Мысырдан шығу 12
Исраилдіктердің құтқарылуға дайындалуы
1
Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға Мысыр елінде мына ережелерді табыстады:
2
— Бұдан былай осы ай сендер үшін айлардың басы, жылдың алғашқы айы болсын.
3
Исраилдің барлық қауымына мынаны айтыңдар: әрбір отағасы осы айдың оны күні жанұясы үшін бір тоқтыдан арнап бөлек қойсын.
4
Егер үй ішіндегі адамдардың саны бұл малдың етін толық жей алмайтындай аз болса, онда оны іргелес көршісімен бөліссін. Тоқтының үлкен-кішілігін оны қанша адамның жей алатындығына қарап анықтауларың керек.
5
Таңдап алған малдарың қойдың не ешкінің еш мінсіз, бір жылдық еркек төлі болсын.
6
Осы малды айдың он төртіне дейін бағып күтіп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күні кешке қарай Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын.
7
Олар тоқтының қанынан біраз алып, құрбандық асын ішейін деп отырған үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жақсын.
8
Сол түні олар тоқтының етін отқа қақтап, ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жеулері керек.
9
Оны не шикілей, не суға пісіріп жеуші болмаңдар, тұтастай бас-аяқтарымен, ішкі ағзаларымен қоса қақтаңдар.
10
Таң атқанша тоқтыдан ештеңе де артылып қалмасын. Егер қалып қойса, оны өртеп жіберу қажет.
11
Сендер тамақтанып жатқанда белдерің буулы, аяқкиімдерің киюлі, таяқтарың қолдарыңда болсын, тамақты тездетіп жеңдер! Бұл — Маған, Жаратқан Иеге, арналған Құтқарылу асы.
12
Сол түні Мен Мысыр елін аралап, ондағы адамның да, малдың да тұңғыштарын құртып, Мысырдың барлық тәңірсымақтарын әшкерелеп соттаймын. Себебі Мен Жаратқан Иемін!
13
Жағылған қан сендердің отырған үйлеріңді көрсететін белгі болады. Сонда қанды көріп, соқпай өтіп кетемін. Мен Мысыр елін қырғынға ұшыратып жатқан кезде сендер бұл күйретіп жатқан соққыдан түгелдей аман қаласыңдар.
14
Осы күн естеріңде қалсын. Бүкіл үрім-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар. Бұл мереке туралы ережені ұрпақтарың мәңгі берік сақтасын.
15
Жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Алғашқы күні-ақ үйлеріңнен ашытқы атаулыны шығарып тастаңдар. Осы апта ішінде ашытқымен дайындалған тамақ ішкен әркім Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс.
16
Бірінші және жетінші күндері Маған бағышталған жиналыстарың болсын. Сол екі күнде ешқандай жұмыс істемеңдер, тек жейтін тамақтарыңды дайындауларыңа ғана болады.
17
Осылай «Ашымаған нан мейрамын» берік сақтаңдар! Бұл күні Менің сендерді Мысырдан лек-лектеріңмен алып шыққанымды жыл сайын еске алып отырыңдар. Келешек ұрпақтарың да бұл ережені мәңгі берік ұстансын.
18
Бірінші айдың он төртінші күнінің кешінен бастап, жиырма бірінші күнінің кешіне дейін ашымаған нан жеңдер.
19
Сол жеті күн бойы үйлеріңде ашытқы болмасын. Кімде-кім, мейлі елде туған исраилдік, мейлі жат жұрттық адам болсын, осы аралықта ашытқымен дайындалған тамақ ішсе, сол Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс.
20
Қайда тұрып жатсаңдар да, сол күндері ешқандай ашыған тағам жеулеріңе болмайды, нанды ашытқысыз пісіріп жеңдер!
21
Содан Мұса Исраилдің күллі рубасыларын шақырып алып, оларға былай деді:
— Араларыңдағы әр отбасы үшін бір-бір тоқтыдан таңдап алып, Құтқарылу мейрамына арнап сойыңдар!
22
Бір байлам сайсағыз бұтақшасын құрбандықтың қаны жиналған ыдысқа малып алып, қанын есік жақтаулары мен маңдайшасына жағыңдар. Мұнан кейін таң атқанша ешқайсың да сыртқа шықпаңдар!
23
Сол кезде Жаратқан Ие Мысырды қырғынға ұшырату үшін бүкіл елді аралап жүрмек. Сонда Ол жақтаулары мен маңдайшаларына жағылған қанды көріп, сендердің есіктеріңнің қасынан өтіп кетеді де, құртушының үйлеріңе кіріп, өлтіруіне жол бермейді.
24
Бұл нұсқауды өздеріңе және келешек ұрпақтарыңа арналған ереже ретінде мәңгі берік сақтаңдар!
25
Жаратқан Ие сендерге табыстаймын деп уәде еткен елге кіргеннен кейін де осы рәсімді ұстануларың керек.
