Езекиел  29
Айдаһарға ұқсас Мысырға шығарылған үкім
1
(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) оныншы жылдың оныншы айының он екінші күні
а
Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2
«Пендем, бет-жүзіңді Мысыр патшасы перғауынға
ә
қарай бұр да, оған және бүкіл Мысырға қарсы Менің хабарымды жарияла!
3
Оларға тіл қатып былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен саған қарсы шығамын, ей, Мысыр патшасы перғауын! Сен дәу айдаһардай
б
«Ніл — менікі, мен оны өзім үшін жараттым!» деп бөсіп мақтанасың.
4
Мен сенің жақ сүйегіңе қармақ қадап, өзіңді жағаға тартып, шығарып аламын. Сонда өзен тармақтарындағы барлық балық сенің қабыршақтарыңа жабысып шықпақ.
в
5
Сөйтіп сені де, өзен тармақтарының балықтарын да шөл далаға лақтырып тастаймын. Сонда сенің ашық далада жатқан денеңді ешкім жерден көтеріп алып, қабірге қоймайтын болады. Сені даладағы жыртқыш аңдар мен аспандағы құстарға жем қыламын.
г
6
Сонда Мысырдың барлық тұрғындары Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
Сен Исраил елі үшін қамыс таяқ іспетті қауқарсыз болдың.
ғ
7
Исраил сені қолына ұстап сүйенгенде, сен быт-шыт болып, жаңқаланып, оның қолтығына қадалып жарақаттадың. Иә, Исраил өзіңе тіренгенде сен сынып қалдың. Сонда оның буыны шығып кетіп, мертікті».
8
Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Біліп қой, Мен басыңа бір семсерді
д
шүйілтіп, адамдарың мен малдарыңды қырып тастаймын.
9
Осылайша Мысыр елі қаңырап бос қалады. Сонда бұл туралы естігендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
Сен «Ніл — менікі, мен оны өзім үшін жараттым!» деп бөсіп мақтанғаның үшін
е
10
біліп қой: Мен саған және Ніл өзенінің тармақтарына қарсы шығамын! Мен солтүстіктегі Миғдол қаласынан бастап, оңтүстіктегі Асуан қаласына, одан әрі Құш елінің шекарасына
ж
дейін созылған бүкіл Мысыр елін қаңыратып бос қалдырамын.
11
Не адамның аяғы, не малдың тұяғы оны баспайтын болады. Ол қырық жыл бойы қу дала болып еш тұрғынсыз жатады.
12
Мен Мысырды қаңырап қалған елдердің ішіндегі ең елсіз жер етемін. Қырық жыл бойы оның қалалары қиратылған қалалардың ішіндегі ең бос қалатыны болмақ. Мен мысырлықтарды басқа халықтардың арасына таратып, бөтен елдердің ішіне шашыратып жіберемін».
13
Ал Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Қырық жыл өткеннен кейін Мен мысырлықтарды шашырап жүрген халықтардың арасынан жинап аламын.
14
Оларды қуғындалған жағынан кері әкеліп, атамекендері — оңтүстік Мысыр
з
жаққа қайтарамын. Сол жерде олар әлсіз әрі өзгеге тәуелді бір патшалық құрады,
15
ол патшалықтардың ішіндегі ең әлсізі болады. Енді қайтып Мысыр мықты патшалық болып, өзге халықтардың үстінен үстемдік жүргізе алмайды.
16
Бұдан былай Мысыр Исраилдің сүйенетін тірегі бола алмайды. Қайта, Мысырдың жағдайын көргенде Исраил халқы бұрын сол елден қолдау сұрап күнә жасағанын есіне алып отырады.
и
Сонда олар Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білетін болады».
Бабылдың Мысырды жаулап алуы жайлы алдын ала ескерту
17
(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) жиырма жетінші жылдың бірінші айының бірінші күні
к
Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
18
«Ей, пендем, Бабыл патшасы Набуходоносор өз әскеріне Тирді басып алу үшін аямай еңбек еткізді. Оның әскеріндегі әрбір бас жүк тасудан қажалып, шашы түсіп тақырланды, әрі ауыр еңбектен әрбір иық сүйегіне дейін қажалып, жалаңаштанды. Бірақ оның өзі де, әскері де Тирге қарсы аттанып, сіңірген ауыр еңбектері үшін олжаға түк те алмады».
қ
19
Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтты: «Біліп қойыңдар, Мен Мысыр елін Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына тапсырамын. Ол оны тонап, олжалап, мол байлығын
л
иемденіп, алып кетеді. Бұл оның әскеріне арналған ақы болмақ.
20
Мен Мысыр елін Бабыл патшасына істеген еңбегінің сыйы ретінде бердім, өйткені оның өзі және әскері Мен үшін еңбек етті ғой. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
21
Сол кезде Мен Исраил халқына күш-қуат дарытамын.
м
Содан халықтың арасында сенің сөздерің абыройлы болады.
н
Сонда мұны көргендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».

а  Б.з.д. 587 ж. 7-қаңтар.

ә  Ерм 44:30.

б  Немесе: дәу қолтырауын (крокодил) іспетті (Иш 20:7; 51:9; Жыр 88:11).

в  Демек, Мен сені де, саған тәуелді әскеріңді де аман-есен жатқан Ніл өзенінің тармақтарынан шығарып алып, жау қолына тапсырамын (38:4-6; Уағ 9:12).

г  31:18; 32:4-6; 39:4; Ерм 7:33.

ғ  Иш 26:6; Ерм 37:1-10.

д  Яғни Бабыл патшасы Набуходоносордың әскерін (32:2,11-15).

е  29:3.

ж  Миғдол: Мысырдың солтүстік-шығыс шекарасында (30:6; Мыс 14:2; Ерм 44:1; 46:14). Асуан: ежелгі аты Сиена, Ніл өзенінің бірінші құламасының маңындағы қала (30:6). Құш: қазіргі Мысырдың оңтүстігін, Судан мен Эфиопияның солтүстігін қамтыған ежелгі Нубия мен Құш елдері (30:4,9; 38:5; Жыр 67:32).

з  Яки: (ежелгі) Патрос (Жоғарғы Египет) (30:14; Ерм 44:1).

и  17:15-17; Иш 20:1-6; 31:1-3; Ерм 2:18-19,36-37.

к  Б.з.д. 571 ж. 26-сәуір.

қ  Набуходоносор Тир қаласын б.з.д. 585-571 жж. қамауға алып, қаланың құрлықтағы бөлігін басып алғанымен, аралдағы қорғанды қолына түсіре алмады (26:7-14; Иш 23:1).

л  Немесе: көптеген халқын. Яки: көптеген жасақшыларын.

м  Немесе: Исраил халқына күшті билеушіні шығарамын. Яки: Исраил халқы үшін бір мүйізді өсіріп шығарамын (Жыр 131:17; 148:14).

н  Немесе: Мен олардың арасында сенің аузыңды ашып, сені хабаршы етемін.