Ғалаттықтарға арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Құдайдың елшісі Пауыл бұл сәлемхатын бүгінгі Түркияның орталығында орналасқан Ғалатия өлкесіндегі сенушілер қауымдарына жазды. Пауыл өзін мазалаған мынадай хабар алған еді: негізінен яһудилерден емес, басқа ұлт өкілдерінен құралған қауымдарға Яһудеядан кейбір уағыздаушылар келіп, өз қате ілімдерін таратуда еді. Олар сенушілерге яһуди дінінің парыздарын, әсіресе сүндеттеу рәсімін, орындау қажет, онсыз Құдай алдында күнәдан ақталуға болмайды деп үйретті. Сонымен қатар олар Пауылдың Құдайдың елшісі екендігін мойындамады, әрі оның Таурат заңын ұстанбай-ақ тек Мәсіхке сену арқылы Құдай алдында ақталамыз деген Ізгі хабарын теріске шығарды.
Пауыл осы хатында солардың қате көзқарастарына қарсы шығып, өзін елші болуға адам баласы емес, Құдайдың тағайындағанын дәлелдейді. Сондай-ақ, ол уағыздап жатқан Ізгі хабарын өзіне Мәсіхтің тікелей аманаттағанын, ал кейін Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілерінің соның мазмұнымен келіскендерін білдіреді.
Егер де адамдардан Құдай алдында ақталу үшін сенімге қоса игі істер талап етілсе, онда Ізгі хабар түгелдей өзгерер еді. Себебі оның түпкі мәні Құдайдың рақым етіп, Мәсіхті адамзатты құтқару үшін құрбан болуға жібергендігінде. Мәсіх жанын қиғанда барлық күнәларымыздың жазасын Өзіне алды! Құдай жасаған осы мүлтіксіз құтқару жолына еш нәрсе қосуға болмайды. Мәсіхтің құрбандығына сеніп, жан дүниесінен Оған орын берген әрбір адам жаңа өмір сүре бастайды.
Бұдан былай Құдайдың Киелі Рухы сенушінің іс-әрекетіне басшылық жасап, игі істерге жетелеп, оның өмірін шын мәнінде өзгертеді. Барлық заңдар мен ережелер, тіпті Құдай ертеде Исраил халқына бұйырған Таурат заңының өзі де, адамды толығымен өзгерте алмайды, оған түзу жолды көрсете ғана алады. Заңдар адамды тәрбиешінің бақылауындағы баладай шектеп ұстайды. Бірақ сенімдерін Мәсіхке артқандарға Құдай Иеміз таза өмір сүру үшін рухани күш-қуат пен азаттықты және Өзімен тығыз байланысты сыйлайды.