26
Балаларың: «Бұл не қылған рәсім?» деп сұраса,
27
оларға былай деңдер: «Бұл — Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамының құрбандығы. Жаратқан Ие мысырлықтарды қырғынға ұшыратқан кезде исраилдіктердің үйлеріне соқпай өтіп кетіп, бізді өлімнен аман алып қалды».
Мұны естіген халық Тәңір Иеге иіліп ғибадат етті.
28
Содан исраилдіктер үйлеріне барып, Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді.
Оныншы апат: мысырлық тұңғыштардың өлтірілуі
29
Сол күні түн ортасында Жаратқан Ие Мысырдағы барлық тұңғыштарды — тақта отырған перғауынның тұңғышынан бастап, түрмеде жатқан тұтқынның тұңғыш ұлына дейін және мал атаулының тұңғыш төлдерін де өлтірді.
30
Сол түні перғауын, оның күллі нөкерлері және барлық мысырлықтар да ұйқыларынан тұрды. Бүкіл Мысыр зарлы жоқтау жамылды, себебі өлім шықпаған бірде-бір үй болмады.
Исраилдіктердің азат етіліп, Мысырдан көшіп шығуы
31
Перғауын сол түні Мұса мен Һаронды шақырып алып:
— Жолға жиналыңдар! Исраилдің үрім-бұтағын ертіп алып, халқымның арасынан аулақ кетіңдер! Барып, өз сөздеріңе сай Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер!
32
Ірілі-ұсақты малдарыңды да өздерің айтқандай ала кетіңдер. Ал маған оң баталарыңды бере көріңдер, — деп өтінді.
33
Мысыр халқы да исраилдіктерге:
— Осы елден тезірек кете көріңдер, әйтпесе бәріміз де өліп қалармыз! — деп жалынып асықтырды.
34
Сонда исраилдіктер қамырларын ашытпастан ыдысымен бірге киімдеріне орап, иықтарына салып көтеріп жүрді.
35
Олар жолға шықпас бұрын Мұса мен Һаронның айтқандары бойынша мысырлықтардан күміс, алтын бұйымдар мен әсем киімдер сұрап алған болатын.
36
Жаратқан Ие мысырлықтарды Өзінің халқына мейіріммен қаратқандықтан, олар исраилдіктердің сұрағандарын түгел берді. Мысырдың байлығын исраилдіктер осылайша олжалады.
37
Сонымен Исраилдің үрім-бұтағы Рамсес қаласының маңынан Соқотқа қарай беттеді. Әйелдері мен балаларын есептемегенде шамамен алты жүз мың еркек жаяу жолға шықты.
38
Көптеген бөтен ұлттықтар да, сондай-ақ қора-қора ірілі-ұсақты малдары да бірге жүрді.
39
Жұрт алып шыққан ашымаған қамырларынан жолшыбай күлше нан пісірді. Мысырдан жедел кетуге мәжбүр болғандықтан, олар сапарға тіпті тамақ та дайындап үлгермеген болатын.
40
Исраилдің үрім-бұтағы Мысырда төрт жүз отыз жыл тұрды.
41
Осы мерзім біткен күні-ақ Жаратқан Иенің жасағы — Оның халқы лек-легімен Мысыр елінен шықты.
42
Бұл түні Жаратқан Иенің Өзі оларды Мысырдан алып шығу үшін сергек болып күзеткендіктен, осы түн Жаратқан Иеге бағышталған; оны Исраилдің барлық үрім-бұтағы мен келешек ұрпақтары да жыл сайын сергек болып ұйықтамай өткізуге тиіс.
Құтқарылу мейрамы жайлы нұсқаулар
43
Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деп нұсқау берді: «Құтқарылу мейрамының ережесі мынау: Арнайы мейрам асынан бірде-бір жат жұрттық ауыз тимейтін болсын.
44
Ал ақшаға сатып алған құлыңды сүндеттеген болсаң, онда оның жеуіне болады.
45
Бірақ араларыңда уақытша қоныстанғандар мен жалдамалы шетелдіктерге одан жеуге болмайды.
46
Құрбандық сол шалынған үйде желініп, еті ешқайда шығарылмасын! Оның ешбір сүйегі де сындырылмасын!
47
Бұл мейрамды бүкіл Исраил қауымы тойлауға тиіс.
48
Ал араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын тойлағысы келсе, алдымен сол адамның үйіндегі барлық еркек кіндіктілерін сүндеттеңдер. Сонда ол елдеріңнің жергілікті тұрғыны іспетті мейрам асына қатыса алады. Ал бірде-бір сүндеттелмеген адам одан ауыз тимеуге тиіс.
49
Жергілікті халық үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де заң біреу болмақ».
50
Сонымен барлық исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса мен Һаронға бұйырғанындай істеді.
51
Дәл сол күні Жаратқан Ие Исраилдің үрім-бұтағын Мысыр жерінен лек-легімен алып шықты.