Езекиел 22
Қан төгіп, опасыздық жасайтын Иерусалимнің айыпталуы
1
Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
2
«Ей, пендем, сен қаланы айыптауға дайынсың ба? Қан төккіш сол қаланы сотқа дайындамақсың ба? Ендеше оған өзінің жасаған жексұрын күнәларының бәрін де әшкерелеп айт!
3
Былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, қала, сен өзіңнің ортаңда адамдардың қанын төктің, осылай өз жазаңды тартатын уақытыңды жақындаттың! Сен жалған тәңірлердің мүсіндерін жасап алып, соларға табыну арқылы өзіңді-өзің арамдап келесің!
4
Кісі өлтіріп қан төккенің арқылы кінәлі болып, өзің жасап алған жалған тәңірлердің мүсіндері арқылы да арамдалдың. Осылайша басыңа пәле түсетін күніңді өзің жақындаттың! Ғұмыр кешетін жылдарыңның тағайындалған ақыры таяп келді! Сондықтан Мен сені барлық халықтар масқаралайтын, барлық елдер табалайтын қыламын.
5
Уа, масқараланған, іші бүлікке толы қала, жақындағылар да, алыстағылар да сені келекелейтін болады!
6
Көріп тұрсың ба, сендегі Исраилдің билеушілерінің әрқайсысы өз шамасы жеткенше адам қанын төгуге бейім болды.
7
Тұрғындарың ата-ананы менсінбей, сыйлаған жоқ. Олар өзіңдегі жат жерліктерді қанап, жол жүріп келе жатқан жолаушыны тонайды, жетім-жесірлерге зорлық жасайды.
8
Сондай-ақ, олар Менің киелі нәрселеріме немқұрайды қарап, демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, оның қасиеттілігін құрметтемеді.
9
Сенде жазықсыз жала жауып, кісі өлтірткен зұлымдар да бар! Олар тау-төбе бастарында жалған тәңірлерге арналған құрбандық астарынан ішіп-жеп, азғын іс-әрекет жасайтындар.
10
Араларыңда әкесінің әйелімен жақындасып оның абыройын төккендер де, айлық етеккірі келіп, таза емес деп есептелетін әйелдерді зорлап кеткендер де бар.
11
Сенде тұратын тағы біреу көршісінің әйелімен неке адалдығын бұзған, екіншісі өзінің келінімен жақындасып оның абыройын төккен, үшіншісі туған қарындасын, өз әкесінің қызын зорлаған.
12
Сендегі адамдар ақшаға жалданып кісі өлтіреді. Өзің өсімқорлықпен айналысып, басқалардың мал-мүлкін зорлықпен тартып алып байисың. Ал Мені ұмытып кеткенсің! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.
13
Міне, қара! Мен сенің әділетсіз жолмен ие болған пайдаңа және өз араңда төгілген қанға бола ызалана екі алақанымды соғамын.
14
Мен сені жазалаған күні батылдығың берік болып, қолдарыңда күш қала берер ме екен? Осыны Мен, Жаратқан Ие, айттым да, оны орындаймын да.
15
Мен сендерді басқа халықтардың арасына таратып, бөтен елдерге шашыратып жіберемін. Осылай сендегі арамдықты алып тастап, түбегейлі жоқ қыламын.
16
Сен өзге ұлттардың көз алдында қорланасың, сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың».
Иерусалимнің қоқыстан тазартылуы қажет
17
Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
18
«Ей, пендем, Исраил халқы Мен үшін күмісті балқытып тазартқанда одан бөлініп шығатын мүлдем жарамсыз қоқыс сияқты болып кетті! Олар көрікте қалып қоятын күмістің қоқысы — мыс, қалайы, темір және қорғасындай.
19
Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендердің барлығың қоқыс іспетті болып кеткендіктен, Мен енді сендерді Иерусалимнің ортасына жинаймын.
20
Күміс, қола, темір, қорғасын және қалайыны от үрлеп, балқыту үшін алдымен көрікке салып жинайды. Дәл осылай Мен де сендерді лаулаған қаһарыммен қалада жинаймын да, көрікке салып, балқытқандай азап отынан өткіземін.
21
Мен барлығыңды жинап алып, сендерге өз қаһарымның отын үрлеймін, соның ішінде балқисыңдар.
22
Сонымен күмістің көріктің ішінде балқитынындай, сендер де азап отында балқисыңдар. Сонда Мен, Жаратқан Ие, өздеріңе қаһарымды төккенімді білетін боласыңдар».
23
Содан соң Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
24
«Пендем, Исраил еліне мынаны айт: Менің қаһарым төгілетін күні сен өңделмеген әрі жаңбыр жаумайтын құла түз сияқты боласың!
25
Әміршілерің олжасын паршалап жұлып, ақырған арыстандай, астыртын әрекет жасауда. Олар адам өмірін жалмап, мал-мүлкін тартып алып, осы елде көптеген әйелді жесір қалдырды.
26
Діни қызметкерлерің Менің бұйырған Таурат заңымды бұзып, Өзіме бағышталған қасиетті нәрселерімді арамдайды. Олар қасиетті мен жай нәрселердің арасын тіптен ажыратпай, адал мен арамның айырмашылығын да еш үйретпейді. Демалыс күндеріме қатысты ережелерімді бұзып, соларға да немқұрайды қарайды. Осылайша олар Маған құрмет көрсетпей, Мені қорлайды.
27
Сенің басшыларың олжасын жарып жейтін қасқырларға ұқсайды. Олар арам пайда табу үшін қан төгіп, кісі де өлтіреді.
28
Ал пайғамбарларың болса, Мен оларға сөйлемесем де, «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады» дейді. Олар жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтып, сол басшылардың жасаған қылмыстарын әкпен сылағандай ақтайды.
29
Елдің халқы да өзгелерге қысым көрсетіп, адамдарды тонайды. Олар бейшара жарлыларды қанап, араларындағы жат жұрттық кірмелерді де жәбірлеп әділетсіздік жасайды.
30
Менің сол елді құртуға мәжбүр болмауым үшін, оны қабырғадай қоршап-қорғайтын әділдікті орнатып, қабырғаның құлаған жерін өз денесімен жауып тұратын біреуді іздедім. Бірақ ешкімді таппадым.
31
Сондықтан Мен оларға ашуымды төгіп, қаһарымның отымен оларды жалмап құрттым. Осылайша істеп жүрген істерінің жазасын өздеріне тартқыздым», — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.