Езекиел 44
Жаратқан Иеге бағышталған Шығыс қақпа ғимараты
1
Бұдан кейін әлгі хабаршы мені қайтадан киелі үйдің шығысқа қарап тұрған сыртқы қақпа ғимаратына алып келді. Бірақ ол жабық екен.
2
Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: «Мына қақпа жабық тұрсын! Оны ешкімге ашуға болмайды, ол арқылы ешкім кірмеуі де керек. Мен, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие, онымен ішке кірдім. Сондықтан ол жабық тұруға тиіс.
3
Тек әміршіге ғана оның ішімен өтетін жолда отырып, Жаратқан Иенің алдында құрбандық асынан жеуіне болады. Ол онда бағаналы кіреберіспен кіріп, сол жолмен ғана кері шығуға тиіс».
Ғибадатханаға кіруіне болмайтындар жайлы ережелер
4
Содан соң әлгі хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимараты арқылы киелі үйдің алдына алып келді. Мен қарап тұрғанда Жаратқан Иенің нұрлы салтанатының Жаратқан Иенің киелі үйін кенелтіп жатқанын көрдім де, етпетімнен жата кеттім.
5
Жаратқан Ие маған тағы тіл қатып былай деді: «Пендем, Мен саған Өзімнің киелі үйіме қатысты айтатын ережелер мен заңдардың бәріне құлақ түріп, назар аударып ден қой! Киелі үйге кіру және одан шығу жайлы ережелерге мұқият көңіл бөл!
6
Бас көтергіш Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Жексұрын күнә жасауларың жетер енді, уа, Исраил халқы!
7
Сендер жат жұрттықтарды Менің киелі үйіме кіргіздіңдер. Олардың тәні сүндеттелмеген және жүректері де Маған бағышталған емес. Сөйтіп сендер Маған «тамағымды»: құрбандықтың іш майы мен қанын ұсынып жатқан кездеріңде-ақ Менің киелі үйімді арамдадыңдар. Осындай жексұрын істеріңмен Менің Келісімімді бұздыңдар.
8
Менің киелі рәсімдерімді қорғауға байланысты міндеттеріңді мұқият орындаудың орнына, киелі үйдегі қорғау қызметтеріңді соған еш қатысы жоқ жат жұрттықтарға істетіп қойдыңдар.
9
Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Жүрегі Маған бағышталмаған және тәні сүндеттелмеген бірде-бір жат жұрттық Менің киелі ғибадатханама кірмесін! Сондай адам тіпті исраилдіктердің арасында тұратын болса да ғибадатханама кірмеуге тиіс».
Опасыздық жасаған леуіліктерге ескерту
10
«Сондай-ақ, Исраил халқы тура жолдан адасып, өздерінің діңгек тәрізді жиренішті тәңірлеріне табынып кеткен кездері солармен бірге Менен безіп кеткен леуіліктер де өз күнәларының зардабын тартуға тиіс.
11
Олардың ғибадатханамда түрлі қызметтерді атқаруларына болады: олар киелі үйдің қақпа ғимараттарын күзетсін, әрі халықтың түгелдей өртелетін құрбандыққа не басқа да тартулар ретінде ұсынған малдарын соятын болсын. Сонымен қатар леуіліктер халықтың алдында тұрып, оларға қызмет көрсетсін.
12
Бірақ халық діңгек тәрізді жиренішті тәңірлерге табынып жүргенде леуіліктер де соларға ғибадат етіп, Исраил халқын күнәға батырды. Сондықтан Мен салтанатты түрде ант етіп былай деймін: Леуіліктер өз күнәларының зардаптарын тартатын болады! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
13
Леуіліктер діни қызметкер ретінде Маған жақындаушы болмасын, не Менің киелі заттарыма, не ең киелі құрбандықтарыма да жақындамасын! Себебі олар өздерінің жексұрын күнәларының зардабын тартуға тиіс.
14
Сонда да Мен киелі үйді күзетіп, ондағы істелуге қажетті күнделікті міндеттер мен жұмыстардың барлығын атқаруды леуіліктерге жүктеймін.
