Езра 5
Ғибадатхананы салуға қайтадан кірісу
1
Сол кезеңде Хаққай пайғамбар және Иддоның ұрпағы Зәкәрия пайғамбар Яһуда мен Иерусалимдегі яһудилерге Құдайдың хабарларын жеткізіп жүрді. Олар мұны Исраилдің үстінен билік құрған Құдайының атынан істеді.
2
Сонда Салатиел ұлы Зоробабел және Ехосадық ұлы Ешуа қайтадан іске кірісіп, Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінің құрылысын жалғастырды. Құдайдың пайғамбарлары қастарында бірге болып, оларды қолдап жүрді.
3
Сол уақытта Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері яһудилерге келіп, мынадай сауал қойды: «Осы үйді салып, құрылысын бітіріп қалпына келтіруге сендерге кім бұйрық берді?» —
4
Олар ғимараттың құрылысына қатысқан адамдардың аты-жөндерін де сұрастырып біліп алды.
5
Алайда Құдай яһудилердің ақсақалдарына көз қырын салып қамқор болды. Сондықтан әмірші Дарий патшаға мәлімет хат жіберіп, соған жазбаша жауап қайтып келгенше, яһудилердің жұмысын тоқтатқан жоқ.
Әміршінің Дарий патшаға жолдаған мәлімет хаты
6
Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері — Батыс Евфрат аймағының басқа да лауазым иелері Дарий патшаға жіберген сол мәлімет хаттың мазмұны төмендегідей болды.
7
Олар патшаға былай деп баяндады:
«Дарий патша ағзамға дұғай сәлем!
8
Патшамыз мынау туралы хабардар болса екен. Біз Яһуда аймағына, ұлы Құдайдың сондағы киелі үйіне бардық. Жұмысшылар сол үйдің қабырғаларын қашалған тастан қаластырып, бөренелермен бекітіп салуда. Жұмыс зор ынтамен істеліп, тез алға басып жатыр.
9
Біз ақсақалдарына: «Осы үйді салып, құрылысын бітіріп қалпына келтіруге сендерге кім бұйрық берді?» деген сауал қойдық.
10
Сонымен қатар өзіңізге жіберу үшін басшыларының аты-жөндерін де сұрастырып біліп, жазып алдық.
11
Олардың берген жауабы мынау: «Біз көк пен жердің Құдайының қызметшілеріміз. Бұдан көп жыл бұрын салынған осы үйді қайта тұрғызып жатырмыз. Исраилдің бір ұлы патшасы оны салып кеткен болатын.
12
Алайда ата-бабаларымыз көктегі Құдайды қаһарландырды. Сондықтан Ол соларды Бабыл патшасы — халдейлік Набуходоносордың қолына тапсырды. Сол патша осы үйді қиратып, халықты Бабылға жер аударып әкетті.
13
Ал Кир патша өзінің Бабылға билік құрған бірінші жылы Құдайдың осы киелі үйін қайта тұрғызу туралы жарлық шығарды.
14
Бұған қоса Набуходоносор кезінде Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінен алып, Бабылдағы ғибадатханаға әкеткен алтын-күміс бұйымдарды Кир патша енді сол ғибадатханадан шығартып алды. Оларды өзі Яһуда аймағының әкімі етіп тағайындаған Шешбасар есімді адамға табыстады.
15
Кир патша Шешбасарға былай деп тапсырды: Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйін өзінің бұрынғы орнына қайтадан сал! Мына бұйымдарды алып, сол ғибадатханаға апарып қой!
16
Осылай Шешбасар Иерусалимге келіп, Құдайдың киелі үйінің негізін қайтадан қалады. Мына ғимарат сол кезден бері салынып келе жатыр, ол әлі күнге дейін біткен жоқ».
17
Сондықтан егер патша ағзам мақұл көрсе, Бабылдағы патшалық қазынасынан іздестіріп, Кир патшаның Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйін қайтадан салуға жарлық шығарғанын анықтатса екен. Содан соң патша ағзам өзінің осы мәселе бойынша жасаған шешімін бізге жолдаса игі болар еді».