Мысырдан шығу  23
Әділдік және мейірімділік
1
Құр лақап таратпа!
Жалған куәгер болып әділетсіз адамға қол ұшын берме!
а
2
Көпшілікке еріп те зұлымдық жасама! Даулы мәселеге куәлік келтіргенде көпшіліктің ықпалымен шындықты бұрмалама!
3
Кедейдің де қисық ісін дауда қолдама!
4-5
Біреудің адасып жүрген мүйізді ірі қарасына не есегіне тап болсаң, оны міндетті түрде иесіне айдап апарып бер! Біреудің есегі жүгінің ауырлығынан жығылып, тұра алмай қалғанын көрсең, оны сол күйінде қалдырып кетпе; жүгін түсірісіп, дұрыстап теңдеуге көмектес! Малдың иесі сені жек көретін дұшпаның болса да, солай істеуге тиіссің.
6
Араларыңдағы мұқтаж адамның даулы мәселесін теріс шешпе!
7
Әділетсіз айыптаудан аулақ жүр; кінәсізді әрі әділді өлімге бұйырма! Мен зұлымдық жасағанды ақтамаймын.
8
Пара алма! Себебі пара көрегеннің көзін соқыр қылады, әрі әділдің сөзін бұрмалайды.
9
Жат жұрттық адамға зорлық-зомбылық жасамаңдар! Жат жұрттық көңіл күйін жақсы ұғасыңдар, өйткені өздерің Мысыр елінде жат жұрттық болып тұрдыңдар емес пе?!
Демалыс пен тынығу жайлы
10
Алты жыл бойы жеріңе егін егіп, өнімін жина,
11
ал жетінші жылы оны өңдемей, тынықтыр! Халқыңның мұқтаждары содан шыққан өніммен күндерін көріп, одан қалғандарымен даланың аң-құстары қоректенсін. Жүзімдігіңмен және зәйтүн бақтарыңмен де солай істе.
12
Алты күн жұмысыңды істеп, жетінші күні демал! Сонда өгізің мен есегің тынығып, қызметшілерің де, жат жұрттық адамдарың да демалсын.
Жыл сайын өткізілетін үш мейрам
13
Өздеріңе айтқандарымның бәрін де орындаңдар!
Басқа тәңірлерге сиынбаңдар, олардың аттары ауыздарыңнан еш шықпасын!
14
Маған арнап жылына үш мейрам өткізіңдер:
15
Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзім бұйырғандай, жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Мұны (көктемнің) абиб айының белгіленген мезгілінде өткізіңдер, себебі Мысырдан сол айда көшіп шыққан едіңдер.
Ешкім Менің алдыма құр қол
ә
келмесін!
16
Далаға еккендеріңнің бастапқы өнімдерін жинағанда Алғашқы өнім мейрамын
б
тойлаңдар!
(Ауылшаруашылық) жылының аяғында, яғни сендер егістіктерің мен бау-бақшаларыңда өнім жинайтын мезгілдеріңде, Сабантой мейрамын
в
өткізіңдер!
17
Барлық ер адамдарың жылына үш рет Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс.
18
Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар!
Мейрамға шалынған құрбандықтың майы таң атқанша қалып қоймасын!
19
Жерлеріңнен алғаш шыққан өнімдердің ең жақсыларын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне алып келіңдер!
Лақтың етін енесінің сүтіне пісірмеңдер!
г
Құдайдың өз халқын жүрген жолдарында қолдауы
20
Тәңір Ие тағы былай деді:
— Тыңдаңдар. Мен сендерді жолда қорғап, Өзім дайындаған жерге алып баратын періштені алдарыңнан жіберіп отырмын.
21
Оны ренжітуден сақ болып, айтқандарына құлақ асып, оған қарсы қасарыспаңдар! Ол Менің атымнан әрекет ететіндіктен бас көтерулеріңді кешірмейді.
22
Ал егер оның тілін алып, Менің айтқандарымның бәрін орындасаңдар, онда Мен жауларыңның жауы болып, сендерге қарсы шыққандарға қарсы шығамын.
23
Менің періштем алдарыңнан жүріп отырып, сендерді аморлықтар, хеттіктер, перездіктер, қанахандықтар, хевтіктер және ебустіктердің қоныстанған жеріне алып барады, ал Мен соларды құртамын.
24
Олардың тәңірлеріне табынбаңдар, әрі істегендеріне еліктемеңдер! Қайта, олардың тәңір мүсіндерін талқандап, тас бағаналарын қиратыңдар.
25
Құдайларың Жаратқан Иеге қызмет етіңдер, сонда Ол нан-суларыңды жарылқап, мынадай уәде береді: Мен араларыңнан ауру-сырқау атаулыны қуамын.
26
Елдеріңде не түсік тастайтын, не құрсақ көтермейтін әйел заты әрі аналық мал болмайды. Мен сендерге толық мерзімді өмір сыйлаймын.
27
(Уәделі елге бет алған жолдарыңда) Мен алдарыңнан үрей тудырып, сендер тап болған әрбір халықты әбігерге түсіріп, барлық жауларыңды кері қашуға мәжбүрлеймін.
28
Мен алдарыңнан хевтіктер, қанахандықтар және хеттіктердің зәрелерін ұшыратын қорқынышты
ғ
жіберіп, оларды қуып шығамын.
29
Алайда жер елсіз қалып, далада сендерге зиян келтіретін аң-құстар көбейіп кетпес үшін Мен сол тайпаларды бір-ақ жылда қуып шықпаймын.
30
Сендер өсіп-өніп, сол елді иемденіп алғанша оларды алдарыңнан біртіндеп қуып шығып отырамын.
31
Қамысты теңізден
д
бастап, філістірлер жағалай мекендеген Жерорта теңізіне дейін, Негев даласынан Евфрат өзеніне дейін шекараларыңды орнатамын. Сол жердің тұрғындарының билігін саған беремін, оларды қуып шығатын боласың.
32
Солармен де, олардың табынатын тәңірлерімен де ымыраласпаңдар!
33
Сендерді Маған қарсы күнәға батырмас үшін олар елдеріңде бірге тұрмауға тиіс. Әйтпесе солардың тәңірлеріне құлшылық етіп, күнәнің торына түсесіңдер.

а  20:16; Леу 19:11-12; Заң 19:16-21.

ә  Яки: құрбандық немесе өзге сый-тартусыз.

б  Яки: Елуінші күн (немесе: Жеті апта) мейрамын (34:22; Рул 28:26).

в  Яки: Күркелер мейрамын. (Ауылшаруашылық әрі азаматтық күнтізбеге сәйкес жылдың аяғы қыркүйек-қазан айларына келетін.)

г  Бұл әдет жергілікті халықтардың жалған тәңірлеріне табыну рәсімдеріне қатысты болды (23:32-33; 34:15-16,26).

ғ  Немесе: есекараны. (Есекара солтүстік Мысыр патшалығының таңбасы болатын. Мысыр әскері Қанахан жеріне жиі шабуыл жасайтын.)

д  Яки: Қызыл теңізден.