Езекиел  40
Жаңа киелі үйдің көрінісі
1
Біздің жер аударылғанымыздан кейінгі жиырма бесінші жылдың басында, бірінші айдың оныншы күні, яғни Иерусалим қаласының жау қолына түскенінен кейінгі он төртінші жылы, дәл сол күні
а
маған Жаратқан Иенің рухани құдіреті қонды. Сонда Құдай мені
2
Өзі көрсеткен көріністерде
ә
Исраил еліне алып барды да, зәулім таудың басына
б
әкеліп тұрғызды. Таудың оңтүстік беткейінде қалаға ұқсас бірқатар ғимараттар орналасқан екен.
3
Құдай мені сол жерге алып келгенде, қала қақпасының маңында тұрған біреуді көрдім. Оның түрі қолаға ұқсады,
в
қолында зығыр жіп пен өлшеуіш таяқ
г
бар еді.
4
Осы хабаршы маған тіл қатып: «Ей, пенде, ұқыпты қара да тыңда. Өзіңе көрсететіндерімнің бәріне мұқият назар сал! Сен сол үшін де осында әкеліндің. Көргеніңнің бәрін Исраил халқына жеткіз!» — деді.
Сыртқы ауланың Шығыс қақпа ғимараты
5
Содан кейін қарасам, ғибадатхана тұрған жерді айнала қабырға салынған екен. Әлгі хабаршының қолындағы өлшеуіш таяғының
ғ
ұзындығы алты шынтақ болды. Ол қолданып жүрген ұзындау шынтақ — бір қалыпты шынтақ және қосымша бір тұтам болатын ұзындық өлшемі.
д
Хабаршы қабырғаның қалыңдығы мен биіктігін де өлшеді: екеуі де бір-бір өлшеуіш таяқтан болып шықты.
6
Содан соң хабаршы шығыс жаққа қарап тұрған қақпа ғимаратына барып, баспалдағымен жоғары көтерілді. Ол ғимараттың табалдырығын өлшегенде, оның ұзындығы бір өлшеуіш таяққа тең болып шықты.
7
Ғимараттың екі жағындағы күзетшілер бөлмелерінің
е
әрқайсысының ені мен ұзындығы да бір-бір өлшеуіш таяққа тең болды. Ал екі бөлменің арасындағы қашықтық бес шынтақ болды. Қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың ішкі аула жағындағы табалдырығының ұзындығы да бір өлшеуіш таяқтан тұрды. Осы табалдырық бағаналы кіреберістің маңында орналасқан.
8
Киелі үйге қарап тұрған бағаналы кіреберістің қақпасының табалдырығы өлшенгенде, оның ұзындығы бір өлшеуіш таяқ болып шықты.
9
Хабаршы қақпаның бағаналы кіреберісінің өзін де өлшеді: ол сегіз шынтақ, ал екі бағанасының қалыңдығы екі шынтақ құрады. Қақпаның бағаналы кіреберісі ішкі жаққа, яғни киелі үйге, қарап тұрды.
10
Шығыс қақпа ғимаратының екі жағында күзетшілерге арналған үш-үштен бөлмелер бар екен. Әрқайсысының үлкендігі бірдей еді. Бөлмелердің арасындағы шығыңқы қабырғалардың
ж
қалыңдығы да бірдей болды.
11
Хабаршы қақпаға кіретін жердің енін өлшеді, сол он шынтақ, ұзындығы он үш шынтақ болып шықты.
12
Қақпаның екі жағындағы күзетшілер бөлмелерінің әрқайсысының алдында (биіктігі) бір шынтақ болатын кедергі қабырға бар еді. Бөлмелердің ені мен ұзындығы алты шынтақтан болды.
13
Содан соң хабаршы бір күзетші бөлмесінің артқы қабырғасының жоғарғы жағынан қарсы жатқан бөлменің артқы қабырғасының жоғарғы жағына дейінгі арақашықтықты өлшеді. Ол жиырма бес шынтақ болып шықты.
14
Қақпа ғимаратының ішіндегі шығыңқы қабырғалардың ұзындығын қоса өлшегенде, ол алпыс шынтақты құрады. Өлшем аулаға шығып тұрған бағаналы кіреберіске дейін жасалды.
15
Ғимараттың сыртқы және ішкі кіреберістерінің аралығы
з
өлшегенде елу шынтақ болды.
16
Ғимараттың күзетші бөлмелері мен шығыңқы қабырғаларды айналдыра қақпақты терезелер жасалған еді. Терезелер ішке қарай кеңейе түседі екен.
и
Шығыңқы қабырғалар құрма ағашының бейнелерімен бедерленіпті.
Сыртқы аула
17
Мұнан кейін хабаршы мені қақпа ғимаратынан алып шығып, ғибадатхананың сыртқы ауласына апарды. Бүкіл ауланы айналдыра тас төселген жол жатты. Сол жолдың бойында отыз бөлме
