Езекиел 4
Иерусалимнің қамалуын бейнелейтін көрініс
1
— Ал енді, пендем, күйдірілмеген кірпішті алып, оны алдыңа қой да, оған бір қаланың, яғни Иерусалимнің, жобасын сыз.
2
Қаланы қоршауға алуды бейнелеп көрсет. Оған қарсы бекіністер тұрғызып, қабырғаларының маңына тас-топырақтан үймек үй. Сосын әскер қостарын тігіп, айналасына қамал бұзатын қондырғыларды орналастыр.
3
Содан соң нан жабатын темір таба ал. Оны темір қабырға іспетті өзің мен қаланың арасына орнат. Бет-жүзіңді қалаға бұр. Осылайша қаланың қалай қоршалып, қиналатынын көрсетесің. Бұл Исраил халқына арналған ескерту белгі болады.
4
Мұнан кейін сол жағыңа жат та, Солтүстік Исраилдің халқының кінәсін өз мойныңа, жүктеп ал. Сол жағыңда қанша күн жатсаң, сонша күн олардың кінәсін өзіңе жүктейсің.
5
Олар қанша жыл күнә жасаған болса, Мен де саған сонша күнді белгіледім. Сонымен сен үш жүз тоқсан күн бойы Солтүстік Исраил халқының кінәсін өзіңе жүктеп аласың.
6
Сол үш жүз тоқсан күн біткен соң, қайтадан жат, бірақ бұл жолы оң жағыңа жат. Сен енді Яһуда халқының кінәсін өзіңе жүктейсің. Бір жылға бір күнді тағайындап, Мен саған қырық күнді белгіледім.
7
Бет-жүзіңді Иерусалим қаласының қамал қабырғасына қарай бұр! Қолыңды жалаңаштап көтеріп, қаланың күнәлары үшін құритыны туралы оған қарсы Менің хабарымды жеткіз!
8
Сенің қаланы қоршауға алған күндерің бітпейінше, Мен сені бір жағыңнан екінші жағыңа аунай алмайтын етіп, арқанмен байлап-матап тастаймын.
Ашаршылық және арам тамақ туралы алдын ала ескерту
9
Өзіңе бидай мен арпа, үрме бұршақ пен жасымық, тары және бидайға ұқсас өзге дәнді дақылдар дайындап, құмыраға салып ал. Содан нан пісір. Оны үш жүз тоқсан күн бойы бір жағыңда жатқаныңда жейтін боласың.
10
Өзіңе күніне жиырма мысқалдан тамақ өлшеп қой. Оны күн сайын белгілі уақыттарда жейтін бол.
11
Күніне өзіңе бір-бір шағын құмырадан су өлшеп құйып алып, оны да белгілі уақыттарда ішетін бол.
12
Сол тамағыңды арпа күлшелеріндей қылып дайындап же. Отын ретінде адамның кепкен нәжісін жағып, күлшелерді жұрттың көз алдында соның үстінде пісіретін бол! —
13
Жаратқан Ие соған қоса тағы былай деді: — Мен Исраил халқын басқа халықтардың арасына қуып жібергеннен кейін, олар сонда осындай арам тамақтарды жейтін болады! —
14
Ал мен:
— О, Жаратушы Тәңір Ие, мен ешқашан да арамданып көрген емеспін. Жас кезімнен бастап осы кезге дейін не арам өлген, не жыртқышқа таланып өлген малдың етін жеген жоқпын. Аузыма басқа да арам ет салған емеспін! — деп жауап қайтардым.
15
Жаратқан Ие:
— Жарайды, онда наныңды адамның кепкен нәжісіне емес, сиырдың тезегіне пісіріп жеуіңе болады, — деп келісті.
16
Бұдан соң Ол маған былай деп түсіндірді: — Пендем, Мен Иерусалимді күн көріп келген нанынан құр қалдырамын. Оның жұрты өздеріне күнделікті таразыға салынып үлестірілетін нандарын қорқып жейтін, әрі өлшеніп берілетін суларын үрейленіп ішетін болады.
17
Өйткені тамақ пен су жетіспей, адамдар бір-біріне аңтарылып, үреймен қарап, өз күнәларының кесірінен әлсіреп құритын болады.