Езра 6
Дарий патшаның Кирдің жарлығын бекітуі
1
Сонда Дарий патша бұйрық беріп, Бабыл патшалығындағы қазына қоймаларында сақталған мұрағаттарға іздеу салғызды.
2
Содан Мидия аймағының астанасы Екбатанадағы қорғаннан төмендегідей жазуы бар бір кітап табылды:
«Ескерілуге тиісті құжат.
3
Кир патша өзінің (Бабылға) билік құрған алғашқы жылы Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйі туралы мына жарлықты шығарды: Сол ғимарат құрбандықтар шалынып ұсынылатын орын ретінде қайтадан салынсын. Оның негізі қаластырылып, үйдің биіктігі мен ені алпыс шынтақтан аспасын.
4
Қашалған тастардан қаланған үш қатарға жаңа бөренелерден қаланған бір қатар келетін болуы керек. Шығындар патшаның есебінен төленсін.
5
Сондай-ақ, Набуходоносор кезінде Иерусалимдегі ғибадатханадан олжалап, Бабылға әкеткен алтын-күміс бұйымдар Иерусалимге қайтарылып, ғибадатханадағы өз орындарына апарылсын. Сен оларды Құдайдың киелі үйіне сақтап қоясың».
6
Сонымен Дарий патша мынадай бұйрық хат жолдады:
«Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және сендердің қызметтестерің — сол өлкедегі қызметкерлер: сендер бұл мәселеге араласпаңдар!
7
Құдайдың киелі үйінің құрылысына кедергі келтірмеңдер! Яһуди әміршісі мен ақсақалдарына Құдайдың осы үйін өзінің бұрынғы орнына қайта салуларына жол беріңдер!
8
Бұған қоса яһудилердің ақсақалдарына Құдайдың үйін салуға көмек ретінде сендер істеуге тиісті нәрселер туралы бұйрық мынау:
Жұмыс тоқтап қалмауы үшін олардың шығындары патшаның есебінен, яғни Батыс Евфрат өлкесінің патшаға төлейтін алым-салықтарының есебінен, толығымен өтелсін!
9
Оларға керектінің бәрі: көктегі Құдайға арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсыну үшін жас бұқалар, қошқарлар, тоқтылар, әрі Иерусалимдегі діни қызметкерлердің сұрағандарына сай астық, тұз, шарап және зәйтүн майы оларға ешбір кідіріссіз күн сайын беріліп отыратын болсын.
10
Сонда олар көктегі Құдайға ұнамды құрбандықтарды шалып, патшаның және оның ұлдарының амандығы үшін сиынып дұға ете алады.
11
Тағы мынаны әмір етемін: Кімде-кім осы жарлықты өзгертетін болса, оның үйінен бір бөрене суырылып алынсын. Бөрененің бір ұшы үшкірленіп, қылмыскердің денесі соған қадалсын. Ал оның үйі күл-қоқыстың үймегіне айналдырылсын.
12
Осы жарлықты өзгертуге немесе Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйін қиратуға әрекет еткен әрбір патша не халықты өз есімін сол жерде орнатқан Құдай жазалай көрсін! Мен, Дарий патша, осы жарлықты шығардым. Жарлық мұқият жүзеге асырылсын!»
Салынып біткен киелі үйдің Құдайға бағышталуы
13
Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері Дарий патшаның жарлығында айтылғандарды мұқият жүзеге асырды.
14
Содан Яһуди ақсақалдары Хаққай пайғамбар және Иддоның ұрпағы Зәкәрия оларға жеткізген Құдайдың хабарларынан жігер алып, құрылысты жалғастырып, табысты болды. Осылай олар Исраилдің Құдайының еркімен және парсы патшалары Кир, Дарий, Артақсерікстің жарлықтары бойынша киелі үйді қайта салып бітірді.
15
Киелі үй Дарий патшаның билік құрған алтыншы жылының адар айының үшінші күні салынып бітті.
16
Сонда Исраилдің бүкіл халқы: діни қызметкерлер, леуіліктер және Бабылға жер аударылудан қайта оралғандардың бәрі де жиналып, Құдайдың киелі үйін Оған зор қуанышпен бағыштады.
17
Олар Құдай үйінің бағышталу рәсіміне арнап бір жүз жас бұқа, екі жүз қошқар, төрт жүз тоқты шалды. Сонымен қатар олар бүкіл Исраил халқы үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде Исраил руларының санына сәйкес етіп он екі теке шалып ұсынды. Осылай әр ру үшін бір текеден құрбандыққа шалынды.
18
Содан соң Құдайға Иерусалимде қызмет ете алулары үшін діни қызметкерлер топтарға бөлініп, леуіліктердің де өз топтары бойынша қызмет ету кезектері тағайындалды. Бұл, Мұса арқылы берілген Таурат кітабында жазылғандарға сай істелінді.
Құтқарылу мейрамын өткізу
19
Бірінші айдың он төртінші күні жер аударылудан қайта оралғандар Құтқарылу мейрамын өткізді.
20
Діни қызметкерлер мен леуіліктердің барлығы да тазару рәсімінен өтіп қойған болатын. Леуіліктер қайта оралған халықтың бәрі үшін де, өз руластары — діни қызметкерлер және өздері үшін де Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды шалды.
21
Жер аударылудан қайта оралған исраилдіктер де, басқа ұлттардың Құдайдың халқына қосылғандары да құрбандық тоқтылардың етін жеді. Осы қосылғандар Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге мойынсұнып, елде тұрып жатқан жат ұлттардың арам істерінен бас тартып, бөлініп шыққандар еді.
22
Исраилдіктер Ашымаған нан мейрамын жеті күн бойы шаттана тойлады. Өйткені Жаратқан Ие оларды зор қуанышқа кенелтті. Оның Өзі Ассурға билік еткен парсы патшасының исраилдіктерге деген көзқарасын өзгерткен болатын. Содан бұл патша оларға Исраилдің сиынатын Құдайының киелі үйін қайтадан салуға тіпті қолдау да көрсеткен еді.