Жаратылыстың басталуы
Жазба туралы мәлімет
Таураттың алғашқы жазбасы адамзаттың «Әлемді кім жаратты? Біз, адамдар, қалай пайда болдық? Жер бетінде не үшін өмір сүреміз? Неліктен бұ дүние күнә мен азапқа толы?» деген түпкілікті сауалдарына жауап береді.
Жазбаның мақсаты — физикалық және биологиялық майда-шүйдеге дейін тәптіштеп баяндау емес, әлемнің ұшы-қиыры жоқ кеңістіктерін, сондай-ақ тәніміздегі жасушалардың көзге көрінбейтін құрылымын да жаратқанның кім екенін білдіру. Көкейге қона қалатын әңгімелер алғашқы адамдардың бастапқыда Алла Тағаламен жақын байланыста тұрып, жаратылысқа үстемдік жүргізіп, бір-бірімен тату-тәтті болғанын көрсетеді. Бірақ олар киелі Құдайдың айтқанына қарсы шығып, күнә жасағандарының кесірінен Оның қасынан қуылды. Алайда Алла Тағала адамдарға үкім шығарған кезде-ақ оларға зұлымдықпен арандатушы әзәзіл шайтанды жеңіп, сол айқаста өз өмірін қиятын Құтқарушының бұ дүниеге келетінін алдын ала білдірді (3:15).
Осы Құтқарушының келуіне дайындық — жазбаның бұдан кейінгі тарауларының әрі Киелі кітаптың басқа бөлімдерінің негізгі тақырыбы. Адамдардың көпшілігі Жаратқан Иені тыңдамай, ауыр күнәға батып жатқанда, кейбіреулері ғана Оны мойындап, құрметтеуші еді. Солардың бірі Алла Тағалаға нық сенгендігі үшін көпке әйгілі Ыбырайым пайғамбар болды. Жаратқан Ие оның өзі және ұрпағы арқылы барлық халықтарды да жарылқауды қалады (12:2-3). Ыбырайым мен оның үрім-бұтағы күнәсіз пәк болмаса да, олар Құдайға сеніп, жасаған күнәлары үшін опық жегенде кешірілді. «Жаратылыстың басталуының» соңында Ыбырайымның немересі Жақып он екі ұлына батасын беріп тұрып болашақтағы ұрпақтары және күндердің күнінде дүниеге келетін Құтқарушы Мәсіх туралы пайғамбарлық сөз айтады (49:9-10).