Езекиел 25
Аммон халқына шығарылған үкім
1
Бірде Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2
«Пендем, бет-жүзіңді Аммон еліне қарай бұр да, оларға қарсы мына хабарымды жеткіз:
3
Жаратушы Тәңір Иенің сөзін тыңдаңдар! Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер Менің киелі үйім арамданып, Исраил елі күйреп, халқым Яһуда тұтқындалып, жер аударылғанда «Әп, бәлем! Өзіне де сол керек!» деп табалап мазақтадыңдар.
4
Сондықтан біліп қойыңдар, Мен сендерді шығыстағы иен даланы мекендейтін көшпелі тайпалардың меншігіне тапсырамын. Олар араларыңда қостарын тігіп, шатырларын құрып, бекінеді. Сендердің өнімдеріңді жеп, малдарыңның сүтін ішетін болады.
5
Мен Рабба қаласын солардың түйелері жайылатын құла түзге айналдырамын, бүкіл Аммон елі де қой-ешкінің тынығатын қашасы болады. Осылай сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар!»
6
Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ей, Аммон халқы, сен Исраил елін жек көргеннен қолдарыңды шапалақтап, аяқтарыңмен жер тепкілеп, оны табалап күлдің.
7
Сондықтан Мен саған қарсы қолымды созып, сені басқа халықтарға олжа етіп беремін. Осылай Мен сені ұлттардың арасынан аластатып, елдердің сапынан біржола құртып, жоқ қыламын. Содан сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың!»
Моаб халқына шығарылған үкім
8
Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Моаб пен Сейірдегі халық былай деді: «Міне, қараңдар! Яһуда халқы барлық басқа ұлттар сияқты болыпты!» —
9
Сол себепті Мен Моабтың ел шетіндегі даңқты қалалары: Бет-Ешимот, Бағал-Меон және Кириятаимнан бастап елдің шекараларын осал етемін.
10
Мен Моаб пен Аммонды шығыс тайпаларының қолына табыстаймын. Сондықтан басқа халықтар аммондықтарды ұмытып, естерінен шығаратын болады.
11
Мен Моабқа да үкімін шығарып, жазасын тартқызамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
Едомға шығарылған үкім
12
Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Едом халқы Яһуда елінен қаскүнемдікпен кегін алып, ауыр қылмыс жасады.
13
Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен Едомға қарсы қолымды созып, оның тұрғындары мен малдарын құртамын. Теманнан Деданға дейін бүкіл халық семсерден қырылып, ел қаңырап бос қалады.
14
Осылайша Мен халқым Исраил арқылы Едомға тиісті жазасын тартқызамын. Исраил мұны Менің ашуым мен қаһарыма сай істейді. Сонда Едом Менің жазалауымның не екенін білетін болады». — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады.
Філістірлерге шығарылған үкім
15
Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Філістірлер жүректерінде сақтап келген кектеріне бола Яһуда халқынан өштерін алып, ежелден келе жатқан қаскүнемдіктеріне сай оның елін құртуға тырысты.
16
Сондықтан да Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Біліп қойыңдар, Мен філістірлерге қарсы қолымды созып, кереттіктерді құртып, теңіз жағалауындағы қалған халықтарды да жоқ қыламын.
17
Мен оларға аяусыз қарымталарын қайтарып, қаһарымды төгіп, жазаларын тартқызамын. Осылай істеген кезімде олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».