к
салынған екен.
18
Тас төселген жол қақпа ғимараттарының екі жағына келіп тірелді. Оның ені ғимараттың ұзындығымен бірдей болды. Бұл — тас төселген төменгі жол.
қ
19
Содан соң хабаршы тас төселген төменгі жолдың арғы жағы мен ішкі ауланың сыртының арасын өлшеді, ол жүз шынтақ болып шықты. Шығыс және Солтүстік қақпа ғимараттарының қастарындағы сондай аралықтарының өлшемдері де бірдей, яғни жүз шынтақты құрады.
Солтүстік және Оңтүстік қақпа ғимараттары
20
Бұдан кейін хабаршы солтүстік жақтан ішкі аулаға апаратын қақпа ғимаратының ұзындығы мен енін өлшеді.
21
Ғимараттың екі жағындағы үш-үштен орналасқан күзетші бөлмелерінің, олардың арасындағы шығыңқы қабырғаларының және бағаналы кіреберісінің өлшемдері дәл Шығыс қақпа ғимаратының
л
өлшемдерімен бірдей екен. Яғни осы ғимараттың ішімен өтетін жолдың да ұзындығы елу, ені жиырма бес шынтақ болып шықты.
22
Оның терезелері, бағаналы кіреберісі мен құрма ағашының бедерлі бейнелерінің өлшемдері де Шығыс қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың өлшемдеріндей болды. Қақпа ғимаратына жеті баспалдақ көтерілді. Бағаналы кіреберісі ғимараттың ішкі жағында орналасқан еді.
23
Солтүстік қақпа ғимаратына қарама-қарсы тұрған, ішкі аулаға
м
апаратын тағы бір қақпа ғимараты бар еді. Ол Шығыс қақпа ғимаратына қарама-қарсы тұрған әлгі қақпа ғимараты сияқты екен.
н
Хабаршы бір-біріне қарама-қарсы тұрған сол қақпа ғимараттарының арақашықтығын өлшеді, ол да жүз шынтаққа тең болды.
24
Мұнан соң хабаршы мені оңтүстік жаққа жетелеп апарды. Сонда мен оңтүстікке қарап тұрған қақпа ғимаратын көрдім. Соның күзетші бөлмелеріндегі шығыңқы қабырғалардың және бағаналы кіреберісінің өлшемдері өзге қақпа ғимараттарынікіндей болып шықты.
25
Қақпа ғимараты мен оның бағаналы кіреберісінің айналасында, өзге қақпа ғимараттарынікіндей тар терезелері бар екен. Ғимараттың ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу шынтақ, ені жиырма бес шынтақ болып шықты.
26
Осы қақпа ғимаратына да жеті баспалдақ көтерілді, әрі бағаналы кіреберісі оның ішкі жағында орналасқан еді. Соның екі жағындағы бағаналар да құрма ағашының бейнелерімен бедерленіпті.
27
Ішкі ауланың да оңтүстікке қарап тұрған қақпа ғимараты бар болатын. Хабаршы осы ғимарат пен оңтүстік жақтағы сыртқы қақпа ғимаратының арасын өлшеді. Бұл арақашықтық жүз шынтақ болып шықты.
Ішкі аулаға апаратын үш қақпа ғимараты
28
Содан соң хабаршы мені Оңтүстік қақпа ғимараты арқылы ішкі аулаға алып келді де, оңтүстік қақпа ғимаратын өлшеді. Оның да өлшемдері басқалардікімен бірдей болды.
29
Оның күзетші бөлмелері, шығыңқы қабырғалары және бағаналы кіреберісінің өлшемдері басқа қақпа ғимараттарының осындай бөліктерінің өлшемдерімен бірдей болып шықты. Қақпа ғимараты мен оның бағаналы кіреберісінің айналасында терезелер бар екен. Қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу шынтақ, ені жиырма бес шынтақ болды.
30
Ішкі ауланың айналасындағы қақпа ғимараттарының бағаналы кіреберісінің ені жиырма бес, ұзындығы бес шынтақ екен.
31
Бағаналы кіреберісі сыртқы аулаға қарап тұрды. Оның бағаналары да құрма ағашының бейнелерімен бедерленген еді. Ғимаратқа сегіз баспалдақ көтерілді.
32
Мұнан кейін хабаршы мені ішкі аулаға апаратын шығыс жақтағы қақпа ғимаратына алып келді де, соны өлшеді. Оның өлшемдері басқа қақпа ғимараттарының өлшемдерімен бірдей болып шықты.
33
