Езекиел  38
Гогтың Исраил еліне қарсы аттануы
1
Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
2
«Пендем, бет-жүзіңді Магог еліндегі Гогқа, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісіне,
а
қарай бұр. Оған қарсы хабарымды жеткізіп
3
былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады:
Міне, Мен саған қарсы шығамын, уа, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісі Гог!
4
Мен сені кері айналдыра бұрып, жақ сүйегіңе қармақ саламын. Сені бүкіл әскеріңмен, толық жарақтанған, үлкенді-кішілі қалқандарын ұстанып, семсерлерін сілтеген салт аттыларыңмен және күймешілеріңмен бірге еліңнен шығарып, алып келемін.
5
Парсы, Құш, Либия
ә
елдерінің жасақшылары да қалқандарын ұстап, дулығаларын киіп алып, бірге аттанады.
6
Гомер
б
мен оның қалың қолы да, солтүстіктің шалғай түкпірінен үлкен әскерімен келген Бет-Тоғарма
в
да, көптеген басқа халықтар да сенің қасыңда болады.
7
Өзің де, айналаңда жиналған әскердің барлығы да даярланып, қару-жарақтарыңды дайын ұстаңдар! Сен бәрінің басшысы болып оларды бақылап тұр!
8
Едәуір уақыттан кейін аттануға шақырылып, кейінгі жылдары Исраил еліне басып кірмексің. Осы ел семсердің қырғынынан кейін қалпына келген. Оның көптеген басқа ұлттар арасына шашырап кеткен халқы жиналып, қайта оралған. Олар түрлі халықтардың арасынан әкелініп, қаңырап бос жатқан Исраилдің қырат-қырқаларына қайтып қоныстанды да, сол жерде аман-есен тұрып жатты.
9
Алайда сен қалың әскеріңмен әрі өзіңе ерген көптеген халықтармен оларға дауылдай шүйіліп, жердің бетін бұлттай басатын боласыңдар.
10
Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны да айтамын: Сол кезде сенің санаңа арам ойлар келіп, былай деп зұлым жоспар құрасың:
11
«Исраилдің бекініссіз елді мекендеріне барып, шабуылдаймын! Бейқам өмір сүріп жатқан халқына тұтқиылдан бас саламын. Олардың тұратын жерлерін қорғайтын қамалдары, ысырмамен жабылатын қақпалары
г
атымен жоқ екен.
12
Иә, бұрын қаңырап бос жатып, қазір ел мекендеген сол қалаларға аттанамын! Олардың халқы бөтен елдерге жер аударылып, солардан қайта оралды. Енді өз еліне жиналған сол халық мал мен дүние-мүлікті молынан иемденіп байып кетіпті. Олар жер ортасының жоғарғы жағында тұрып, қауіпсіз сезінеді екен. Бірақ мен сол елге бас салып, оны тонап, олжалаймын!»
13
Ал Сәба мен Дедан және Тарсистің
ғ
саудагерлері олардың жас арыстандай мықты жасақшыларымен бірге саған сұрақ қойып: «Сен расында да сол елді тонауға аттанып келдің бе? Осы әскер қолыңды жинағанда молынан алтын-күмісті, мал мен дүние-мүлікті олжалап, соларды тасып әкетемін деп ойладың ба?» дейтін болады.
14
Сондықтан, пендем, Гогқа хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Өзім таңдап алған халқым Исраил аман-есен тұрып жатқан кезде сен соны байқайтын боласың.
15
Солтүстіктің шалғай түкпіріндегі өз орныңнан артыңнан ерген көптеген халықпен: үлкен атты әскермен, қалың қолмен аттанасың.
16
Сонда сен халқым Исраилге қарсы жер бетін жабатын бұлт сияқты болып келесің. Кейінгі күндері Мен сені, ей, Гог, таңдаулы еліме қарсы аттандырып, Өзімнің киелі де қастерлі екенімді халықтардың көзінше дәлелдеймін. Содан халықтар Менің кім екенімді біліп, мойындайтын болады».
Гог бастап келген жау әскерінің жойылуы
17
Жаратушы Тәңір Ие бұған қоса мынаны да айтты: «Мен бұрын Өзіме қызмет еткен Исраилдің пайғамбарлары арқылы халқыма қарсы біреуді әкелетінім туралы жылдар бойы алдын ала білдіріп келген едім. Олар осы хабарымды жұртқа жеткізіп жүрді. Ал сол хабар өзің туралы емес пе еді?!
18
Бірақ Гог Исраил халқына қарсы шығып, тап берген сол күні Менің жалындаған қаһарым лап етеді! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
19
Себебі зор қайрат-жігерім мен лаулаған қаһарыма кенеліп мынаны жариялаймын: Еш күнәмсіз сол күні Исраил елінде үлкен жер сілкінісі болады.
20
Теңіздегі балықтар, әуедегі құстар, даладағы аңдар, жер бетінде жорғалап жүретін жәндіктер және онда тұратын барлық адамдар көз алдымда діріл қағып, таулар төмен құлап, құздар күйреп сынып, әрбір қабырға жерге опырылып түседі.
21
Мен бүкіл таулы елімде Гогқа қарсы семсерді жіберемін, әркімнің семсері өзінің серігіне қарсы жұмсалатын болады, — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. —
22
Мен Гогты індетпен және қантөгіспен жазалаймын. Оның өзі мен қалың әскерінің, әрі оған еріп келген көптеген халықтың бастарына нөсерлі құйындар мен бұршақты, жанған от пен қайнаған күкіртті төгемін.
д
23
Осылайша Мен көп халықтардың алдында ұлылығым мен киелілігімді паш етіп, Өзімнің кім екенімді ашық көрсетемін. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».



а  Гог: б.з.д. 660 ж. оңтүстік-батыс Анадолудағы Лүдия еліне патшалық құрған Гүгес патшасы болуы мүмкін (38:3,15). Мешех, Тұбал: 27:13; 32:26; Жар 10:2; Жыр 119:5. Бас әмірші: немесе Рош. (Түпнұсқада «бас» дегенді білдіретін осы сөздің бір елдің аты болуы да мүмкін.)

ә  27:10; Жар 10:6.

б  Гомер: Япшінің ұрпағы (Жар 10:2-3). Осы есімнің ежелгі сақ тайпасының бір тармағы болып, Қара теңіздің солтүстік жағасын мекендеген көшпенді гимерлерді білдіруі мүмкін.

в  27:14.

г  Яки: кесе-көлденең бөренемен бекітілетін қақпалары (Нех 3:6).

ғ  27:12,15,22-23.

д  5:17; 13:11; Жар 19:24; Еш 10:11; Жыр 10:6; 17:13; Иш 29:6; 30:30-33.