Мысырдан шығу 38
Құрбандық үстелі
1
Беселиел мұнан кейін шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді аққараған ағашынан жасатты. Үстел төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бес, биіктігі үш шынтақтан еді.
2
Төрт бұрышынан мүйіз тәрізді шығып тұрған төрт шошақ үстелмен біртұтас болды. Үстел соңынан қоламен қапталды.
3
Оның мына құрал-саймандарының бәрі қоладан жасалды: күлсалғыштар, қалақтар, (қан бүркуге арналған) тостағандар, шанышқылар және шоқ салатын табалар.
4
Ұсталар отқа арналған торды да қоладан жасады. Оны үстел қабырғаларының ортасына дейін жететіндей етіп астынан, ішкі жағынан орналастырды.
5-7
Олар қола шығыршықтар құйып, соларды қола тордың төрт бұрышына бекітті. Аққарағаннан жасалып, қоламен қапталған сырықтар сол шығыршықтарға кіргізілді. Құрбандық үстелін көтеріп алып жүрген кезде сырықтар оның екі бүйірінде болды. Осылай үстел қоламен қапталған тақтайлардан іші қуыс етіліп құрастырылды.
Дәу қазан және аула
8
Кездесу шатырының кіреберісінде жиналып, ғибадат ететін әйелдер қола айналарын Тәңір Иенің жолына бағыштаған болатын. Сол айналардан тазару рәсіміне арналған қола қазан мен оның қола тұғыры жасалды.
9-11
Мұнан кейін Беселиел киелі шатырдың ауласын жіңішке зығыр жіптен тоқылған перделермен қоршатты. Ауланың оңтүстік және солтүстік жақтарының ұзындығы жүз шынтақтан болды. Осы екі жақтың перделерін іліп қою үшін жиырма қола тағанға орнатылатын жиырма бағанадан әрі сол бағаналарды байланыстыратын күміс ілгіштер мен сырықтар жасалды.
12
Ауланың батыс жағының ұзындығы елу шынтақ болып, перде он тағанға орнатылатын он бағанаға ілініп қойылатын болды. Солардың да күміс ілгіштері мен сырықтары бар еді.
13
Ауланың кіреберісі орналасқан шығыс жағы да елу шынтақ болды.
14-15
Кіреберістің екі жағындағы перделердің ұзындығы он бес шынтақтан еді. Әр перде үш тағанға орнатылған үш бағанаға ілінетін болды.
16
Аула айналасындағы барлық перделер жіңішке зығыр жіптен тоқылды.
17
Бағаналардың үстіңгі иықтары күміспен қапталды. Бағаналарға арналған тағандар қоладан құйылып, ілгіштер мен перделер ілінетін сырықтары күмістен жасалды. Бүкіл бағаналар бір-бірімен сол күміс сырықтар арқылы байланыстырылды.
18
Ал аула кіреберісінің пердесі қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден түрлі өрнектермен кестеленіп тоқылды. Оның ұзындығы жиырма шынтақ, биіктігі аула перделерінікі сияқты бес шынтақ еді.
19
Қола тағанға орнатылған төрт бағана күміс ілгіштерімен, сырықтарымен бірге дайындалды. Перде соларға ілінетін болды. Бағаналардың үстіңгі иықтары күміспен қапталған еді.
20
Ауланы қоршаған бағаналар мен киелі шатырдың өзін бекітуге қажетті күллі қазықтар қоладан жасалды.
Жұмсалған заттардың мөлшері
21
Келісімнің айғақтары сақталатын киелі шатырды дайындауға жұмсалған заттардың есебі төменде берілген. Мұсаның бұйрығы бойынша леуіліктер діни қызметкер Һарон ұлы Ітамардың басшылығымен осы есепті жүргізді.
22
Яһуда руынан шыққан Ұри ұлы, Һұр немересі Беселиел Жаратқан Иенің Мұсаға тапсырғандарының бәрін де жүзеге асырды.
23
Оның көмекшісі Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияп болды. Ол зергер, өрнектер ойлап шығаратын көркемдеуші, сондай-ақ қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптермен кесте тоқитын тоқымашы еді.
24
Жаратқан Иеге тербеп ұсынылған тартулардан киелі шатырдың күллі жұмыстарына жұмсалған алтынның барлық мөлшері жиырма тоғыз ат басындай және жеті жүз отыз ресми мысқал болды.
25
Қауымның санаққа енгендерінен жиналған күміс мөлшері бір мың жеті жүз жетпіс бес ресми мысқал болды.
26
Санаққа енген, жасы жиырмаға толған не одан асқан барлығы алты жүз үш мың бес жүз елу ер адам еді. Олардың әрбіреуі бір бекадан күміс берді. Бека — ресми мысқалдың жарты мөлшері.
27
Жүз ат басындай күміс киелі шатыр мен перделерге арналған бағаналардың жүз тағандарын құюға кетті, әр тағанға бір ат басындай күмістен.
28
Бір мың жеті жүз жетпіс бес мысқал күміс бағаналардағы ілгіштер мен сырықтарды жасап, бағаналардың үстіңгі иықтарын қаптауға жұмсалды.
29
Тәңір Иеге тербеп ұсынылған қола тартудың салмағы жеті жүз ат басындай және екі мың төрт жүз мысқал болды.
30
Осы қоладан кездесу шатырының кіреберісіндегі бағаналардың тағандары, құрбандық үстелі мен оған қажетті құрал-саймандар жасалды.
31
Сонымен қатар киелі шатырдың ауласының айналасы мен кіреберісіндегі бағаналардың тағандары, шатырдың өзінің және күллі ауласының бағаналарын бекітуге қажетті күллі қазықтары да сол қоладан жасалды.