Оның күзетші бөлмелері, шығыңқы қабырғалары және бағаналы кіреберісінің өлшемдері өзге де қақпа ғимараттарының өлшемдеріндей болды. Қақпа ғимараты мен оның бағаналы кіреберісінің айналасында терезелер бар екен. Ғимараттың ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу, ені жиырма бес шынтақ болды.
34
Қақпа ғимаратының бағаналы кіреберісі сыртқы аулаға шығып тұрды. Екі жағындағы бағаналары да құрма ағашының бейнелерімен бедерленген еді. Оған сегіз баспалдақ көтерілді.
35
Содан соң хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимаратына алып келді де, оны өлшеді. Соның өз өлшемдері,
36
күзетші бөлмелерінің, шығыңқы қабырғаларының және бағаналы кіреберісінің өлшемдері басқа қақпа ғимараттарынікіндей болды. Оның да айналасында терезелер бар екен. Солтүстік қақпа ғимаратының ішімен өтетін жолдың ұзындығы елу, ені жиырма бес шынтақ болып шықты.
37
Ғимараттың бағаналы кіреберісі сыртқы аулаға қарап тұрды. Оның екі жағындағы бағаналары құрма ағашының бейнелерімен бедерленген еді. Ғимаратқа сегіз баспалдақ көтерілді.
Қосалқы бөлмелер
38
Бір ішкі қақпа ғимаратының бағаналы кіреберісінің жанында бір бөлменің есігі болды. Бұл бөлмеде түгелдей өртелетін құрбандыққа шалынған малдардың бөліктері
о
жуылатын.
39
Сол ғимараттың бағаналы кіреберісінің екі жағында екі үстел орналасқан еді. Солардың үстінде түгелдей өртелетін, әрі күнәнің құнын және айыбын өтейтін үш түрлі құрбандыққа мал шалынатын.
40
Бағаналы кіреберістің сыртында, Солтүстік қақпа ғимаратына көтерілетін баспалдақтардың екі жағында, тағы екі үстелден орналасқан екен.
41
Осылайша қақпа ғимаратының ішкі және сыртқы жақтарында құрбандық мал сойылып, дайындалуға арналған төрт үстелден, барлығы сегіз үстел орналасыпты.
42
Сол сияқты, түгелдей өртелетін құрбандықтар үшін қашалған тастан жасалған төрт үстел де болды. Солардың әрқайсысының ұзындығы мен ені бір жарым, ал биіктігі бір шынтақ екен. Үстелдердің үстінде түгелдей өртелетін және басқа да құрбандық малдарды сойып, бөлшектеуге арналған құралдар жатты.
43
Қабырғаларға айналдыра аша тәрізді қармақтардай ілгіштер бекітіліпті. Олардың әрқайсысының ұзындығы бір тұтамнан болды. Құрбандықтардың еті үстелдердің үстіне салынатын.
Діни қызметкерлерге арналған бөлмелер
44
Ішкі аулада екі бөлме бар еді.
ө
Олардың біреуі Солтүстік қақпа ғимаратының жанында оңтүстікке қарай, екіншісі Оңтүстік қақпа ғимаратының жанында солтүстікке қарай орналасқан еді.
45
Хабаршы маған былай деді: «Оңтүстікке қараған бөлме киелі үйді басқарып, бақылап қорғау міндетін атқаратын діни қызметкерлерге
п
арналған.
46
Ал солтүстікке қараған бөлме құрбандық үстеліне байланысты міндеттерді атқаратын діни қызметкерлерге арналған. Осы діни қызметкерлер — Садықтың ұрпақтары.
р
Себебі Жаратқан Иеге қызмет ету үшін Оның алдына жақындап келу тек Садықтан тараған леуіліктерге ғана рұқсат етілген».
47
Содан соң хабаршы ішкі ауланы өлшеді. Ол тік төртбұрышты екен: ұзындығы мен ені жүз шынтақтан. Құрбандық өртелетін үстел киелі үйдің дәл алдында орналасыпты.
Киелі үйдің бағаналы кіреберісі
48
Хабаршы мені киелі үйдің бағаналы кіреберісіне алып келді де, бағаналы кіреберістің екі жағындағы қабырғаларын өлшеді. Олардың ені бес шынтақтан, кіреберістің өз ені он төрт шынтақ және оның екі жағындағы шығыңқы қабырғалардың қалыңдығы үш шынтақтан болып шықты.
49
Бағаналы кіреберістің ені жиырма шынтақ, алдынан артына дейінгі ені он екі шынтақ болды. Кіреберіске он баспалдақ көтерілді, екі жағында бір-бірден екі бағана
с
тұрды.

