Езекиел пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Еремия, Даниял пайғамбарлармен замандас болған Езекиел б.з.д. 597 ж. Ехониях патшамен және тұтқынға түскен мыңдаған басқа да яһудилермен бірге Яһудадан Бабыл еліне жер аударылған еді (Пат4 24:15). Діни қызметкерлер әулетінен шыққан Езекиел енді өзге елдестерімен бірге Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінен қашық жат жерде, Евфрат өзенінің Хобар тармағының жағалауында тұрып жатты.
Құдай Тағала Езекиелді сол жерде Өзінің таңдап алған халқына хабарларын жеткізетін пайғамбары болуға шақырып, оған түрлі аяндар (бейнелі көріністер) көрсетті. Дәуіттің әулетінен шыққан патшалар билік жүргізген Исраил халқы Жаратқан Иемен жасаған Келісімге опасыздық жасап, Оған қарсы бас көтеріп, тоңмойын қыңыр болып кеткен еді. Олар Оның ескертулеріне лайықты мән бермей келген болатын. Сондықтан Жаратқан Ие Өзінің жер бетіндегі тұрағы болуға белгілеген киелі үйін тастап кетіп, жау қолына табыстап, қаңыратып бос қалдыруға шешім қабылдаған еді (5:7-14).
Өз халқын әрі Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйін қатты сүйетін Езекиел пайғамбарға бұл өте қайғылы хабар болды. Әйтсе де, пайғамбар Бабыл еліне жер аударылған исраилдіктерге Жаратқан Иенің хабарларын адалдықпен жеткізіп отырды. Халық Жаратқан Иенің шынайы да әділ Құдай екенін ұға бастады. Өзі олардың ежелгі бабаларымен Келісім жасаған кезде алдын ала ескерткеніндей (Леу 26; Заң 28-29), Жаратқан Ие енді халықты жасаған опасыздығы үшін жазалауға ұйғарған еді. Келісім жасаған кезде Исраил Құдайға бағышталған халық болуға уәде берген болатын (Мыс 24:3-9; Еш 24:14-22). Алайда мұның орнына олар Алла Тағаладан бас тартып, аспан денелеріне және ағаштан, тастан жасалған тәңір мүсіндеріне табынып кетті (8:5-18).
Сол себептен Езекиел жерлестеріне жуыр маңда өз елдеріне қайтуға үміттеніңдер деп айта алмады. Қайта, олар Бабыл патшалығының тұтқынында жүріп, Хақ Тағаланың әділ үкімін қабылдауға, әрі Оның өздерімен бірге екендігін қанағат етуге тиісті болды.
Бірде Жаратқан Ие Езекиелге дәл сол күні Бабыл патшасының Иерусалимді қоршауға алғанын және көп кешікпей-ақ қаланың жау қолына түсетінін білдірді. Бұдан кейін пайғамбар Құдайдан тағы басқа бір суық хабарды да алды: оның сүйген жары — өмірінің қуанышы қайтыс болады. Бірақ Езекиелге әйелін ашық аза тұтуға рұқсат етілмеді. Осы сияқты, Исраил халқының қуанышы — Иерусалимдегі киелі үй де олардан тартып алынбақшы. Бірақ жау елінде жүрген халық бұл үшін ашық түрде аза тұта алмайтын болады (24:15-24).
Пайғамбардың келесі хабарлары басқа халықтар туралы. Тек Яһуда патшалығы ғана емес, онымен көршілес өзге жеті ел де Құдай Тағаланың әділ жазасын тартуға тиісті болды.
Көп уақыт өтпей, Иерусалимнен келген бір қашқын қаланың жау қолына түскендігі туралы қайғылы хабарды жеткізді. Алайда бұл халықтың үмітінің ақыры емес еді: Құдай Тағала оларға Езекиел пайғамбар арқылы жұбаныштың да керемет сөздерін жіберді. Болашақта Жаратқан Ие өз халқын қайтадан тірілтіп, қалпына келтіретін болады. Ол Өзінің киелі үйін тағы да салтанатты ұлылығына кенелтпек. Сонда Исраил ұдайы Жаратқан Иенің қасиетті де жарылқанған патшалығы болмақ.