Жаратылыстың баст. 11
Бабыл мұнарасының салынуы
1
Жер бетіндегі бүкіл адамзат бір тілді, бірдей сөздерді қолданды.
2
Адамдар шығыс жақта көшіп қонып жүргенде Шинар жерінде бір жазық алқапты тауып, соған орналасты.
3
Олар бір-біріне: «Келіңдер, кірпіш құйып, отқа күйдірейік!» — деді. Сонымен олар тас орнына күйген кірпіш, әк орнына қарамай қолданды.
4
«Өзімізге қала және төбесі көкке жететін зәулім мұнара тұрғызып алайық. Осылайша өз атымызды шығарайық, сонда біз жердің түкпір-түкпіріне бытырап кетпейміз», — десті.
5
Ал Жаратқан Ие көктен түсіп, адамдар тұрғызып жатқан қала мен мұнараға көз салып,
6
былай деді: «Олар біртұтас халық болып, бірдей тілде сөйлеп, мынаны істей бастады. Бұдан былай олар ойындағыларын жүзеге асырмай қоймайтын болады.
7
Енді Біз жерге түсіп, бірін-бірі түсінбеулері үшін олардың тілін шатастырып жіберейік».
8
Осылайша Жаратқан Ие адамдарды сол жерден бүкіл жер бетіне бытыратып жіберіп, қала құрылысын тоқтатты.
9
Сондықтан қалаға Бабыл деген ат қойылды, өйткені Жаратқан Ие сол жерде бүкіл әлемдегі тілді шатастырып, адамдарды жер бетіне бытыратып жіберді.
Шамнан Ыбырайымға дейінгі ұрпақтар
10
Мынау Шамнан тараған ұрпақтардың шежіресі.
Топан судан кейін екі жыл өткенде Шам жүзге толып, ұлы Арпақсат дүниеге келді.
11
Сонан соң ол тағы бес жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздары болды.
12
Арпақсат отыз беске келгенде одан Шелах туды.
13
Шелах туған соң, Арпақсат төрт жүз үш жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
14
Шелах отызға келгенде одан Ебер дүниеге келді.
15
Ебер туғаннан кейін де Шелах тағы төрт жүз үш жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
16
Ебер отыз төрт жасқа келгенде одан Пелек туды.
17
Пелек туғаннан кейін де Ебер төрт жүз отыз жыл өмір сүріп, тағы да ұл-қызды болды.
18
Пелек отыз жасқа келгенде одан Рәгу туды.
19
Рәгу туған соң, Пелек екі жүз тоғыз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді.
20
Рәгу отыз екі жасқа келгенде одан Серук туды.
21
Серук туған соң, Рәгу екі жүз жеті жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
22
Серук отыз жасқа толғанда ұлы Нахор туды.
23
Нахор туған соң, Серук екі жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздары дүниеге келді.
24
Нахор жиырма тоғыз жасқа келгенде одан Тарах туды.
25
Тарах туған соң, Нахор жүз он тоғыз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді.
26
Тарах жетпіс жасқа толғаннан кейін, одан Ыбырам, Нахор, Харан дүниеге келді.
Тарахтың үрім-бұтағы және оның Халдей елінен Харанға көшіп келуі
27
Мынау Тарахтан тараған ұрпақтардың шежіресі: Тарахтан Ыбырам, Нахор, Харан атты ұлдары дүниеге келді. Хараннан Лут туды.
28
Бірақ Харан Халдейлер елінде өзі туған Ур қаласында дүние салды. Сол кезде оның әкесі Тарах әлі де тірі болатын.
29
Ыбырам мен Нахор да үйленді. Ыбырамның әйелі Сарай, ал Нахордың әйелі Мылқа болды. Мылқа мен Ысқа Харанның қыздары еді.
30
Сарай құрсақ көтермегендіктен, Ыбырамның балалары болмады.
31
Тарах өз ұлы Ыбырамды, немересі Лутты және келіні Сарайды ертіп алып, бәрі бірігіп халдейлер еліндегі Ур қаласынан жолға шықты. Олар Қанахан жеріне бармақшы еді, алайда Харан аймағына жеткен соң, сол жерде қоныс теуіп тұрып қалды.
32
Тарах екі жүз бес жыл өмір сүріп, Харанда қайтыс болды.