Мысырдан шығу  18
Мұсаның қайын атасының төрешілер тағайындау жайлы кеңесі
1
Мұсаның қайын атасы, Мадиян еліндегі діни қызметкер Етор Құдайдың Мұса және оның халқы үшін істегендерінің бәрі туралы түгел естіп білді. Ол, әсіресе, Жаратқан Иенің исраилдіктерді Мысырдан құтқарып алып шыққаны жөнінде хабар алған еді.
2
Мұса әйелі Сипораны қайын жұртына қайтарып жіберген кезде
а
Етор қызын екі ұлымен жылы қабылдаған болатын.
3
Тұңғыш ұлын Мұса Гершом (яғни «Сол жерде кірме») деп атап, «Мен жат жерде кірме болдым», — деген еді.
4
Екіншісінің атын — Елиезер («Қолдаушым — Құдай») деп атап, «Әкемнің сиынған Құдайы Қолдаушым болып, мені перғауынның семсерінен қорғап қалды», — деп бекіткен еді.
5
Енді Мұсаның әйелі мен ұлдарын ерткен қайын атасы айдалада Құдай тауының беткейінде
ә
орналасқан Мұсаға келіп,
6
былай деп хабар жіберді: «Мен, қайын атаң Етор, әйелің, екі ұлыңмен саған келе жатырмыз».
7
Мұса қайын атасының алдынан шығып, бас иіп тағзым етіп, бетінен сүйді. Аман-саулық сұрасқаннан кейін олар шатыр ішіне кірді.
8
Мұса қайын атасына Жаратқан Иенің Исраилдің игілігі үшін перғауынға және мысырлықтарға істегендерінің бәрін айтып берді. Оған, сондай-ақ, халықтың жолшыбай көрген алуан түрлі ауыртпалықтарын және Жаратқан Иенің олардан құтқарғаны жайлы түгелдей баяндап берді.
9
Етор Жаратқан Иенің Исраилді мысырлықтардың зорлық-зомбылығынан құтқарғанына және оған жасаған бүкіл жақсылықтарына қатты қуанып:
10
«Жаратқан Ие мадақталсын, Ол сендерді перғауынның қолынан құтқарған, өз халқын Мысырдың қаналуынан босатқан!
11
Енді мен нық білемін: Жаратқан Ие барлық тәңір атаулыдан ұлы! Олар Исраилге қарсы
б
көтерілгенде Ол Өзінің құдіретінің басым екенін көрсетті», — деді.
12
Етор құрбандыққа мал шалып, бірқатарын Құдайға арнап түгелдей өртеп жіберді. Һарон және Исраилдің күллі рубасылары да келіп, Мұсаның қайын атасымен Құдай алдында құрбандық асынан жеді.


13
Келесі күні Мұса халыққа төрелік ету үшін арнайы орнына отырды. Таң атқаннан кешке дейін оның алды босамады.
14
Мұсаның халық үшін істегендерінің бәрін көрген қайын атасы оған:
— Сен халыққа не істеп жатырсың? Неліктен жалғыз өзің төрелік етіп отырсың, ал күллі жұрт таң атқаннан кешке дейін айналаңды босатпай жатыр? — деді.
15
Мұса оған:
— Халық маған Құдайдың еркін білу үшін келеді.
16
Екі кісі бір-бірімен дауласса, маған келеді. Мен оларға Құдайдың ережелері мен заңдарын
в
айтып, соларға сай дауларын шешіп беремін, — деп жауап қайтарды.
17
Ал қайын атасы:
— Сенің бұлай істеуің жақсы емес.
18
Өзіңді де, жаныңдағы халқыңды да қажытасың. Бұл іс саған өте қиын, жалғыз өзің мұны орындай алмайсың.
19
Сол үшін де сөздеріме құлақ сал, саған ақыл-кеңес берейін, Құдай өзіңе жар болсын! Сен халқыңның Құдай алдында тұратын өкілі
г
болып, даулы мәселелерді Оған ұсын.
20
Еліңе Құдайдың ережелері мен заңдарын үйретіп, олардың жүруге тиісті тура жолын және атқаруға тиісті міндеттерін нұсқа.
21
Сонымен қатар бүкіл халықтың арасынан қабілетті бірсыпыра адамды таңдап ал. Олар Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынатын адал, әрі арам табыстан бойын аулақ ұстайтын болулары қажет. Солар мың, жүз, елу және он адамға басшылық жасап,
22
әрдайым халыққа төрелік етсін. Осы төрешілер бүкіл күрделі мәселелерді саған жолдап, ал жеңіл-желпілерін өздері шешіп отырсын. Сонда олар міндетіңнің жүгін бірге көтерісіп, саған жеңілірек болады.
23
Егер осыны істесең және Құдай бұйыртса, сен міндетіңнің қиындығына төтеп беріп, бұл халық та аманшылықпен жөндеріне кетеді.
24
Мұса қайын атасының ақылын қабыл алып, айтқандарын түгел орындады.
25
Ол бүкіл Исраил қауымынан қабілетті адамдарды таңдап, оларды мың, жүз, елу және он адамға басшылық етуге тағайындады.
26
Осы адамдар әрдайым халыққа төрелік етіп, күрделі мәселелерді Мұсаға жолдап, ал жеңіл-желпілерін өздері шешіп отырды.
27
Мұнан кейін Мұса қайын атасын жолға шығарып салып, ол еліне қайтып кетті.

а  Сипора 4:24-26-да баяндалған оқиғадан кейін өз жұртына кетіп қалса керек. Сипораның аты Сепфора не Сапура деп те дыбысталады.

ә  Яғни Хориб (Синай) тауының беткейінде (3:1,12; 4:27; 24:13).

б  Немесе: Оған қарсы.

в  Яки: Құдайдың жарлықтары мен (Таураттағы) тағылымын (Заң 4:5; 5:1; Жыр 118:2,7).

г  Яки: халқыңның Құдаймен екі арада жүруші уәкілі.