Езекиел 2
Құдайдың Езекиелді қызметіне тағайындауы
1
Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты маған осылай көрінді. Мұны көре салысымен мен жерге етпетімнен жата кеттім. Сонда өзіме сөйлеп тұрған бір дауысты естідім. Ол: «Ей, пендем, орныңнан тұр! Мен саған тіл қатып, сөйлемекпін», — деді.
2
Сол дауыс сөйлей бастағанда, Рух бойыма еніп, мені аяғыма тік тұрғызды. Мен Оның айтқан сөздерін мұқият тыңдадым.
3
Ол былай деді: «Ей, пендем, Мен сені Исраилдің үрім-бұтағына — Маған қарсы шыға беретін бас көтергіш халыққа жібермекшімін. Олардың өздері де, ата-бабалары да осы күнге дейін Маған қарсы бас көтеріп келеді.
4
Мен сені жіберетін халық тоңмойын қыңыр. Оларға: «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады» деп жарияла!
5
Сонда олар тыңдаса да, тыңдаудан бас тартса да — олар бас көтергіш халық емес пе? — әйтеуір, олар өздерінің араларында Құдайдың пайғамбарының бар екенін білетін болады.
6
Ал сен, уа, пендем, не олардың өздерінен де, не айтқан сөздерінен де қорқушы болма! Тіпті тікенді бұта мен ошағандар айналаңды қаптап, улы шаяндардың арасында тұрып жатсаң да, қорқушы болма! Бас көтергіш халық болғанымен, олардың не айтқан сөздерінен де қорықпа, не сұсты бет-әлпеттерінен де шошыма!
7
Тыңдаса да, тыңдамаса да, — олар әбден бас көтергіш қой, — бәрібір, оларға Менің сөздерімді жеткізетін бол!
8
Ал өзің, пендем, Менің саған айтатыныма құлақ сал! Анау бас көтергіш халық сияқты, сен де Маған бағынбай кетуші болма! Аузыңды ашып, өзіңе беретінімді же!»
Жаратқан Ие ұсынған шиыршық кітап
9
Содан соң қарасам, маған қарай созылған бір қолды көрдім. Сол қол маған бір шиыршық кітапты ұсынып тұр екен.
10
Жаңағы қол әлгі кітапты менің алдымда ашты. Оның екі жағына да жоқтау мен қайғы-қасіреттің сөздері жазылыпты.