Жаратылыстың баст.  12
Құдайдың Ыбырамды таңдап алып, сол арқылы барлық халықтарды жарылқауы
1
Жаратқан Ие Ыбырамға
а
сөзін арнап былай деп бұйырған еді:


«Сен еліңді, туған-туысқандарыңды
Және әкеңнің үйін тастап,
Мен өзіңе көрсететін елге көш!
2
Мен сенен үлкен халықты өрбітіп таратамын,
Сені жарылқаймын әрі атыңды шығарамын.
Сен арқылы ақ батам басқаларға да жететін болады.
3
Саған ақ батасын бергендерді Мен жарылқаймын,
Ал кім сені жамандап қарғаса, соны Мен қарғаймын.
Сен арқылы жер бетіндегі бар ұлттар
ә
жарылқанады».


4
Сондықтан Ыбырам Жаратқан Иенің айтуымен жолға шықты. Оған Лут
б
ілесті. Хараннан көшіп кеткен кезде Ыбырам жетпіс бес жаста еді.
5
Осылайша Ыбырам әйелі Сарайды және туған інісінің ұлы Лутты ертіп, бар жиған-тергендері мен Харанда өздері иемденген қызметшілерін де алып, сапарға шығып, Қанахан еліне барды.
6
Ыбырам сол жерді кезіп, Сихем қаласының маңайындағы алып емен ағашы өсіп тұрған Море деген жерге дейін жетті. Ол кезде бұл елді қанахандықтар мекендеуші еді.
7
Ал Жаратқан Ие Ыбырамға аян беріп: «Мен сенің ұрпақтарыңа осы жерді сыйлаймын», — деп уәде етті. Ыбырам сол жерде өзіне аян берген Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызды.
8
Содан соң ол Бетелдің шығыс жағындағы тауға қарай бет алып, батыс жақтағы Бетел мен шығыс жақтағы Ай деген екі жердің ортасына шатырын тікті. Сол жерде де Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызып, Оған сиынып ғибадат етті.
в
9
Сонан соң Ыбырам сапарын оңтүстіктегі Негев даласына қарай жалғастырды.
Ыбырам мен Сарайдың Мысырға көшіп баруы
10
Бірақ Қанахан елін ашаршылық жайлап, Ыбырам біраз тұра тұру мақсатымен Мысырға көшіп барды. Себебі аштық үдеп тұрған еді.
11
Мысырға таяп қалғанда, Ыбырам әйелі Сарайға былай деді:
— Сенің керемет сұлу әйел екеніңді жақсы білемін.
12
Мысырлықтар сені көргенде: «Мынау — оның әйелі» деп, саған бола мені өлтіріп, ал сені тірі қалдырып, иемденіп жүрер.
13
Маған да, саған да жақсы болсын, өз игілігің үшін де мені аман қалсын десең, өзіңді «Ыбырамның қарындасымын» деп айтарсың.
г
14
Солай болды да: Ыбырам Мысырға келген соң мысырлықтар Сарайдың өте сұлу әйел екенін байқады.
15
Мысыр патшасы перғауынның
ғ
лауазымды қызметкерлері де әйелді көріп, перғауынға оның көркін мақтап жеткізді. Сонда перғауын оны өз сарайына алдыртты.
16
Әйел үшін Ыбырамға жақсылық жасап, оған молынан қой, сиыр, есек пен түйені, құлдар мен күңдерді сыйлады.
17
Бірақ Жаратқан Ие Ыбырамның әйелі Сарайға бола перғауынға және оның үй ішіне жаман індет жіберді.
18
Сонда перғауын Ыбырамды өзіне шақырып алып, оған: «Сен маған не істедің? Неге оның өз әйелің екенін айтпадың?
19
Не үшін оны қарындасым дедің? Сол себептен де оны әйелдікке алмақшы болдым. Әйелің өзіңе, ал да кет», — деді.
20
Перғауын адамдарына Ыбырам жайында бұйрық беріп, олар оны әйелімен және барлық иелігімен бірге жолға шығарып салды.

а  11:26-ге берілген түсініктемені қ.

ә  Яки: барлық әулеттер.

б  11:27-28; 12:5; 13:5-13.

в  Немесе: Жаратқан Иенің атын атап Оған сиынып мінажат (дұға) етті (4:26).

г  Сол заманғы патшалар жеке адамдардың құқықтарын менсінбей, өздері қалаған қыздар мен әйелдерге ие болатын. Сарай шынымен Ыбырамның қарындасы да еді (20:12; Пат1 8:10-17).

ғ  Перғауын (яки: фараон): ежелгі Мысыр патшаларының атағы.