Мысырдан шығу 33
1
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып, былай деп бұйырды: «Өзің және Мысырдан бастап алып шыққан халқың бұл жерді тастап, әрі қарай жүріңдер! Мен «өз ұрпақтарыңа табыстаймын» деп Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа уәде еткен елге көшіп барыңдар.
2
Сенің алдыңда жүріп отыратын періштені жіберемін, әрі қанахандықтар, аморлықтар, хеттіктер, перездіктер, хевтіктер және ебустіктерді сол елден қуып шығамын.
3
Періштем сендерді ағы мен балы ағыл-тегіл сол жерге бастап алып барады. Бірақ Өзім араларыңда жүріп бірге бармаймын. Сендер тоң мойын қыңыр халықсыңдар, сондықтан сендерді жолшыбай қырып тастауым қажет болар еді».
4
Мұндай қатты сөздерді естіген халық зар еңіреп, ешқайсысы да әшекейлерін тақпады.
5
Себебі Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырған болатын: «Исраилдіктерге мынаны айт: Сендер тоң мойын қыңыр халықсыңдар. Мен араларыңда бір-ақ сәт бірге жүретін болсам, сендерді жоқ қылуым қажет болар еді. Қазір әшекейлеріңді шешіп тастаңдар. Ал Мен сендермен не істеуді ұйғарамын».
6
Сондықтан исраилдіктер Хориб тауында әшекейлерін шешіп тастап, енді қайтып тақпайтын болды.
Мұсаның Құдаймен кездесетін шатыры
7
Ал Мұса (бұдан былай) ел қонысынан тыс, одан алысырақ жерде шатыр тігіп, оны кездесу шатыры деп атады. Жаратқан Иенің еркін сұрап білгісі келген әркім қоныстан шығып, осы шатырға баратын.
8
Мұса кездесу шатырына беттеген сайын, бүкіл халық үйлерінің есіктерінің алдынан ол шатырға кіріп кеткенге дейін артынан қарап тұратын.
9
Мұса шатырға кіргенде, бұлт бағанасы төмен түсіп, шатыр алдына орналасатын. Сол кезде Жаратқан Ие Мұсамен тілдесетін.
10
Бұлт бағанасын шатыр есігінің алдынан көрісімен-ақ, күллі халық орындарынан көтеріліп, әркім өз шатырының кіреберісінен Құдайға иіліп ғибадат ететін.
11
Жаратқан Ие Мұсамен адамның жақын досымен бетпе-бет сөйлескеніндей сөйлесетін. Мұса кейінірек ел қонысына қайтып оралатын, ал оның жас көмекшісі Нұн ұлы Ешуа кездесу шатырының қасынан кетпейтін.
Құдайдың Мұсаға нұрлы салтанатпен аян беруі
12
Бірде Мұса Жаратқан Иеге жалбарына тіл қатып:
— Я, Ием, Сен маған: «Халықты сол елге өрлетіп бастап алып жүр» деп келесің. Бірақ менімен бірге кімді жіберетініңді білдірген жоқсың. Алайда Маған: «Есіміңді жадымда сақтап сені жақыннан танимын және саған ризамын» деген едің ғой.
13
Егер де маған риза болсаң, (бізді жүргізетін) өз жолдарыңды білдіре гөр. Сонда мен Өзіңмен тығыз байланыста тұрамын, келешекте де Сенің рақымың маған түсетін болады. Мына ұлттың Өзіңнің таңдап алған халқың екенін есіңнен шығара көрме, — деді.
14
Жаратқан Ие:
— Өзім бірге барып жар болып, жаныңа тыныштық сыйлаймын, — деп жауап қайырды.
15
Сонда Мұса былай деп өтінді:
— Егер Өзің бірге барып жар болмасаң, бізді бұл жерден уәделі елге апара көрме.
16
Маған және өз халқыңа Сенің рақымыңның түсіп тұрғанын қайдан біле аламыз? Өзіңнің бізбен бірге жүргеніңнен емес пе? Мені және халқыңды жер бетіндегі басқа күллі халықтардан ерекше қылып ажырататын соның өзі ғой.
— Жарайды, сенің сұрағаныңды орындаймын. Өйткені Мен саған ризамын, сені жақыннан танимын да, — деп уәде берді.
— Ендеше маған Сенің нұрлы салтанатыңды көрсете гөр, — деп өтінді.
19
Жаратқан Ие оған былай деп жауап қайтарды:
— Мен сенің алдыңнан бүкіл игілігімді өте шығатын етіп, қасыңда «Жаратқан Ие» деген есімімді атап шақырамын. Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейірімімді шашамын.
20
Бірақ бет-жүзімді көруіңе болмайды, өйткені оны көрген пенде тірі қалмайды. —
21
Бұдан кейін Жаратқан Ие сөзін жалғастырып былай деді: — Алайда, міне, қасымда бір орын бар: мына жартаста тұр.
22
Менің нұрлы салтанатым жаныңнан өтіп бара жатқан кезде сені жартастың жарығына тұрғызып, Өзім қасыңнан өтіп кеткенше алақаныммен көлегейлеймін.
23
Содан кейін қолымды аламын, сонда Мені ту сыртымнан көре аласың. Ал бет-жүзімді ешкімнің көруіне болмайды.