ болатын.
6
Ал жер бетінен бу көтеріліп шығып, бүкіл даланы суландырды.
7
Сонда Құдай Ие жердегі топырақтан адамды қалыптастырып жасап, оның мұрнына тіршілік лебін үрледі. Адам осылай тірі жан болып шыға келді.
8
Құдай Ие шығыс жақта, Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жаратқан адамды сонда орналастырды.
9
Құдай Ие көз тартарлық, жеуге жақсы жеміс беретін әр түрлі ағаштарды жерден өсіріп шығарды. Бақтың ортасында «мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш» және «жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш» та өсіп тұрды.
10
Бақты суландыратын өзен Едемнен ағып шығып жатты, ол әрі қарай төрт тармаққа бөлініп кететін.
11
Біріншісі Пишон деп аталады, ол алтын шығатын бүкіл Хауила өлкесін айналып ағады.
12
Сол елдің алтыны ерекше бағалы, онда хош иісті шайыр мен оникс атты асыл тас та бар.
13
Екінші өзенді Гихон деп атайды, ол бүкіл Құш өлкесін айналып ағады.
14
Үшінші өзеннің аты Тигр, ол Ассурдың шығыс жағынан өтеді. Төртінші өзен — Евфрат.
15
Құдай Ие пейіш бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін адамды сонда орналастырды.
16
Құдай Ие адамға бұйрық беріп: «Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады.
17
Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жесең, сол күні өлесің», — деді.
18
Содан кейін Құдай Ие: «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін», — деді.
19
Құдай Ие даладағы барлық жануарларды және аспандағы күллі құстарды топырақтан қалыптастырып жасаған еді. Енді адамның оларды қалай атайтынын білу үшін бәрін оған алып келді. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болды.
20
Сонымен адам малдар мен аңдардың және аспандағы құстардың барлық түрлеріне де өз аттарын берді.
Ал адамға өзіне сай көмекші табылмады.
21
Сонда Құдай Ие адамды терең ұйқыға батырып, ұйықтап жатқанда оның бір қабырғасын алып, соның орнын етімен жауып тастады.
22
Құдай Ие осы қабырғадан әйел жасап шығарып, оны адамға алып келді.
23
Риза болған адам былай деді:
«Міне, бұл — сүйек, өз сүйегімнен шыққан,
Әрі тән, өз тәнімнен шыққан!
Ол әйел деп аталатын болсын,
Себебі ол еркектен алынып жасалған».
24
Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне берік қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады.
25
Адам мен оның әйелі жалаңаш еді, ал олар бұған ұялған жоқ.