Езекиел 1
Жаратқан Иенің Бабыл еліндегі Езекиелге көріністер көрсетуі
1
Отызыншы жылдың төртінші айының бесінші күні мен Хобар өзенінің жағасына жер аударылып қоныстанған елдестеріммен бірге болдым. Сол кезде көк ашылып, Құдай маған көрсеткен көріністерді көрдім.
2
Бұл, Ехониях патшаның жер аударылғаннан кейінгі бесінші жылының төртінші айының бесінші күні болатын.
3
Сонда Жаратқан Ие халдейлердің еліндегі Хобар өзенінің жағасында маған, діни қызметкер Бузи ұлы Езекиелге, сөзін арнады. Сол жерде маған Жаратқан Иенің рухани құдіреті қонды.
Жаратқан Иенің қасындағы төрт нөкері
4
Қарасам, солтүстік жақтан бір алапат құйын келе жатыр екен. Ол найзағайы оттай жарқылдап тұрған, жан-жағынан жарқыраған нұрмен көмкерілген үлкен қалың бұлт екен. Ал оттың ортасы жылтыр қола іспетті жарқырап тұрды.
5
От ішінен тіршілік иелеріне ұқсаған төрт нөкер көрінді. Олардың түр-тұрпаты адамдікіне ұқсас еді.
6
Ал әр нөкердің төрт бет-әлпеті мен төрт қанаты бар болатын.
7
Төрт нөкердің аяқтары түзу, ал аяқтарының басы торпақтікіне ұқсап, жылтыр қоладай жалтырап тұрды.
8
Нөкерлердің төрт жағындағы әр қанатының астында бір-бірден адамның қолы болды. Әрқайсысының да төрт бет-әлпеті мен қанаты бар еді.
9
Осылайша төрт нөкер еш бұрылмастан кез келген бағытқа тура жүре алды. Төртеуінің қанаттары бір-біріне тиіп тұрды.
10
Нөкерлердің бет-әлпеттері мынадай болды: әрқайсысының алдыңғы бет-әлпеті адамның, оң жағындағысы арыстанның, сол жағындағысы бұқаның және артындағысы бүркіттің жүзі іспетті еді.
11
Олардың бет-әлпеттері осындай болатын. Төрт нөкердің қанаттары жоғары қарай жайылып тұрды. Әр тірі тұлғаның екі қанаты жанындағы екі нөкердің қанаттарына тиіп тұрса, басқа екі қанаты оның өз денесін жауып тұрды.
12
Төрт нөкердің әрқайсысы алдыңғы жағына қарай, еш бұрылмай-ақ рух қалаған бағытқа тура жүретін.
13
Төрт нөкердің сырт кейпі лаулап жанып жатқан көмір шоғындай не жарқыраған алаудай еді. Осы от нөкерлердің арасында әрлі-берлі қозғалып, оттан найзағайлар жарқылдап тұрды.
14
Нөкерлердің өздері де найзағайдың жарқылындай әрлі-берлі зымырап жүрді.
15
Мен нөкерлерге қарағанда олардың жандарынан жерге тиіп тұрған төрт дөңгелекті көрдім. Нөкерлердің әрбіреуінің жанында бір-бір дөңгелектен болды.
16
Төрт дөңгелек зүбәржат асыл тасы іспетті алтын түспен жарқылдап тұрды. Төртеуінің де сыртқы түрі мен жасалуы бірдей екен. Әр дөңгелектің ішінде өзімен қиылысқан екінші дөңгелегі болды.
17
Нөкерлер қай бағытқа қозғалмасын, дөңгелектер де бұрылмай-ақ кез келген бағытқа жылжи алатын.
18
Дөңгелектердің шеңберлері үлкен әрі қорқынышты болды. Төртеуі де айналдыра көздерге толы еді.
19
Нөкерлер қозғалғанда, жандарындағы дөңгелектер де қозғалатын және нөкерлер жерден көтерілгенде, дөңгелектер де көтерілетін.
20
Нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын. Сондықтан рух қайда бағыт алса, нөкерлер мен дөңгелектер де тұрып, солай қарай бірге жылжитын.
21
Нөкерлер қозғалғанда дөңгелектер де қозғалатын, тоқтағанда, дөңгелектер де тоқтайтын, ал жоғары көтерілгенде, солармен бірге дөңгелектер де көтерілетін. Өйткені нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын.
22
Нөкерлердің бастарының үстіңгі жағында шыныдай жалтыраған күмбез тәрізді бір әуе кеңістігі жайылып тұрды.
23
Нөкерлер күмбез тәрізді кеңістіктің астында әр жағындағы бір қанатын бір-біріне созып, қалған екі қанатымен денелерін жауып тұрды.
24
Нөкерлер қозғалғанда, мен қатты ағып жатқан судың гүріліндей, құдіреті шексіз Құдайдың дауысындай, әрі зор әскердің тұрағындағы ұрандаған атойдай қанаттарының сусылын естідім. Нөкерлер тоқтағанда қанаттарын түсіріп отырды.
25
Ал енді, олар осылай қанаттарын түсіріп тыныш тұрған кезде, күмбез тәрізді кеңістіктің жоғарғы жағынан бір дауыс естілді.
26
Сол кеңістіктің жоғарғы жағында саф көк асыл тастан жасалған таққа ұқсас бір нәрсе тұрды, ал оның үстінде сырт кейпі адамға ұқсас Біреу отырды.
27
Оның денесі белінен жоғары қарай жалындап жалтыраған қоладай екенін әрі белінен төмен қарай оттай жарқырап тұрғанын көрдім. Және Оның айналасын жарқыраған нұр көмкеріп тұрды.
28
Оның айналасындағы жарқыраған нұр жаңбырлы күні бұлттарда пайда болатын кемпірқосаққа ұқсас еді.