Мысырдан шығу  16
Аспаннан жауған нан және жерге қаптап қонған бөденелер
1
Исраил үрім-бұтағының бүкіл қауымы Елимнен шығып, сол жер мен Синай тауының арасындағы Син атты елсіз далаға
а
 барды. Бұл Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі екінші айдың он бесі күні болатын.
2
Сол айдалада күллі қауым Мұса мен Һаронға қарсы наразылық білдіріп:
3
«Мысыр елінде Жаратқан Иенің қолынан өлгеніміз жақсы болған болар еді! Ол жерде етке толы қазанды айнала отырып, нанды тойғанымызша жеп жүрдік. Ал сендер бізді бүкіл қауымды аштан қатыру үшін осы шөл далаға бастап алып келдіңдер», — деп күңкілдеді.
4
Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып мынаны айтты: «Біліп қойыңдар, Мен сендерге аспаннан нан жаудырамын. Күн сайын халық далаға шығып, бір күндік тамағын жинап алсын. Осылай Мен олар нұсқауымды орындап жүр ме, жоқ па, соны сынаймын.
5
Аптаның алтыншы күні олар жинап алғандарын дайындап қойғанда ол басқа күндері жинағандарынан екі есе көп болмақ».
6
Содан Мұса мен Һарон бүкіл Исраил халқына былай деді: «Сендер бүгін кешке өздеріңді Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие екенін біліп мойындап,
7
әрі ертеңіне азанда Оның салтанатты ұлылығын көретін боласыңдар. Жаратқан Иеге қарсы күңкілдегендерің Оның құлағына шалынды. Себебі сендер бізге қарсы наразыланып күңкілдейтіндей біз кім едік? —
8
Мұса оларға тағы да: — Сендерге кешке ет, таңертең тойдырып нан беретін Жаратқан Иенің Өзі болады. Оған қарсы күңкілдерің Оның құлағына жетті. Ал біз сонша кімбіз? Сендер бізге емес, Жаратқан Иеге наразылық білдіріп тұрсыңдар!» — деді.
9
Сонан кейін Мұса Һаронға: «Исраил халқының бүкіл қауымына былай де: Келіп, Жаратқан Иенің алдына тұрыңдар! Себебі сендердің наразылықтарың Оның құлағына жетті», — деді.
10
Һарон осыны исраилдіктердің бүкіл қауымына айтып жатқанда-ақ олар айдалаға қараса, міне, нұрлы бұлттың ішінен Жаратқан Иенің айбынды салтанаты көрінді.
11
Иеміз Мұсаға тіл қатып:
12
«Мен исраилдіктердің наразы күңкілін естідім. Оларға былай де: кешке ет жеп, ертеңіне азанда нанға тоятын боласыңдар. Сонда Менің өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Ие екенімді ұғынып білесіңдер», — деді.


