Мысырдан шығу 9
Бесінші апат: малдың қырылуы
1
Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Перғауынға барып сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер!
2
Егер оларды жіберуден бас тартып, әрі қарай ұстап қалатын болсаң,
3
онда сақ бол. Жаратқан Ие далада жүрген малдарыңа қол салып, жылқыларың, есектерің, түйелерің, мүйізді ірі қараларың және қой-ешкілерің өте жаман індетке ұшырайтын болады!
4
Ал Жаратқан Ие қайтадан исраилдіктердің малдарына мысырлықтардікінен бөлек қарамақ: Исраилдің бір тұяғы да шығынға ұшырамайды!
5
Жаратқан Ие уақытты белгілеп қойды: Ол мұны осы жерде күні ертең істей бастайды».
6
Жаратқан Ие келесі күні солай істеді де. Мысырлықтардың малдары жаппай қырылды, ал исраилдіктердің малдарынан бірде-бір шығын болмады.
7
Перғауын адамдарын жіберіп, исраилдіктердің бір тұяғының да шығынға ұшырамағанын біліп алды. Сонда да перғауынның жүрегі қасарысып, ол халықты жібермей қойды.
Алтыншы апат: шиқандар
8
Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп бұйырды:
— Пештен уыстап күл алыңдар. Мұса оны перғауынның көз алдында аспанға қарай шашып жіберсін.
9
Сонда ол майда тозаң болып бүкіл Мысыр еліне тарап кетеді де, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болады.
10
Мұса мен Һарон пештен күл алып, перғауынның алдына барды. Мұса күлді аспанға қарай шашып жібергенде, адамдар мен жан-жануарларда шиқандар пайда болды.
11
Абыздар Мұсаға қарсы тұра алмады. Барлық мысырлықтар сияқты олардың тәндеріне де шиқандар шыққан болатын.
12
Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына құлақ аспай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала айтқан да еді.
Жетінші апат: күн күркіреу мен бұршақ
13
Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
— Ертеңгісін ерте тұрып, перғауынның алдына барып, сөзімді жеткіз: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер!
14
Мен осы жолы қасарысқан жүрегіңе, нөкерлеріңе және халқыңа қарсы ойлаған апаттарымның бәрін жіберетін боламын. Сонда сен жер бетінде Маған тең келетін ешкімнің жоқ екеніне көзің жетіп, соны білетін боласың.
15
Қаласам баяғыда қолымды созып-ақ өзіңді де, халқыңды да індетке ұшыратып, жер бетінен жоқ қылған болар едім.
16
Алайда саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым.
17
Сен әлі де халқыма қарсы шығып, оларды жібермей келесің.
18
Біліп ал: Мен ертең осы мезгілде Мысыр Мысыр болғалы күні бүгінге дейін болып көрмеген бұршақты сенің еліңе жаудырамын.
19
Енді адамдарыңды жіберіп, даладағы малдарың мен меншіктеріңнің бәрін де паналарға жинатып алдырт! Үй-қораларды паналамай далада жүрген күллі адамдар мен малдар бұршақтың астында қалып, қырылмақ».
20
Перғауынның нөкерлерінің кейбіреулері Жаратқан Иенің сөздерінен қорқып, қарамағындағы қызметшілері мен малдарын жедел түрде қауіпсіз жерлерге жинап алды.
21
Ал Жаратқан Иенің сөзіне көңіл бөлмегендер өз қызметшілері мен малдарын далада қалдырды.
22
Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйрық берді:
— Қолыңды аспанға қарай соз! Сол сәтте бүкіл Мысыр елінің үстіне, ондағы адамдардың, малдардың және даладағы өсімдіктердің бәрінің үстіне бұршақ жауатын болады.
23
Мұса таяғын аспанға қарай созғанда, Жаратқан Ие күн күркіретіп, бұршақ жаудырып, жерге найзағай түсірді. Осылайша Жаратқан Ие Мысыр елін бұршақтың астына алып,
24
бұршақ жерге үздіксіз төпелеп, арасында найзағай жарқылдап тұрды. Бұршақтың мұндай күшті жауғанын Мысыр халқы ел болып, басы біріккелі көрген емес.
25
Бұршақ бүкіл Мысыр даласында жүрген күллі адамдар мен малдарды қырып, өсіп тұрғанның барлығын тып-типыл қылып, ағаш атаулының бұтақтарын сындырып, быт-шыт етті.
26
Тек Исраилдің үрім-бұтағы мекендеген Гөшен елінде ғана бұршақ жауған жоқ.
27
Содан перғауын кісі жіберіп, Мұса мен Һаронды шақырып алып:
— Осы жолы мен күнә жасадым. Жаратқан Ие әділ, ал өзім және халқым кінәлі.
28
Жаратқан Иеге сиыныңдаршы! Құдайдың қатты күн күркіретіп, бұршақ жаудырғаны тоқтаса екен! Бұған дейін басымызға түскені жетер. Сендерді жібермекпін, бұдан әрі қарай мұнда қалуға тиіс болмайсыңдар, — деді.
29
Мұса:
— Қаладан шығысымен-ақ қолымды Жаратқан Иеге қарай жайып сиынамын. Сонда күн күркіреуін тоқтатып, бұршақ та жаумайтын болады. Осыдан жердің иесі Жаратқан Ие екенін білетін боласыз.
30
Алайда өзіңіз де, нөкерлеріңіз де (шынайы) Құдайды, Жаратқан Иені, әлі де терең қастерлеп, Одан қорықпайсыздар, соны білемін, — деп жауап қатты.
31
Зығыр мен арпаны бұршақ ұрып кетті, өйткені арпа масақ жарып, зығыр гүлдеп тұрған еді.
32
Ал бидай мен соған ұқсас дәнді дақылдар кеш пісетін болғандықтан бұршаққа ұрыла қоймады.
33
Мұса перғауыннан қаланың сыртына шығып, қолын Жаратқан Иеге қарай жайып сиынды. Сонда күн күркіреуін, бұршақ жаууын доғарып, жаңбыр да тиылды.
34
Бірақ перғауын бұршақ пен жаңбырдың әрі күннің күркіреуінің тыйылғанын көргенде, күнә жасауын әрі қарай жалғастырып, өзі де, нөкерлері де жүректерін қасарыстырып алды.
35
Осылай перғауын қайтадан қырсығып, Исраил халқын жібермей қойды. Солай болатынын Жаратқан Ие Мұса арқылы алдын ала айтқан да еді.