а  Б.з.д. 573 ж. 28-сәуір (33:21; Пат4 24:14-16; 25:1-4,8-11).

ә  (1:1; 8:3) Яки: көрсеткен аяндарда.

б  Демек, Иерусалимдегі Сион тауына. (Көріністегі таудың зәулімдігі Сион тауының рухани маңыздылығын астарлап білдіреді: 17:22-23; Иш 2:2; Мих 4:1; Зәк 14:10; Жыр 47:3.)

в  Осы ерекше түрінен оның жай адам емес, періште, яғни Құдайдың хабаршысы, екені айқын (1:7).

г  Яғни өлшеуіш қамыс таяқ.

ғ  40:3.

д  Қалыпты шынтақ — 45 см, ұзындау шынтақ — 52,5 см, ал өлшеуіш таяқ — 315 см-ге тең болатын.

е  Киелі үйдің қасиеттілігін қорғайтын күзетшілердің бөлмелері (40:36; Езр 2:62-63).

ж  Яки: бағаналардың.

з  Яки: Қақпа ғимаратының сырт жаққа қарап тұрған кіреберісі мен оның бағаналы кіреберісінің аралығы.

и  Немесе: терезелердің қақпақтарын жабуға болатын.

к  Осы бөлмелер Құдайға ғибадат етуге келген халықтың қолдануына арналған болса керек (Ерм 35:2,4).

қ  Яки: Сыртқы аула ішкі аулаға қарағанда төменірек орналасқан еді.

л  40:6-15.

м  Демек, діни қызметкерлердің ауласына (40:19,47; 42:13-15).

н  40:19,27-28.

о  Леу 1:9,13.

ө  Немесе: Ішкі аулада, қақпа ғимаратының сыртында, әншілерге арналған бөлме бар еді.

п  Рул 3:32,38.

р  42:13; 43:19; 44:15; 48:11; Пат2 8:17; Пат3 1:8; 2:35; 4:4.

с  Пат3 7:15.