13
Сол кеште-ақ бөденелер ұшып келіп, халықтың қоныстанған жеріне қаптап қонды. Ал ертеңгісін азанда айналаны шық басып жатты.
14
Шық кепкен кезде оның орнында айдалада қырау тәрізді ақ, нәзік қабыршақтар қалды.
15
Исраилдіктер мұны көргенде оның не екенін білмей, бір-бірінен: «Ман һу?» яғни «Бұл не?»
ә
— деп сұрасты. Мұса оларға түсіндіріп: «Бұл — Жаратқан Иенің сендерге жеуге берген наны.
16
Жаратқан Ие мынаны әмір етті: Әрқайсыларың өздеріңе керегінше теріп, үй іштеріңдегі әрбір жан басына бір тегештен
б
толтырып жинап алыңдар!» — деді.
17
Исраилдіктер солай істеп, біреуі көп, біреуі аз жинады.
18
Ал тегешпен өлшеген кезде көп жинаған кісіден артылған жоқ, аз жинаған мұқтаж да болған жоқ. Әркім өзінің жеуіне қажетінше жинапты.
19
Мұса оларға: «Ешкім мұны ертеңге қалдырмасын!» — деп ескертті.
20
Алайда олар Мұсаны тыңдамай, кейбіреулері жинағандарынан келесі күнге қалдырып, ол құрттап сасып кетті. Сонда Мұса оларға қатты наразыланды.
21
Күн сайын таң ата әркім өзінің жегенінше жинап алатын болды. Күн қызған кезде қабыршықтар еріп кетіп отырды.
22
Ал жұма күні
в
олар екі есе көп, әр жанға екі тегенеден жинап алыпты. Сонда қауымның жетекшілері Мұсаға келіп, бұл туралы айтып берді.
23
Мұса оларға:
— Жаратқан Иенің айтқаны мынау: Ертең сенбі күні; Өзіме бағышталған демалыс күнін
г
сақтаңдар! Бүгін жинаған тамақтан өздеріңе қанша керек болса, сонша пешке жауып не суға пісіріп алыңдар, ал артылып қалғанын ертеңге сақтап қойыңдар, — деп жауап берді.
24
Халық Мұса тапсырғандай артылып қалған тамақты келесі күнге сақтап қойғанда ол не сасыған, не құрттаған жоқ.
25
Мұса оларға тағы былай деп қосты: «Бұл сендердің бүгін жейтін тамақтарың. Бүгін Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні. Бұл күні осы тағамды даладан таба алмайсыңдар.
26
Оны алты күн қатарынан жинайсыңдар, ал жетінші күн демалыс күні, сонда ол болмайды».
27
Дегенмен жұрттың кейбіреулері жетінші күні нан қабыршықтарын жинамақ болып далаға шыққанда ештеңе таппады.
28
Сонда Жаратқан Ие халыққа Мұса арқылы: «Сендер Менің бұйрықтарым мен нұсқауларымды орындаудан бас тартуларыңды қашан қоясыңдар?» — деген сөздерін жеткізді.
29
(Мұса оларға былай деп те ескертті:) «Сақ болыңдар, Жаратқан Ие сендерге демалыс күнін сыйлады. Сондықтан Ол сендерді жұма күні тамақпен екі күнге бір-ақ қамтамасыз етеді. Жетінші күні әркім тұрған мекенінде қалып, ешкім одан шықпасын!» —
30
Мұнан кейін халық жетінші күні демалатын болды.
31
Исраилдіктер сол нанды манна деп атады. Оның түсі көжекөк
ғ
шөбінің дәндері сияқты ақ, ал дәмі бал қосқан күлше нандай болды.
32
Мұса халыққа қарап: «Мынау Жаратқан Иенің берген тапсырмасы: бір тегешті маннаға толтырып, келер ұрпақтарың үшін сақтап қойыңдар! Олар да Менің сендерді Мысырдан алып шыққанымда айдалада қоректенуге берген нанымды көрсін», — деді.
33
Содан ол Һаронға: «Бір құмыраны алып, ішіне сол бір тегеш маннаны құй. Келер ұрпақтарға сақтау үшін құмыраны Жаратқан Иеге бағышталған орынға апарып қой», — деп тапсырды.
34
Кейінірек Һарон Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанын орындап, құмыраны Келісім сандығының ішіне, Келісім айғақтарының алдына
д
салып, сақтап қойды.
35
Исраил халқы өзінің тұрақтап мекендейтін жері — Қанахан елінің шегіне жеткенше қырық жыл бойы маннамен қоректенді.
36
Олар қолданып жүрген тегеш мөлшері гомер деп аталатын. Бір гомер — ефаның оннан бір бөлегі (яғни екі литр шамасы).

а  (17:1; Рул 33:11-12) Мысырдағы Синай түбегіндегі оңтүстік жағында.

ә  Түпнұсқадағы «Ман һу?» (Бұл не?) деген сұрақтан осы «манна» деген керемет тамақтың аты пайда болды (16:31).

б  Яки: жан басына бір гомерден. (Гомер сиымдылығы шамамен екі литрдей ыдыс болатын: 16:18,32,33,36.)

в  Яки: алтыншы күні. (Аптаның бірінші күні исраилдіктер үшін жексенбі болатын.)

г  20:8-11; Жар 2:3.

ғ  Яки: Кориандр (тамаққа салатын дәмдеуіш). Манна: 16:15.

д  Яки: (Он өсиет сияқты) Келісімнің ережелері жазылған екі тас тақташаның алдына (25:16,21; 40:20).