Жаратылыстың баст. 17
Келісімнің бекітіліп, сүндеттеу рәсімінің енгізілуі
1
Ыбырам тоқсан тоғыз жасқа толған соң Жаратқан Ие оған аян беріп:
— Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Менің көз алдымда мінсіз жүр.
2
Мен екеуіміздің арамыздағы Келісімді бекітіп, сенің үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін, — деді.
3
Сонда Ыбырам Оған жерге бас ұрып ғибадат етті. Құдай сөзін әрі қарай былайша жалғастырды:
4
— Айтқаным айтқан: Менің сенімен жасаған Келісімім бойынша сен көп ұлттың түп атасы боласың.
5
Бұдан былай сен Ыбырам («Ұлық ата») емес, Ыбырайым («Көптің атасы») деп аталасың. Өйткені Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым.
6
Сенің тұқымыңды сансыз көбейтіп, көптеген халықты өрбітемін, сенен патшалар да шығатын болады.
7
Мен бұл Келісімді Менімен сенің араңдағы және кейінгі үрім-бұтағыңның арасындағы мәңгілік Келісім ретінде бекітемін. Ол ұрпақтан ұрпаққа созылатын болады. Мен сенің және үрім-бұтағыңның Құдайы боламын.
8
Қазір өзің жат жұрттық ретінде тұрып жатқан бүкіл Қанахан елін саған және келер ұрпақтарыңа мәңгі иеленуге беремін. Мен ұрпақтарыңның да Құдайы боламын.
9
Бірақ сен де Менің Келісіміме адал бол! Оны өзің де, үрім-бұтағыңның барлық ұрпақтары да сақтауға тиіссіңдер!
10
Менің сенімен және келешек ұрпағыңмен бекіткен осы Келісімімнің ережелерін жүзеге асырып, еркек кіндіктің бәрін де сүндеттеңдер!
11
Сүндет рәсімін орындауларың Менің сендермен жасаған Келісімімнің белгісі болады.
12
Болашақ ұрпақтарыңның әрбір жаңа туған ер баласы туғанына сегіз күн толысымен сүндеттелсін. Бұған әулеттеріңе жатпайтын ер адамдар да кіреді, үйлеріңде дүниеге келген құл-қызметшілерің болсын, не сатып алынғандары болсын, бәрі де сүндеттелуге тиіс.
13
Сонымен үйде туды ма, жоқ әлде құл ретінде сатып алынды ма, барлық еркек атаулы міндетті түрде сүндеттелсін. Менің Келісімімнің сырт белгісі сендердің тәндеріңде мәңгі қалуға тиіс.
14
Әрбір сүндеттелмеген еркек кіндіктіні өз халқынан аластату керек, өйткені ол Менің Келісімімді бұзды.
15
Сен әйеліңді енді Сарай емес, Сара деп ата.
16
Мен оны жарылқап, саған Сарадан да бір ұл сыйлаймын. Сараға ұлттардың түп анасы болсын деп ақ батамды беремін. Халықтардың патшалары да Сарадан тарайтын болады.
17
Сонда Ыбырайым Құдайдың алдына жерге бас ұра тағзым етіп: «Жүзге келген адам ұлды болып, тоқсанға келген Сара да бала таба алар ма екен?» — деп іштей күлді.
18
Бұдан кейін Құдайдан:
— Ысмағұл Сенің көз алдыңда тірі жүргей, — деп өтінді.
19
Ал Құдай:
— Әйелің Сара саған ұл туып береді, оның атын Ысқақ деп қоясың. Мен Ысқақпен Келісім жасап, оны үрім-бұтағы үшін мәңгілікке бекітемін.
20
Ал сенің Ысмағұл туралы айтқаныңды да орындаймын. Оны жарылқап, үрім-бұтағын молынан көбейтемін. Ысмағұлдан он екі рубасы шығатын болады. Мен одан бір үлкен халықты өрбітіп таратамын.
21
Бірақ Мен Келісімімді Сара келесі жылы осы уақытта дүниеге келтіретін Ысқақпен бекітемін, — деп жауап берді.
22
Құдай Ыбырайыммен сөйлесіп болғаннан кейін қасынан ғайып болды.
23
Ыбырайым сол күні-ақ баласы Ысмағұлды және үйінде туған немесе сатып алынған еркек атаулыны түгел жинап алып, барлығын Құдай өзіне бұйырғандай сүндеттеді.
24
Сол кезде Ыбырайым тоқсан тоғыз жаста,
25
ал Ысмағұл он үш жаста болатын.
26
Сол күні-ақ Ыбырайым мен оның ұлы Ысмағұл,
27
олармен бірге үйінде туып немесе сатып алынған құл-қызметшілер, демек, Ыбырайымның қол астындағы бүкіл еркек атаулы түгелдей сүндеттелді.