Мысырдан шығу 30
Хош иісті заттарды түтету үстелі
1
Хош иісті заттарды өртеп түтету үшін аққараған ағашынан арнайы үстел жасат.
2
Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір, биіктігі екі шынтақтан болсын, әрі (төрт бұрышының үстіңгі жағынан) мүйіз сияқты шығып тұрған шошақтарымен біртұтас жасалсын.
3
Үстелдің бетін, бүкіл жақтаулары мен шошақтарын да саф алтынмен қаптатып, бетін айналдыра алтын ернеумен жиектет.
4
Ернеудің астына, үстелдің қарама-қарсы екі жағына екі-екіден алтын шығыршықтар орнат. Соларға үстелді көтеріп алып жүретін сырықтарды кіргізу керек.
5
Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталсын.
6
Үстелді Келісім сандығының және оның үстіндегі қақпақтың қарсы алдындағы шымылдықтың алдына қойғыз. Сол жерде Мен сенімен кездесетін боламын.
7
Һарон күн сайын таңертең шамдарды реттеп дайындаған кезде үстелдің үстінде хош иісті заттарды түтетуі керек.
8
Ымырт жабыла шамдарды жаққан кезде де Һарон сондай тартуды түтетіп ұсынуға тиіс. Бұл — келер ұрпақтарыңның да Жаратқан Ие алдында тұрақты орындайтын түтету рәсімі.
9
Осы үстелдің үстінде басқа ешқандай тарту: не (Тәңір Иеге бағышталмаған) бөтен хош иісті зат, не шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық, не астық тартуын ұсынбаңдар, сұйық тартулар да оның үстіне құймаңдар!
10
Һарон жылына бір рет күнәнің құнын өтеу үшін шалынған құрбандықтың қанын түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, осылайша үстелді күнәнің арамдығынан тазартсын. Бұл рәсімді келешек ұрпақтарың да жыл сайын орындауға тиіс. Себебі түтету үстелі Жаратқан Иеге толықтай бағышталған, ерекше киелі.
Киелі шатыр үшін төленетін жан басы салығы
11
Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
12
— Исраилдің ер адамдарын түгендеп санап жатқан кезде санаққа кірген әркім өз өмірі үшін Жаратқан Иеге жан басы салығын төлесін. Сонда олар санақтан өткенде індетпен жазаланбайды.
13
Санақтан өтіп жатқан әр адам салмағы жарты мысқал (күмісті) Жаратқан Иеге тарту ретінде бағыштасын. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын, киелі орында қолданылатын ресми өлшем.
14
Жасы жиырмаға толған не одан асқан әрбір ер адам Жаратқан Иеге осындай сый-тарту ұсынуға тиіс.
15
Жан басы үшін Жаратқан Иеге арнап төленетін осы төлем бай үшін жарты мысқалдан артық болмасын, кедей үшін одан кем де болмасын.
16
Исраилдің ер адамдарынан жан басы салығын қабылдап, кездесу шатырының қажетіне жарат. Осылай сендердің жеке бастарың үшін төлеген осы төлемдерің Жаратқан Ие алдындағы естеліктерің болмақ.
Жуыну рәсіміне арналған қазан
17
Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
18
— Жуыну рәсімі үшін қоладан қазан жасатып, қола тұғырға орнатқыз. Қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің екі ортасына қойып, ішін суға толтырт.
19
Осы сумен Һарон мен ұлдары аяқ-қолдарын жуып тазартсын.
20
Олар кездесу шатырына кіргенде немесе құрбандық үстелінің жанына жақындап, Жаратқан Иеге арналған тартуларды өртеп ұсыну қызметін атқарғанда өліп қалмаулары үшін, алдымен осы тазару рәсімін орындасын!
21
Олар аяқ-қолдарын жуып тазартуға тиіс. Егер олай етпесе, өлім құшады. Бұл — Һарон мен оның келер ұрпақтарына арналған тұрақты ереже.
Киелі үй қызметіне кірісу рәсіміне арналған хош иісті май
22
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
23
— Өзің ең таңдаулы хош иісті мына нәрселерді: сұйық мүр шайырынан бес жүз мысқал, жұпар иісті дәмқабық пен хош иісті қамыс тамырының өзегін екі жүз елу мысқалдан, яғни мүр шайырының жарты мөлшерінен, дайындап ал.
24
Бұларға дәмқабық ағашының кептірілген гүлдерінен бес жүз мысқал да қос. Осы мөлшерлер киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша болсын. Және он бес қадақ зәйтүн майын да ал.
25
Киелі шатырдағы қызметке кіріскен кезде адамдар мен заттарға май жағу рәсімін жасау үшін арнайы шеберлер бұл заттарды келіде түйіп, араластырып, хош иісті май қоспасын дайындасын.
26
Осы қоспаны кездесу шатыры мен Келісім сандығына,
27
үстел мен оған қатысты ыдыстарға, шам қойғыш пен оған қажетті бұйымдарға, түтету үстеліне,
28
құрбандық өртелетін үстел мен оның құрал-саймандарына және жуынатын қазан мен тұғырына май жағу рәсімін жасағанда қолдан.
29
Солай етіп осы аталғандарды Маған түгелдей бағышта, олар ерекше киелі болады. Соларға жанасқан әр нәрсе және әрбір адам да Маған бағышталып, меншігіме айналады.
30
Һарон мен ұлдарына да май жағу рәсімін орындап, оларды Менің қызметіме бағыштап, Өзімнің діни қызметкерлерім етіп тағайында.
31
Исраил халқына мына сөздерімді жеткіз: Тағайындау рәсіміне арналған бұл май қоспасы Маған ғана арналған. Келер ұрпақтарың да оны тек осылай қолдануға тиіс.
32
Осы хош иісті май қоспасын басқа адамдардың денесіне жағуға да, өздеріңе қолдану үшін сондай құрамдағы қоспаны жасауға да болмайды. Ол тек Маған ғана арналған, оны киелі деп санаңдар!
33
Кімде-кім осындай май қоспасын өзі жасайтын болса немесе қолдануға болмайтын басқа біреуге жақса, сол адамды халқының арасынан аластату қажет.
Түтетілетін хош иісті тарту
34
Жаратқан Ие Мұсаға тағы мынаны бұйырды:
— Әрқайсысынан бірдей мөлшерде етіп мынадай хош иісті заттарды дайындап ал: жұпар иісті шайыр тамшылары, қабыршақ, халбан шайыры, хош иісті дәмдеуіштер және таза ладан шайыры. Осы хош иісті заттардың әрбіреуінен бірдей мөлшерде ал.
35
Арнайы шеберлерге солардан жұпар иісті түтету қоспасын жасат: ол тұзбен араластырылып, таза да киелі болсын.
36
Түтету қоспасының біразын ұнтақтап, кездесу шатырының ішіне, Мен өзіңмен кездесіп, Саған сөзімді арнайтын орынға, яғни Келісім сандығының қарсы алдына, қой. Оны тек Маған ғана бағышталған ерекше киелі деп есептеңдер!
37
Осындай құрамда өздеріңе хош иісті түтету қоспасын жасамаңдар! Оны жалғыз Жаратқан Иеге ғана бағышталған киелі деп санаңдар!
38
Кімде-кім өзі үшін түтетуге осындай қоспаны жасаса, сол халқының арасынан аластатылуға тиіс.