Езекиел  17
Екі бүркіт пен бір жүзім бұтасы жайлы астарлы әңгіме
1
Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2
«Ей, пендем, Исраил халқына жұмбақтап мына бір астарлы әңгімені айтып бер:
а
3
Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Бірде қанаттары мықты, қауырсындары қалың да түрлі-түсті бір алып бүркіт Ливанға
ә
ұшып келіпті. Ол бір самырсын ағашының басын бүріп,
4
ең биік өскен бұтағын сындырып алыпты.
б
Соны саудагерлердің бір еліне алып кетіп, солардың қаласына
в
апарып отырғызыпты.
5
Бүркіт сенің еліңнен бір дән
г
де алып, оны құнарлы топыраққа сеуіп тастапты. Дәнді тал іспетті суы мол жерге егіп, одан өскін өсіп шығыпты.
6
Өскін тамыр жайып, қаулап өскен аласа жүзім бұтасына айналыпты. Оның бұтақтары бүркітке қарай бұрылып, тамырлары жерге терең кетіпті. Осылай жүзім бұтасы айналасына бұтақтары мен өркендерін жіберіпті.
7
Бірақ қанаттары мықты, қауырсындары қалың тағы да бір бүркіт бар еді. Әлгі жүзім бұтасы отырғызылған жерінен көбірек су іздеп, сол бүркітке қарай тамыр жіберіп, бұтақтарын бұратын болыпты.
ғ
8
Ол бұтақ жайып, жеміс беріп, керемет жайқалған жүзім бұтасы болсын деп, суы мол жердегі құнарлы топыраққа отырғызылған болатын.
9
Исраил халқына былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сол жүзім бұтасы жайқалып өсе бере ме? Жоқ, Мен оны түп-тамырымен жұлып, жемістерін сыпырып тастаймын. Сонда жемістері де, жаңадан өскен мұртшалары да қурап қалады. Бұтаны түп-тамырымен жұлып тастауға не зор күш-қуат, не үлкен әскер қолы қажет болмайды.
10
Бұта басқа жерге көшіріліп отырғызылса да, өсіп-өнетін бола ма? Жоқ, шығыстағы шөлдің аңызақ желі соққанда,
д
ол өсіп шыққан жерінде-ақ біржола қурап қалады».
Астарлы әңгіменің мағынасы
11
Содан соң Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
12
Мына бас көтергіш халықтан: «Осы астарлы әңгіменің мағынасын түсінбейсіңдер ме?» деп сұра! Оларға мына хабарымды жеткіз: Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимді басып алды да, қаланың патшасы
е
мен әміршілерін Бабылға айдап әкетті.
13
Содан соң ол патшалық әулеттен шыққан басқа біреуді
ж
таңдап алып, онымен келісім жасап, оған өзіне адал болуға ант бергізді. Бабыл патшасы, сондай-ақ, елдің лауазымды адамдарын да тұтқынға алды.
з
14
Ол мұны Яһуда патшалығы бұдан былай бас көтере алмай, бағынып, тек Бабылмен жасасқан келісімді ұстануларымен ғана жандарын бақсын деп істеді.
15
Алайда Иерусалим патшасы Мысырға елшілерін жіберіп, сол елден көп жылқы мен қалың әскер сұрауы арқылы Бабыл патшасына қарсы бас көтерумен болды.
и
Ол енді табысқа жете ме? Мұндайды істеген адам аман-есен қала ма? Антын бұзған адам аман-сау құтыла ма?
16
Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Иерусалимнің патшасы Бабыл елінің ішінде өледі! Сол елдің патшасы оны билеуші етіп тағайындаған еді ғой! Ал өзі оған берген антын бұзып, жасасқан келісіміне немқұрайды қарады.
17
Содан Бабыл патшасы Иерусалим қаласына аттанып барып, көп адамның өмірін құрту үшін қаланы дуалмен қоршап, үймектер үйіп, шабуыл жасамақ. Ал (Мысыр патшасы) перғауын өзінің қалың қолымен, көптеген жасақшыларымен Иерусалим патшасына еш көмек көрсетпейтін болады.
18
Иерусалим патшасы келісімді бұзып, берген антына немқұрайды қараған еді. Ол қол алысып уәде бере тұра, осылай сөзінен тайғаны үшін, жазасынан қашып құтыла алмайды.
19
Сондықтан мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп мынаны айтады: Иерусалим патшасының Менің атымды атап берген антына немқұрайды қарап, Келісімімді бұзғанының жазасын Мен оның өз басына түсіремін.
20
Оған торымды жайып, ол соған түсетін болады. Өзіме қарсы опасыздық жасағаны үшін Мен оны Бабылға апарып, сол жерде соттап жазалаймын.
21
Оның тым-тырақай қашқан жасақтары семсерден қаза тауып, тірі қалғандары шартарапқа шашылып кетеді. Сонда сендер бұны айтқан Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар».
Жас өркеннің жерге отырғызылуы
22
Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Мен Өзім самырсынның ұшар басынан оның бір өркенін алып, жерге отырғызамын. Сонда Мен ағаштың ең жоғарғы бұтақтарынан бір жас өркенді сындырып алып, оны заңғар да зәулім бір таудың басына
к
отырғызамын.
қ
23
Мен өркенді Исраилдің биік тауының басына отырғызғаннан кейін ол бұтақ жайып, жеміс беріп, зәулім самырсынға айналады. Әр түрлі құстар оған ұяларын салып, оның бұтақтарының саясын паналайтын болады.
24
Осылай даланың барлық ағаштары Менің, Жаратқан Иенің, биік ағашты құлатып, аласа ағашты биік қылып өсіретінімді, әрі жасыл ағашты қуратып, қураған ағашты көгертетінімді білетін болады.
Бұны Мен, Жаратқан Ие, айттым да, сонымды орындаймын да!»

а  15:2-6; 20:49; Бил 9:9-15; 14:12-14; Иш 5:1-7.

ә  Алып бүркіт — Набуходоносорды, ал Ливан — Иерусалимді астарлап білдіреді (17:12).

б  17:12.

в  Яғни Бабылға (17:12; 16:29; Иш 43:14; Ерм 51:13).

г  17:13.

ғ  17:15.

д  19:12.

е  Ехониях (17:4; Пат4 24:11-17).

ж  Яғни Седекияхты (17:5; Пат4 24:17).

з  Пат4 24:15-16; Ерм 24:1.

и  17:7; Шеж 2 36:13.

к  17:23; 20:40; 40:2; Жыр 2:6; Иш 2:2-3.

қ  Бұл уәде Дәуіттің ұлы Ұрпағы — Мәсіхке меңзейді (37:22; 17:4).