Діни қызметкерлерге арналған ережелер
15
Тек Садықтан тараған леуіліктер ғана діни қызметкер бола алады. Өзге исраилдіктер Менен безіп кеткен кездері олар Менің киелі үйімді қорғап, міндеттерін адал атқарып жүрді. Сондықтан Садықтың ұрпақтары Менің алдыма келіп, діни қызмет атқара берсін. Олар алдымда тұрып, құрбандық малдардың іш майы мен қанын ұсынсын! — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие. —
16
Тек солар ғана Менің киелі үйіме кіріп, үстеліме жақындап, алдымда қызмет атқарсын. Олар Мен тапсырған қорғауды және өзге де міндеттерін орындай берсін!
17
Діни қызметкерлер қақпа ғимараттары арқылы ішкі аулаға кіргенде, үстеріндегі киімдері бәтестен тігілген болсын. Не ішкі аулада, не киелі үйде қызмет еткенде олар үстеріне жүннен тоқылған киім кимеулері керек.
18
Олар сонда бастарына бәтес матадан сәлде кисін, шалбарлары да бәтестен болсын. Үстеріне (жүн не басқа да) терлететін ештеңе кимесін.
19
Діни қызметкерлер халық жүретін сыртқы аулаға шыққанда, олар қызмет еткенде киетін киімдерін шешіп, арнайы бөлмелерде қалдырсын да, кәдімгі киімдерін киіп шықсын! Әйтпесе олар арнайы киімдерімен халыққа жанасып, солары арқылы халыққа киелілік таратып жүрер.
20
Діни қызметкерлер шаштарын не тақырлап алғызбасын, не тым ұзын қылып өсіріп те жібермесін. Қайта, олар шаштарын қырқып қысқартып жүрсін.
21
Ешбір діни қызметкер ішкі аулаға кірерде шараптан дәм татпасын!
22
Оларға не жесір әйелге, не күйеуінен ажырасқан әйелге үйленуге болмайды. Олар тек Исраил халқынан шыққан пәк қызға немесе қайтыс болған басқа діни қызметкердің жесіріне ғана үйленсін!
23
Діни қызметкерлер Менің халқыма киелі мен киелі емес жай нәрселерді бір-бірінен ажыратуды үйретіп, оларға арам мен адалды қалай айыруды көрсетсін.
24
Діни қызметкерлер кез келген дауларға Менің шешімдеріме сай билік айтуға міндетті. Олар, сондай-ақ, Менің белгілеген мейрамдарыма байланысты заңдар мен ережелерімді сақтап, демалыс күндерімді ұстанып қастерлеулері керек.
25
Діни қызметкер қайтыс болған адамның мәйітіне жақындап өзін арамдамасын. Бірақ егер оның әке-шешесі, ұл-қызы, туған аға-інісі немесе тұрмыс құрмаған әпке-қарындасының біреуі қайтыс болған болса, соның мәйітіне жақындап, таза емес күйге түсуіне болады.
26
Алайда содан соң тазару рәсімінен өтіп, тағы жеті күн күткеннен кейін ғана оған ғибадатханадағы міндеттеріне қайтадан кірісуіне болады.
27
Ол ғибадатхананың ішкі ауласына қызмет атқаруға баратын күні өзі үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандық ұсынуға тиіс, — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие.
Құдайдың діни қызметкерлерге қамқорлық жасауы
28
Діни қызметкерлердің мұралық жері жөніндегі ереже мынау: олардың мұралық үлесі Менмін. Оларға Исраилден ешқандай меншікті жер аймағы үлестірілмесін, себебі олардың үлесі Өзіммін.
29
Діни қызметкерлер халықтың ғибадатханаға алып келген сый-тартуларынан өздеріне тиісті бөліктерін алып, күндерін көретін болады: астық тартуларының, күнәнің құнын және айыпты өтейтін құрбандықтардың белгілі бөліктері оларға тиесілі. Сонымен қатар Исраилде Жаратқан Иеге бағышталған нәрселердің бәрі олардікі болмақ.
30
Барлық алғашқы өнімдерің мен арнайы тартуларыңның ең жақсылары да діни қызметкерлердікі болады. Үйдегі диірменде бидай тартқанда, оның бірінші үлесін де соларға беріңдер! Сонда сендердің шаңырақтарыңа Менің ақ батам қонады.
31
Діни қызметкерлер арам өлген не жыртқыш аңдарға таланып өлген ешқандай құстың, малдың, не басқа хайуанның етін жемесін!